Қасым-Жомарт Тоқаев осы норманы заң жүзінде бекіту туралы шешімді биылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында жариялаған болатын.
ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Тоқаев қол қойған құжатқа қатысты пікір білдірді.
«12 наурызда Президент тиісті заң жобасын Парламенттің қарауына арнайы жолдаған еді. Бұл – Президенттің заң шығару бастамашылығы бойынша әзірленген алғашқы заң жобасы. Сол арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салу туралы мәселені біржола шешкісі келетінін нақты көрсетті», деп жазды Ерлан Қарин.
Өткен аптада заң жобасы Парламентте егжей-тегжейлі және жан-жақты талқыланып, депутаттар мақұлдаған соң, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылды.
«Іс жүзінде Президенттің жер туралы заңы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктердің сатып алуына және жалға алуына тосқауыл қойды. Бұл биліктің түрлі дақпырт пен қауесетке берген нақты жауабы. Сондықтан, осы мәселе бойынша жұртты дүрбелеңге салуға бұдан былай еш негіз жоқтығына тағы да баса назар аударғым келеді», деп пікір білдірді Президент көмекшісі.