Аймақтар • 14 Мамыр, 2021

Карантин талабын бұзғандарға 118 млн теңгеден астам айыппұл салынды

165 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде елорданың мониторингтік топтары кәсіпкерлік нысандар арасында шектеу және карантин шараларын бұзушыларды анықтауда. Жыл басынан бері 561 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Карантин талабын бұзғандарға 118 млн теңгеден астам айыппұл салынды

2021 жылдың 1 қаңтарынан 13 мамырына дейін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін жалпы сомасы 118 728 975 теңгеге 561 жеке, заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан тиісті талаптарды орындамаған 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 52 материал жіберілді.

Сот барлығы 36 нысанның қызметін тоқтатты және 6 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салды.

13 мамыр күні елорданың мониторингтік топтары қаланың кәсіпкерлік нысандарының карантиндік және шектеу шаралары бұзылуының төрт фактісін анықтады.

Сарыарқа ауданында «Дастархан» кафесі мен «Турандот» мейрамханасы санитарлық нормаларды сақтамаған. Орын саны бойынша шектеулерге қарамастан, мекемелердің бірінде бір уақытта 75 адам, екіншісінде – 67 адам болған.

Байқоңыр ауданында карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке «Гастро бар» кафесі тартылды.

Алматы ауданында шектеу шараларын сақтамаудың 1 фактісі тіркеліп, «Sultani MIX» кафесі белгіленген жұмыс режимін бұзған.

Жиналған материалдың бәрі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына құқық бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдау үшін тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан екі айдан бері эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта тұр. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысадары өздерін және жақындарын қорғау үшін санитарлық нормалар мен талаптарды қатаң сақтауы тиіс.