Күніне 400 мыңнан астам жаңа инфекция жұқтырғандар мен күніне 4 мыңнан астам адам өлімі, науқастарға толы ауруханалар, мәйіттерге толы зираттар... 1,3 млрд тұрғыны бар Үндістанда қазіргі уақытта коронавирустық пандемияның белгілері кез келген уақытта жарылатын бомба тәріздес. Онда тұрғындардың ең осал тобы көп зардап шегіп отыр. Көршісіне ауыртпалықты жеңуге медициналық жабдықтар ұсынған Пәкістаннан бастап, халықаралық қоғамдастық тарапынан осы қиын жағдайға байланысты көмек көрсету ісі ұйымдастырылуда. Басқа аймақтардан қолдау көрсетіп жатқандардың ішінде Қазақстан да бар. Қазақстан Үндістанға көмек ретінде 6 миллион хирургиялық маска, 400 мың респиратор, обаға қарсы 50 мың костюм (стерильді қорғаныс халаттары) және 105 өкпені жасанды тыныстандыру аппаратын жеткізіп берді. Бұл құралдардың барлығы Қазақстанда өндірілген.
«Біз үнділік достарымызбен пандемияға қарсы күш-жігерімізді біріктіруге және біздің елдеріміз арасындағы берік достық пен өзара қолдау рухында барлық көмек көрсетуге дайынбыз», деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл мәлімдеме Нұр-Сұлтанның жақында орын алған Тәжікстан – Қырғызстан жанжалынан кейін көрші ел – Қырғызстанға көмек қолын созғаннан соң жарияланды. 2021 жылғы сәуірдің аяғында екі жақтың – Тәжікстан мен Қырғызстанның ұрыс қимылдары кесірінен 30-дан астам адам қаза тауып, 120 адам жарақат алды. Қақтығысқа екі ел арасындағы шекараның нақтыланбауы мен суға талас себеп болған.
Екі ел – Қазақстан мен Қырғызстанды байланыстыратын құндылықтарды еске түсіре отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға Қазақстаннан 10 мың тонна ұн жіберу арқылы гуманитарлық көмек көрсетті. «Біз жайбарақат болмауымыз керек», деген ол, сонымен бірге, егер қажеттілік болса, қазақстандық армияның араласуы мүмкін екенін атап өтті.
Халықаралық мәселелерге сергек қарайтын әрі лайықты үн қата білетін Қазақстан басшысы қандай жағдайда да ойланбастан бітімгершілік бағытын қолдап, өзара келісім мен өзара көмек көрсету ісіне жүгініп, оған мұқият болады. Мұны Президент Қ.Тоқаевтың саяси және кәсіби білімімен, мол тәжірибесімен түсіндіруге болады.
Өз елінде әр жылдарда Сыртқы істер министрі, Үкімет басшысы, Сенат Төрағасы сынды жоғары лауазымды қызметтер атқарған, 2019 жылдың маусымында Қазақстанның Президенті болып сайланған ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы Бөлімшесінің Бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздандыру жөніндегі конференциядағы жеке өкілі, сонымен қатар, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы болды.
Нұр-Сұлтан – дипломатиялық астана, Еуропалық одақтың серіктесі
Қазақстанның аймақтық медиатор рөліне деген табиғи бейімділігі 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, нақтылай айтқанда, Таулы Қарабақ кикілжіңінде араағайындық жасағаннан кейін байқалды. Қазақстанның бұл қадамын Франция президенті Франсуа Миттеран Қазақстанға 1993 жылғы сапары кезінде оң бағалап, қуаттады.
19 миллион халқы бар, Қытай, Ресей және Еуропалық одақ арасында стратегиялық маңызы зор бұл мемлекет 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын (ЕҚЫҰ) басқаруға кіріскеннен-ақ өзінің жоғары деңгейін көрсетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындысында бірлескен келісім – Астана декларациясына қол қойылды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше бола отырып, Қазақстан 2014 жылы Қырым дағдарысында үлкен рөл атқарды, бұл кезде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Франсуа Олландты Ресейді ЕО-ға жақындату үшін Владимир Путинмен кездесуге көндірді.
2017 жылы «Астана процесі» барысында Сирияда төрт атысты тоқтату аймағы құрылды. Мұны кепілгер мемлекеттер – Ресей, Түркия және Иран мойындады. Қазақстан тағы да бір жылдан кейін сириялық үкіметтің ресми өкілдері мен үкіметке қарсы тарапты бір үстелдің басына отырғызып, Сирия қақтығысы бойынша келіссөздерді қайтадан ұйымдастырды.
2018 жылы Қазақстан алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы дүниежүзілік декларацияға және терроризммен күрес жөніндегі конфессияаралық келісімге қол қоюымен дипломатиялық қатынастар саласында тағы да ерекше көзге түсті.
Өз тәуелсіздігі жылдары ішінде Қазақстан ықпалды позициясының арқасында Еуропалық Одақтың артықшылықты серіктесіне айналды. Қазақстан мен ЕО арасында 2018 жылдың басында кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан – Франция байланыстары, әсіресе экономикалық ынтымақтастық, тұрақты даму, қауіпсіздік және терроризммен күрес сияқты маңызды салаларда жоғары деңгейде. Франция, сондай-ақ Париждегі CAC40 биржасының Сент-Гобейн, Алстом, Даноне, Тотал, Орано және басқалары сияқты ірі топтары қатысатын Қазақстанның бес негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. Жаңа сауда-экономикалық жобаларды дамытуға бағытталған 2030 жылға дейінгі Жол картасына қол қою арқылы француз-қазақ қатынастары одан әрі нығая түсуі қажет.
Франция президенті Эммануэль Макронның көптен бері жоспарланған, бірақ коронавирустық пандемияға байланысты кейінге қалдырылған Нұр-Сұлтанға сапары екі ел арасындағы жалпы міндеттерді жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Редакциялық мақала.
14 мамыр 2021 жыл.