Аймақтар • 13 Мамыр, 2021

Атырауда жемқорлық дерегін хабарлағандар қаржылай сыйақы алды

427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында сыбайлас жемқорлық дерегі туралы ақпарат берген 15 адам қаржылай сыйақы алған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда жемқорлық дерегін хабарлағандар қаржылай сыйақы алды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың ақпаратына қарағанда, қаржылай ынталандыру сыйақысы дәлелденген сыбайлас жемқорлық дерегі үшін ғана беріледі.  Былтыр сыбайлас жемқорлық деректері өңірдегі полиция, денсаулық сақтау, білім беру және құрылыс органдарында жиі анықталыпты.

«Мәселен, биылғы 22 наурызда сағат 16:45-те сенім телефоны арқылы Атырау теміржол стансасында желілік полиция бөлімі қызметкерлерінің бекіре тұқымдас балықтарды әкету дерегімен қылмыстық жауапкершілікке тартпас үшін 50 мың теңге көлемінде пара талап еткені туралы хабар түсті. Сол күні осы дерекке байланысты екі полиция қызметкері ұсталды. Кейін полиция қызметкерлері сотталды. Ал, хабар берген адамға 70 АЕК немесе 204 мың 190 теңге мөлшерінде ақшалай сыйақы берілді. Былтыр сыбайлас жемқорлық дерегі туралы хабарлағаны үшін 11 адам  1,8 млн теңгеден астам қаржылай сыйақы алды. Осы жылдың үш айында өңірдегі осындай хабарламалар үшін 4 адам жалпы сомасы 700 мың теңгеден астам сыйақыға ие болды», деді Айдос Мамыт.