Спорт • 13 Мамыр, 2021

Азия чемпионаты: Қазақстан-Өзбекстан – 5:5

1436 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

21-31 мамыр күндері Бірік­кен Араб Әмір­лік­терінің (БАӘ) Дубай қаласында бокстан Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Негізі, бұл жарыс Нью-Делиде өтеді деп жоспарланған еді. Алайда Үндістанда коронавирус дертінің өршуіне байланысты аталған дода БАӘ-ге ауыс­тырылды. Сөйтіп, сары құрлықтың са­йып­қырандары Парсы шығанағында сайысқа түсіп, кім мықты екенін анық­тайды.

Азия чемпионаты:  Қазақстан-Өзбекстан – 5:5

Дубайдағы дүбірлі дода қар­саңында тарихқа жүгінуді жөн көріп отырмыз. Азия чем­пио­натының тұсауы 1963 жылы Таи­ландтың астанасы – Банг­кокта кесілді. Сол кезден бастап, 1992 жылға дейінгі аралықта аталған жарыстың жалауы 16 мәрте желбіреді. Бұл бәсекелердің дені Оңтүстік Корея құрамасының жеңісімен аяқталды. Корейлер сарапқа салынған бас жүлделердің түгелге жуығын олжалап, жалпы­командалық есепте 11 мәрте топ жарды. Жапония (1963, 1975) мен Таиланд (1973, 1991) құрамалары екі реттен теңдессіз деп танылса, тағы бір жарыста Иранның өрен­­дері алдарына жан салмады. Өзге мемлекеттің өкілдері қанша жанталасса да, жоғарыда аталған командаларға лайықты қарсылық көрсете алмады.

1994 жылы Азия чемпионатына қатысу кезінде Кеңес Ода­ғының құрамында болған бес мемлекет ниет білдірді. Сол кезден бастап Азия чемпионатындағы жағдай күрт өзгерді. Бұрындары көш бастап келген командаларға үйреншікті орындарын босатуларына тура келді. Себебі Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының қарқыны тым күшті болды. 1994-2019 жылдар аралығында өткен додаларда Қазақ елінің қырандары бес бірдей жарыста (1994, 1995, 2004, 2013, 2015) қарсылас шыдат­паса, «ала тақиялылардың» да нәтижесі дәл сондай (1999, 2002, 2007, 2017, 2019). Қытай (2009, 2011). Сондай-ақ Таиланд (1997) пен Пәкстан (2005) бір реттен үздік шықты. Енді сол жарыс­тарда жерлестеріміздің қалай өнер көрсеткені жайында әңгімелейік:

1994 жыл. Иранның астанасы – Тегеранда өткен Азия чемпионаты Қазақ елі құрамасының жарқын жеңісімен аяқталды. Даңқты бапкер Әбдісалан Нұр­маханов жетекшілік еткен жуан жұдырықты жігіттеріміздің арасынан Болат Жұмаділов (48 кило), Болат Ниязымбетов (63,5 кило), Нұржан Сманов (67 кило), Қанатбек Шағатаев (75 кило) және Аркадий Топаев (71 кило) же­ңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Сұлтан Әбдіразақов (51 кило) екінші орын алса, Ринат Тәнеков (54 кило), Нұрлан Қа­лыбаев (57 кило) және Василий Жиров (81 кило) үшінші сатыға жайғасты. Иран мен Таиланд қос алтынды қанағат тұтса, Оңтүстік Корея, Қытай және Индонезияға бір-бір бас жүлдеден бұйырды. Естеріңізге сала кетейік, ол кездері бәсекелер 12 салмақ дәрежесі бойын­ша өтті.

1995 жыл. Бұл жолы қазақ­тың қайсар ұлдары Ташкентті «тал­қандап» қайтты. Өзбекстанның бас шаһарында алты боксшымыз алтын медальды мойындарында жарқыратты. Олар – Болат Жұма­ділов (51 кило), Бектас Әбубәкіров (54 кило), Бақтияр Тілегенов (57 кило), Болат Ниязымбетов (63,5 кило), Ермахан Ыбырайымов (71 кило) және Василий Жиров (81 кило). Нұржан Сманов финалда ринг қожайыны Нариман Атаевтан ұтылып, күміс медальды қанағат тұтты. Айтулы додада өзбекстандықтар үш рет топ жарса, қалған үш бас жүлде Таиланд, Моңғолия және Иранның былғары қолғап шеберлеріне бұйырды.

1997 жыл. Малайзияның Куа­ла-Лумпур қаласына аттанған жі­гіт­теріміздің арасынан тек Нұр­жан Сманов (67 кило) пен Самат Мұ­сатаевтың (91 кило) асығы алшы­сынан түсті. Екеуі де финалда қар­сыластарын тас-талқан етіп ұтты. Үш жылға жуық үзілістен соң шаршы алаңға қайта оралған Аркадий Топаев (81 кило) бұл жарыста екінші орыннан аса алмады. Берік Мұратов (54 кило), Бақтияр Ходжиев (71 кило) және Андрей Шелудков (81 кило) үшінші са­тыға табан тіреді. Нәтижесінде, коман­далық есепте төртінші орынға сырғып түстік. Ма­лайзияда төрт мәрте жеңіс тойын той­лаған Таи­ланд құрамасы алға шықса, үш алтыны бар Өзбекстан мен Иран боксшылары үздік үштікті қо­рытындылады.

1999 жыл. Ташкент төрінде өт­кен жарыста ринг қожайындары өз өрендерін өрге сүйреді. Қазақ боксшыларына көпе-көрнеу қия­нат жасалғанын өз көзімізбен көр­ген едік. Соның кесірінен жара­ған аттай жер тарпып тұрған талай қандасымыз төрешілердің «құрбанына» ай­нал­ды. Мына дерекке назар ауда­­рыңыздар: Өзбекстан мен Қа­зақ­станның жеті-жетіден өкілі финалға шықты. Нәтижесінде, жарыс қожайындары бас жүлденің жетеуін қоржынға салса, Қазақстан екі алтынды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Қал­ған бес жігітіміздің төртеуі өз­бекс­тандыққа жол берсе, тағы бі­реуі таиландтықтың алдында тізе бүкті. Оңтүстік Кореяның екі боксшысы жеңімпаз атанса, Қы­тайдың бір өрені дәл сондай құрметке бөленді. Қазақстан құрамасы мүшелері арасынан Нұржан Кәрімжанов (60 кило) пен Ермахан Ыбырайымов (71 кило) дара шықса, Бекзат Саттарханов (57 кило), Данияр Мұңайтпасов (67 кило), Олжас Оразалиев (81 кило), Талғат Досанов (91 кило) жә­не Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) күмісті иеленді. Ал Болат Жұ­маділов (51 кило), Серік Елеуов (54 кило), Батырхан Жақсыбаев (63,5 кило) және Вячеслав Бурба (75 кило) қолаға қол созды. Тағы бір ерек­ше атап өтерлік жайт – осы жарыста 11 жерлесіміз жеңіс тұ­ғы­рына көтерілді. Біз Азия чемпио­на­ты барысында бұрын-соңды осын­шама көп медальды иеленген жоқ едік.

2002 жыл. Азияның марқас­қалары қайта Малайзияда бас қосты. Серембан деп аталатын қалада жалауы желбіреген жарыста Өзбекстан құрамасы бес ал­­­тынды олжалады. Пәкістан мен Таиландтың тастүлектері екі мәрте жеңіске жетті. Оңтүстік Корея, Малайзия және Қытайдың жігіттері бір реттен алтын тұғыр­дан қол бұлғады. Қазақстан құ­ра­масы жоғарыда аталған ко­ман­далардың барлығынан қалып қойды. Өйткені жерлестеріміздің арасынан ақтық сынға дейін Бақтияр Артаев қана жетті. 67 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан қандасымыз күміс медальды мойнына ілді. Аман Батырбаев (51 кило), Самат Башенов (63,5 кило), Андрей Пермяков (71 кило) және Мақсат Бақтыбазаров (75 кило) қолаға қол созды.

2004 жыл. Филиппиннің Пуэрто-Принцесса қаласында өт­кен жарыста Қазақстан құрамасы жалпы есепте қайта көш бастады. Бұл жарыста Галиб Жафаров (57 кило), Геннадий Головкин (75 кило) және Бейбіт Шүменов (81 кило) алдына жан салмаса, Павел Сторожук (91 кило) ақтық сында сүрінді. Ал Алмас Асанов (54 кило), Қанат Орақбаев (60 кило) және Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) қола медальды еншіледі. Өзбекстан, Филиппин және О­ң­түстік Кореядан қос чемпионнан шықса, Қытай мен Сирия бокс­шылары бас жүлдені бір реттен иеленді. Бұл жарыста 11 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.

2006 жыл. Азия чемпионатын Вьетнамның Хошимин қаласы қабылдады. Дүбірлі додада ойда-жоқта Пәкістан құрамасы оза шапты. Үш алтынды иемденген олар командалық сайыста көш бастады. Қазақстан екі алтын олжалап, екінші сатыға тұрақтады. Біздің жігіттерден Бақыт Сәрсекбаев (69 келі) пен Елдос Жаңабергенов (81 кило) топ жарды. Жеңіс Нұр­ғо­жин (64 кило) күміс алса, Мір­жан Рақымжанов (54 кило), Жеңіс Таумұрынов (91 кило) және Рүстам Іргебаев (+91 кило) қола жүлдені еншіледі. Қоржынында қос алтыны бар Филиппин үшінші орынды иеленді.

2007 жыл. Ұланбатырда Өз­бекстан, Моңғолия және Қа­зақ­станның әнұрандары үш рет­­­тен шырқалды. Күміс пен қола ме­дальды қоса есептегенде өзбек ағайындардың аты озды. Жарыс қожайындары екін­ші орынға шықса, отандастарымыз үшін­ші сатыға табан тіреді. Қазақ елі өрендері арасынан Ми­рат Сәр­сембаев (51 кило), Серік Сәпиев (64 кило), Бақыт Сәр­секбаев (69 кило) қарсылас шақ кел­тірмеді. Елдос Сайдалин (57 кило) финалда ұтылса, Қанат Әбутәліпов (54 кило) пен Хамзат Гелисханов (81 кило) жартылай финалда сүрінді.

2009 жыл. Қытайдың Жухай қаласында өткен жарыста шаршы алаң иелері шашаларына шаң жұқтырмады. Олар 3 алтын, 3 күміс және 2 қоланы иемденді. Екінші орындағы Өзбекстанда – 2 алтын, 3 күміс медаль. Қазақстан 2 алтын мен 3 күмісті қоржынға салып, үшінші сатыға жайғасты. Тар­қатып айтсақ, Серік Сәпиев (69 кило) пен Василий Левит (91 кило) бас жүлдені олжалады. Олжас Сәттібаев (54 кило), Ғани Жай­­лауов (60 кило) және Дәурен Елеу­сінов (81 кило) қолаға қол созды.

2011 жыл. Сары құрлықтың көкжалдары Оңтүстік Кореяның Инчхонда жиналған жарыста тағы да Қытай құрамасы оз­ды. Олар­дың қоржынында – 2 алтын, 3 кү­міс және 1 қола. Қазақ­стан екінші орын­ды иеленді. Жер­лес­­теріміздің арасынан Айдар Әмір­зақов (60 кило) пен Досжан Оспановтың (+91 кило) айдарынан жел есті. Ілияс Сүлейменов (52 кило) пен Рустам Сыбаев (69 кило) финалда ұтылса, Арман Рыс­бек (81 кило) жартылай финал­да жеңілді. Бұл біріншілікте жек­­пе-жектер 10 салмақ дәрежесі бо­йынша өтті.

2013 жыл. Иорданияның астанасы – Амманда Алаштың арда азаматтары атой салды. Сарапқа салынған 10 бас жүлденің жетеуін біздің жігіттер қанжығаларына байлады. Олар – Теміртас Жүсіпов (49 кило), Берік Әбдірахманов (60 кило), Мерей Ақшалов (64 кило), Данияр Елеусінов (69 кило), Жәнібек Әлімханұлы (75 кило), Антон Пинчук (91 кило) және Иван Дычко (+91 кило). Ал Әділбек Ниязымбетов (81 кило) күміс­пен күптелді. Осылайша, Қазақстанның былғары қолғап шеберлері жарқын жеңіске қол жеткізді.

2015 жыл. Таиландтың бас шаһары – Бангкокта қазақтардың қарқынына шыдас беру мүмкін болмады. Олжас Сәттібаев (52 кило), Данияр Елеусінов (69 кило), Әділбек Ниязымбетов (81 кило), Василий Левит (91 кило) және Иван Дычко (+91 кило) теңдессіз деп танылды. Зәкір Сафиуллин (60 кило) шешуші тұста ұтылса, Қайрат Ералиев (56 кило) жартылай финалда жеңілістің кермек дәмін татты.

2017 жыл. Өзбекстанда өткен жарыста ринг қожайындары 10 алтынның тоғызын өз мойындарына ілді. Қазақстандықтар арасынан тек Василий Левиттің (91 кило) асығы алшысынан түсті. Алып Азияның өзге мемлекеттеріне тек күміс пен қоланы қанағат тұтуға тура келді. Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Ерік Әлжанов (81 кило) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) екінші орын алса, Азамат Исақұлов (52 кило), Қайрат Ера­­лиев (56 кило), Бекдәулет Ибра­гимов (64 кило) және Әбілхан Аман­құл (75 кило) үшінші сатыға табан тіреді.

2019 жыл. Бангкоктағы бәсе­кеде төрт алтынды олжалаған Өзбекстан жалпы есепте ағарып ал­дан көрінді. Қазақстан екін­ші орынды еншіледі. Жуан жұды­рықты жігіттеріміздің арасынан Тұрсынбай Құлахамет (75 кило) пен Бек Нұрмағанбет (81 кило) ал­тын тұғырдан қол бұлғаса, Зәкір Сафиуллин (60 кило) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) күміс, ал Теміртас Жүсіпов (49 кило), Санатәлі Төлтаев (64 кило) және Василий Левит (91 кило) қола медальдарды иемденді.

Азия чемпионаттарында  Қазақстан құрамасы жеңіп алған жүлделер

Өткен жылы

Өткен жері

Алтын

Күміс

Қола

Бар-лығы

Алған орны

1994

Тегеран (Иран)

5

1

3

9

1

1995

Ташкент (Өзбекстан)

6

1

-

7

1

1997

Куала-Лумпур (Малайзия)

2

1

3

6

4

1999

Ташкент (Өзбекстан)

2

5

4

11

2

2002

Серембан (Малайзия)

-

1

4

5

8

2004

Пуэрто-Принсеса (Филиппин)

3

1

3

7

1

2005

Хошимин (Вьетнам)

2

1

3

6

2

2007

Ұланбатыр (Моңғолия)

3

1

2

6

3

2009

Жухай (Қытай)

2

0

3

5

3

2011

Инчхон (Оңтүстік Корея)

2

2

1

5

2

2013

Амман (Иордания)

7

1

0

8

1

2015

Бангкок (Таиланд)

5

1

1

7

1

2017

Ташкент (Өзбекстан)

1

3

4

8

2

2019

Бангкок (Таиланд)

2

2

3

7

2