«Нұр-Сұлтан қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп, Мәңгілік ел және Орынбор көшелерінің қиылысында жол жөндеу жұмыстары басталғанын мәлім етті», делінген елорда әкімдігінің ресми сайтында таратылған ақпаратта.
Әкімдік мәліметінше, 16 мамыр сағат 16:00-ден 17 мамыр сағат 06:00-ге дейін Түркістан көшесі мен Мәңгілік ел даңғылы аралығында жатқан Орынбор көшесінде, сондай-ақ Бөкейхан көшесінен Мәңгілік ел даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы толығымен жабылды.
Сонымен қатар Мәңгілік ел даңғылында қозғалыс шектеулі болды. Ал бүгін сағат 21:00-ден 18 мамыр күні сағат 06:00-ге дейін Мәңгілік ел даңғылынан М1 көпіріне дейінгі қозғалыс толықтай шектеледі.
«Қала жолдарында кептеліс тудырмас үшін елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлауы қажет. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне түсіністікпен қарауды сұраймыз», делінген ведомство хабарламасында.