Аймақтар • 13 Мамыр, 2021

Елорданың жасыл белдеуінде қандай рекреациялық аймақтар ашылады

568 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Таза ауада демалу үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуінде ұзындығы 25 шақырымнан асатын веложол салынды, мұнда аялдамаларға 11 күрке-орын да қарастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елорданың жасыл белдеуінде қандай рекреациялық аймақтар ашылады

Веложол 2011-2016 жылдары елорданың жасыл белдеуінің оңтүстік-батыс бөлігі орамдарының аумағында салынды. Ол Қорғалжын тас жолынан басталып, елорданың жасыл белдеуінің «оңтүстік-батыс бөлігі» және «Талдыкөл жинақтаушы» учаскелерінің аумағы арқылы өтіп, Қарқаралы тас жолының жанында аяқталады.

Нысанның рекреациялық мүмкіндіктерін кеңейту үшін елорда әкімдігі оны дамыту жұмыстарын жүзеге асырады. Мәселен, екі жалға беру пунктінің, екі км жаяу жүргіншілер жолының, ұзындығы алты км кросс кантриінің, Қарқаралы тас жолы жағынан қосымша шағын веложол шеңберінің, түрлі спорт алаңдарының құрылысы және балалар ойын алаңдарын жайластыру жүргізілуде.

Сонымен қатар қалалық ипподромның жанында жасыл белдеу мен саябақтың сафари аумағында атпен жүру үшін ұзындығы 11 500 метр жолды жабдықтау жоспарлануда.

Мұндай көлемді жұмыс қолжетімді демалыс орындарын ұйымдастыру мақсатында жүргізіледі. Сонымен қатар құрылатын рекреациялық объектілер жасыл белдеу ландшафтын безендіріп, туризм мен демалысты ұйымдастыру үшін санитарлық-гигиеналық жағдайларды жақсартады.