27 Сәуір, 2010

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ ЕЛ АТАНУ – БҮКІЛӘЛЕМДІК ҰСТАНЫМ БОЛУЫ ТИІС

1162 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Вашингтонда әлемнің белді де беделді саясаткерлерінің қатысуымен өткен Ядролық қарусыздану жөніндегі саммитте дүние жүзіне ядролық қаруды таратпау және оның түйткілді тұстарын шешу жолдары кеңінен талқыланды. Жаһан және ядролық қауіпсіздік. Аталған саммитке қатысқан Қазақстан басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Ресейдің белгілі “Известия” газетінде “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіп­сіздік” деген тақырыппен мақаласы жария­лан­ды. Мақалада адамзатты ядролық қауіп-қатерден сақтау жолдары жан-жақты көрініс тапқан. Ядро­лық қауіп-қатердің небір түрін басынан ке­шірген Қазақстан үшін мұндай “тажалдан” дер ке­зінде құтылу, сондай-ақ, әлемді одан азат ету­ге үндеу – айрықша маңызға ие болары сөзсіз. Шығыс Қазақстандағы Семей полигонында 40 жыл ішінде 450-ге тарта сынақ жүзеге асы­рылды. Олардан 1,5 млн.-ға тарта адам зардап шекті. 1989 жылдың 29 тамызында Қазақстан басшысы ядролық полигонды жабу туралы Жарлық шығарып, әлеуеті жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту жөнінде үлкен шешім қабылдады. Бұл бастаманың тарих жылнамасында бұрын-соңды баламасы болмағанын мойындауымыз керек. Ал былтыр БҰҰ-ның 29 тамызды Қазақстанның бастамасы негізінде Ядролық сынақтарға қарсы тұру күні деп жариялауы осы үдерістердің заңды жалғасы іспетті. Десек те, Қазақстанның бұл мәселелердегі игі қадамдары тек мұнымен шектеліп отырған жоқ. Мәселен, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық саясатты жүйелендіретін тетіктерді қайтадан қарау жөнінде бастама көтеруде. Себебі, бүгінде қолданыста жүрген Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім-шарт негіздері тек ядоролық қаруы бар мемлекеттерге ғана қатысты әзірлен­ген. Сондай-ақ, бүгінде ол өзін толық деңгейде ақтай алмай отыр. Қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде бой көтеріп жатқан түрлі діни және саяси қақты­ғыс­тар адам төзгісіз террорлық әрекеттерге соқты­руда. Бұл өз кезегінде бейкүнә жандарға және олардың өміріне кері әсерін тигізуде. Ал егер сол терроршылардың қолына ядролық қару түскен жағдайда әлем қандай күйге түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты, яғни қарадай денең түршігеді. Қазіргі таңда әлемде әскери салада қол­дануға кел­мейтін, алайда, ядролық қаруды толықтай іске қо­суға таптырмайтын рөлі бар залалды заттар­дың 2 мың тоннасы шоғырланған екен. Ал бұған алаңда­тар­лық жәйт ретінде қарап, айрықша мән беретін кез келді. Қазақстан өз кезегінде Ресей, Қытай, Иран және Пәкстан секілді алып ядролық мемле­кет­тердің ортасында орналасқандықтан, әлем үшін қаупі ерен заттардың тасымалдануына қарсы тұруға бақылау жасауға толықтай мүмкіндігі бар. Сол себепті де, Н. Назарбаев Қазақстанда Ядро­лық қауіпсіздіктің халықаралық оқу орталы­ғы­ның негізін қалау жөнінде де ұсыныс айтқан бо­ла­тын. Бұл орталық Орталық Азияның экспорт­тық бақылау, ядролық заттарды физикалық жағынан қорғау жүйесін жетілдіру саласындағы мүмкіндігін күшейтуге де сеп болар еді. Бұл ретте Қазақстан басшысы ядросыз аймақтардың халықаралық құқықтық беделін тез арада айқындау мәселесін талқылауды да күн тәртібіне қоюда. Осы жерде мынаны есте сақтау қажет. Ол – ядросыз әлем мәселесін тек ядро­лық әлеуеті мен технологиясы бар халықтардың ғана көтермеу керектігі. Бұл барлық дүние жүзі елдерін толғандыруы қажет. Осы орайда Н. Назарбаев Ядросыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларацияның қабылдануы жөнінде бастама көтеріп отырғанын да атап айтқан орынды. Бұл Декларация дүние жүзінің барлық елдерін ядролық қарудан бас тартуға үндеу ретінде қабылдануы тиіс. Ядролық қауіпсіздік саласына бүкіл адам­заттық бақылау жүргізу кезінде халықаралық қоғамдастық энергетика мен жоғары техноло­гиялар төңірегіндегі жаһандық мәселелерді де назардан шығармауы қажет. Сол себепті Қазақ­стан ядролық терроризммен күрес жөніндегі жаһандық іс-шаралар мен бейбіт жолдағы атом бағдарламаларына деген халықаралық құқық арасындағы теңгерімділікті сақтау жөнінде маңызды ұсыныс айтуда. Өйткені, бейбіт өмірдің дамуын көздейтін ядролық бағдарламаларға деген құқық – кез келген тәуелсіз елдің құқығы. Мәселен, табиғи уран, технологиялар базасы, жоғары инфрақұрылымдар көп шоғырланған ел ретінде Қазақстан бейбіт жолдағы ядролық бағдарламаларды дамыту жөніндегі өз құқығын толықтай пайдаланатын болады. Қазақстан, сондай-ақ, барлық елдердің бейбіт атомға тең қолжетімділігі қағидатының жақтаушысы ретінде Ресей Федерациясымен бірлесіп, Ангарскіде уранды байыту жөнінде Халықаралық орталық құру ісіне белсене қатысуда. Бүгінде Қазақстан өз территориясында МАГАТЭ-нің қолдауымен ядролық отынның халықаралық “қоймасының” негізін қалау жөнінде де ірі бастамалар көтеріп келеді. Бұл өз кезегінде ядролық отынды сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қазақстан басшысының ядролық қарусыз­дану мәселесінде демократиялық тепе-теңдік қа­ғидаттарын тарату жөніндегі ауқымды бастама­лары да әлем елдерінің назарын өзіне аударуда. Тек осындай игі бастамаларды жаппай қолда­ғанда ғана әлемнің ірі және шағын мемлекеттері ядролық қарудан тек қауіпсіздік тірегін көруін тоқтатады. Сол арқылы ядролық қарудан азат ел атану идеясын ұстануға ұмтылады. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарусыздану мәселесін бастама ретінде көтерген кезде: “Біз­дің атомға қарсы барлық әлемдік қозғалыстарды қолдайтын және осы жолға үгіттейтін жетекші мемлекеттердің бірі болуымызға толықтай тарихи және морольдық құқықтарымыз бар. Мұндай жолға халқымыз тартқан ауыр зардап пен өлілердің рухы міндеттейді”, деген болатын. Бұл сөзге келіспеске болмайды. Польша баспасөз агенттігі.
Соңғы жаңалықтар