Аймақтар • 13 Мамыр, 2021

ТЖД шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

744 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорданың су айдындарында жылда жаз мезгілінде жазатайым оқиғалар тіркеледі. Бұл көбіне жұрттың тыйым салынған орындарда шомылуы, су қоймаларының жанында алкоголь ішуі және балаларды қараусыз қалдыруы себепті болады. Елордалық ТЖ департаменті су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайтына сілтеме жасап.

ТЖД шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Белгіленбеген су орындары қауіпті. Себебі оның түбі зерттелмеген. Түбінде сынған әйнек, балық аулау торы, сым, арматура, тас секілді қауіпті заттар болуы мүмкін. Сондықтан мұндай орындарда шомылу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ өзендерде де шомылу қауіпті. Себебі өзеннің ағысы бар. Әсіресе жағадан ұзап кеткен адам үшін қауіпті. Жағалаудан неғұрлым алыс болса өзеннің ағысы су бетінде де, астында да қатты болады.

Сондай-ақ су құйылған тастанды қазаншұңқырлар да қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай орынға кіруге және ойнауға қатаң тыйым салынады. Арнайы жабдықталған жағажайлар қауіпсіз болып саналады.

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қауіпсіздік талаптарына сәйкес шомылуға арналған үш учаске бар. Атап айтқанда Орталық жағажай, «Три пескаря» және «Астаналық аула» демалыс аймағы. Қаладағы су айдындарының басқа учаскелері шомылуға жабдықталмаған және санкцияланбаған, мұндай жерлерде шомылуға болмайды.

Жыл сайын шомылу кезеңі басталар алдында тиісті қызметтер жағажайларды тексеруі тиіс. Шомылуға болатын арнайы шекарасы белгіленеді, балалар үшін шомылуға арналған жеке орындар жабдықталады. Құтқару құрал-жабдықтары және бақылау мұнаралары орнатылады.

Қауіпті жағдайлар әртүрлі болады. Бірақ себептері бірдей: өзінің жай-күйі мен қауіпсіздік ережелерін елемеу, яғни тыйым салынған жерлерде шомылу, ұзақ жүзу және суда ұзақ уақыт болу.

Балаларға қатысты жазатайым оқиға негізінен ересектердің қарауынсыз қалуынан, денесі құрысып қалғанға дейін салқын суда ұзақ шомылуынан болады. Сондай-ақ жүзе алмауы, қауіпті ойындар, арғы жағасына дейін жүзіп өтуге ұмтылуы және жүзе алмағандықтан түрлі заттармен жүзуі де қайғылы аяқталып жатады.

Су айдындарында мынандай әрекеттерге рұқсат етілмейді:
1) «Шомылуға тыйым салынады» белгілері орнатылған жерлерде шомылуға;
2) жүзу шекарасын белгілейтін белгілерден тыс жүзуге;
3) катерлерге және басқа да жүзу құралдарына жүзіп жетуге;
4) қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, қоршаулардан және басқа да орындардан суға секіруге;
5) осы мақсаттарға бейімделмеген орындарда спортпен айналысуға, оның ішінде спорттық ойындар ойнауға;
6) жалған дабыл қосуға;
7) су айдындарын ластауға, кір жууға, отын жаруға, шомылуға бөлінген орындарда 500 метрге дейін көлік жууға және жөндеуге;
8) шағын көлемді (оның ішінде ескекті) су көліктеріне кіруге және жағажайлар мен акватория учаскелерінде (адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кемелерді қоспағанда) маневр жасауға тыйым салынады;
9) су айдындарында қауіпсіздік белгілерін өз бетімен алып тастауға, бүлдіруге немесе орнатуға жол берілмейді;
10) алкогольдік және есірткілік масаң күйде шомылуға;
11) тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге;
12) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;
13) демалушыларға жарақат әкелуі мүмкін қоқысты жағалауда және шешінетін бөлмелерде қалдыруға;
14) су айдындарындағы қауіпсіздік белгілеріне шығуға;
15) балаларға ересектердің қарауынсыз суға түсуіне жол берілмейді.
Есіңізде сақтаңыз, өз қауіпсіздігіңіз өз қолыңызда!