2021-2022 жылдарда қоғамдық көлікке арналған «Bus Lane» жолағы А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мұхамедханов, Түркістан көшелері, Жеңіс, Абылай хан, Қабанбай батыр, Тұран, Б. Момышұлы, Тәуелсіздік (3-бөлігі), Ұлы Дала, Мәңгілік Ел, Р. Қошқарбаев даңғылдарында іске қосылады. «Bus Lane» жобасының мақсаты – жолаушылардың ыңғайлы жол жүруіне жағдай жасау және қоғамдық көлік қозғалысына басымдық беру.
Алғашында арнайы жолдар Абылай хан даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі Б. Момышұлы даңғылында және Уәлиханов көшесінен Сарыарқа көшесіне дейінгі бөліктердегі Бөгенбай батыр даңғылында пайда болды. Бірінші бөліктің ұзындығы – 2,84, екіншісінің ұзындығы – 2,15 шақырымды құрады. Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанда 21 жолда ұзындығы 51 шақырымдық автобус желісі бар.
«Бүгінде қоғамдық көліктің бірегей пайдаланушыларының саны 550 мыңнан астам адам (елорда халқының 46%). Қоғамдық көлікпен күн сайын 500 000 сапар жасалады. «Bus Lane» арқылы қоғамдық көлік құралдарының жүру тиімділігі 25%-ға жетеді және жол жүру уақытын 12,5 минутқа қысқартады. Мысалы, автобус арнайы бөлінген 15 шақырымдық жолақпен жүргенде оның жол жүру уақыты 37,5 минутты құрайды, «Bus Lane» болмаса – 50 мин. Бөлінген жолақтарды кеңейту, болашақта қоғамдық көлікті дамытуға оң әсерін тигізеді. Өз кезегінде, бұл автобустардың жол жүру уақытын қосымша 14%-ға қысқартады. Бұдан басқа, кестелерді 160-тан астам бірлікке оңтайлы қайта бөлу арқылы, автобус тапшылығын қысқартады.
Жалпы алғанда, көбейтілетін жолақтарды ескере келе, «Bus Lane» бағдар желісінің 23% қамтитын болады. Енгізілетін бөліктер тізімінен қала маңы және қалалық бағыттар үшін маңызды көлік артериясы – Қабанбай батыр даңғылын бөлек қарастыру қажет. Ол жолмен күн сайын 7 қала маңы және 8 қалалық бағыттар жүреді. Бұл – 192 автобус», дейді «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма Төрағасы Бекмырза Игенбердинов.