Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құру жөніндегі бастамалары халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағасын алып отыр
12-14 сәуір аралығында Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит болып өтті. Оған 47 жетекші мемлекеттің лидерлері қатысып, қарусыздану, атом энергиясын бейбіт мақсатқа ғана пайдалану және ядролық материалдарды контрабандалық жолмен сату мәселелеріне қатысты өздерінің ойларын ортаға салды. Ядролық технологияларға тиімді бақылауды қалай орнатуға болады және тәуелсіз елдердің бейбіт атомды дамыту құқына кепілдікті қалай жасаған жөн? Ядролық саладағы жасанды емес, нақтылы теңдікті қалай орнатпақ керек? Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің ресейлік “Известия” газетіндегі мақаласында осы мәселелерді шешудің жаңа жолдарын атап берген еді.
Жақында адамзат екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған мерейтойын атап өтеді. Әлемде әлі де осы соғысқа қатысқан миллиондаған адам бар. Бірақ тарих пен осы заманның айырмашылығы сол, АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Уолтер Мондейл айтқандай, “үшінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар қалмайды”. Қазіргі заманның жылдам өзгеретін жаңалықтары қауіпсіздіктің ескі тетіктеріне жаңаша қарауды қажет етеді. Соның ішінде, әрине, ядролық қауіпсіздік бірінші орында.
Біз төменде Елбасы Н.Назарбаевтың аталмыш мақаласындағы және Ядролық қарусыздануға байланысты өткен жаһандық саммитте сөйлеген сөзіндегі негізгі мәселелерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз.