Қазақстан • 14 Мамыр, 2021

Испания Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Испанияның сыртқы саяси ведомстволары арасында кезекті саяси консультациялар өтті, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Испания Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті кеңейтуге мүдделі

Іс-шара алдында испан делегациясының басшысы Испания Корольдігінің Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Кристина Гаякты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың бірқатар өзекті мәселелері мен халықаралық күн тәртібі бойынша пікір алмасылды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаевтың және К.Гаяктың төрағалығымен өткен саяси консультациялар барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылады. Сондай-ақ COVID-19 пандемиясының екі елдің экономикасына әсері және оның жағымсыз салдарына қарсы шараларды қарастырды.

Нұр-Сұлтан мен Мадридтің көпжақты форматтағы өзара іс-қимылы келіссөздердің жеке тақырыбы болды. Тараптар Қазақстанның Еуропалық одақпен, оның ішінде ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі өзара іс-қимылын талқылады.

Келіссөздер нәтижесі бойынша жоғарғы және аса жоғары деңгейлердегі байланыстарды және парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру, шарт-құқықтық базаны кеңейту, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.