Медицина • 17 Мамыр, 2021

Вакцина өндірушілер көмектен неге бас тартты?

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пандемия жарияланғаннан бастап бірқатар ел вакцина әзірлеуге көшті. Індетке қарсы 200-ге жуық дәрі дайындалып, 63 түрі сынау кезеңіне жетті. Бүгінде 6 вакцина әлемнің бірқатар мемлекетінде қолданысқа еніп үлгерді. Алайда вакцина тапшылығы – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Ал вакцина жасаушылар қосымша көмекті қабылдамай, ұсыныстардан бас тартып жатыр.  

Вакцина өндірушілер көмектен неге бас тартты?

Вакцина жасаушылардың серіктестік пен қолдау ұсынысын қабылдамауы көпші­лікті алаңдататыны сөзсіз. Мәселен, Канадад­ағы Biolyse, Бангладештегі Incepta, Изриальдегі Teva мен Даниядағы Bavarian Nordic вакцина жасауға араласуға ұсыныс білдірді. Алайда ешқайсысына оң жауап берілмеді.

Саясаткерлер болса, осындай вакцина тапшылығы бар кезде фармацевтикалық компаниялардың бірлесуден қашуын түсін­бей әлек. Компаниялар болса, вакци­наның зияткерлік меншік екенін алға тартады. Бұл идея өткен аптада АҚШ-та көтерілген болатын. Фармацевтика индустриясы Еуропа федерациясының бас директоры Натали Молл АҚШ мәлімдемесіне былай деп жа­уап берді: «Еуропа өз азаматтарының қажет­тілігін қамтамасыз ету, денсаулығына қауіп төнуден сақтау мақсатында вакцина дайындайтын топтарға қаржылай да, физикалық та қолдау мен көмек көрсетуді көздейді». Бұл көзқарасты бірқатар еуропалық саясаткерлер де қолдайтынын білдірді.

«Вакцина өндірісіндегі тежеуіш фактор – патент емес, өндірістің қуаты мен оның жоғары стандарты», деді Германия канцлері Ангела Меркель. Фармацевтикалық компа­ния­­лардың көмектен бас тартып, арты үл­кен қазаға алып келгеніне тарихта мысал көп дейді оның үстіне. Оған қоса, қазір уақыт тап­шылығын да назарға алу керектігі ескертілді.

Көмекке ниет білдіріп отырған құрылым­дардың тез арада үлкен көлемде вакцина жасауға әлеуеті жеткілікті. Мысалы, Teva – әлемдегі ең ірі дәрі-дәрмек өндіруші компа­ниялардың бірі.  Басшысы Каре Шульц осы жылдың басында қолғабыс жасауға дайын екенін, вакцина дайындау ісіне араласуға ниетін білдірген-ді.

Зарарсыздандыру құралдарын өндіру бойынша үздік саналатын канадалық компания болса, жылына кез келген вакцинаның 50 млн дозасын дайындауға қауқарлы екенін хабарлады. Компания өкілі Джон Фултон ұсынысын қабылдағаннан кейін алты ай ішінде дайын болатынын жеткізді. Компанияға оң жауап берілгенде бүгінге дейін жарты жұмыс жолға қойылып, жақсы нәтиже көріне бастар ма еді? Дегенмен, олар келіссөз жүргізген Johnson & Johnson да, AstraZeneca да жылы шырай танытпады.

Бангладештік Incepta да өз вакциналарын экспортқа дайындап жатыр. Деген­мен, бұл екпелер коронавирусқа қарсы емес. Ұйым басшысы Абдул Мукта­дир инфекцияға қарсы вакцинаға арнайы антиген дайындай алатынын мәлімдеді. Ол үшін компанияның барлық технологиялық платформасы қолданылмақ. Наурыз айында женевалық басылымға берген сұхбатын­да Муктадир вакцина негізіне қарапа­йым зат­тар алынатынын айтқан. Сонымен қатар BioNTech/Pfizer мен Moderna вакци­на­лары­ның құрамындағы бірнеше элемент алынған. Олар жылына 500 млн доза дайын­дай алатынын да білдірді.

Вакцина жасаушыларға жеке компаниялар ғана емес, үкіметтер де ұсыныс жолдап үлгеріпті. Бангладеш билігі AstraZeneca-ға қолқа салыпты дейді жергілікті БАҚ. Бұл өтініш назарға алынғанымен, нақты жауап берілмеді делінген хабарда. Алайда бангладештік құрылымның жаһандық стандарттарға сай келуіне күмән бар екен.

Даниядағы фармацевтикалық компания жақсы жауаптан үмітті. Bavarian Nordic ірі вакцина өндірушілермен байланыста екенін хабарлады. «Біз өндіріске қандай үлес қоса алатынымызды талқылап, өнім санын арттыру жолын іздеп жатырмыз», дейді компания басшылығы.

Ал вакцина дайындап жатқан компаниялар болса, өздеріне жасалған ұсыныстардан бас тарту себебіміз – басқа компаниялармен серіктес болуымызда деп түсіндіреді. Яғни олар басқа компаниялармен әріптестік түзіп үлгерген. Дегенмен, ол құрылымдардың атын ешқайсысы хабарламай отыр. Мәселен, Johnson & Johnson «Біз бірге жұмыс істейтін компанияның қауқары вакцина дозасын көбейтуге жетеді», деп жауап қатты.

Оған қоса, вакцина өндірушілер мұның оңай жұмыс еместігін алға тартады. «Вак­цина жасау қиын жұмыстардың бірі әрі аса қауіп­­сіздікті қажет етеді. Оның үстіне ек­пе алған адам­ның денсаулығы – ең маңызды мәсе­ле екенін естен шығармаған жөн», дейді олар.

AstraZeneca басшысы Паскаль Сориот «Біз технологияға араласуға мүмкіндік беріп, вакцина дайындау әдісін таныстырсақ та, жаңадан қосылған компаниялардың инженерлері оны іліп алып кетуі екіталай. Өйткені біздің инженерлер бұл салада көп жылдан бері қызмет етеді», деп ақталды.

Ал экология саласында зерттеулер жүргі­зетін коммерциялық емес Knowledge Ecology International ұйымы бас тартудың артын­да коммерциялық себеп барын болжайды. «Вакцина өндірушілер кейін вакцина баға­сы мен таралуын бақылауда ұстағысы келе­ді. Ек­пе­нің тегіннен-тегін таралуын қаламай­ты­ны анық», дейді ұйым басшысы Джеймс Лав.

Саясаткерлер мұның артында бюрократия барына сенімді. Дегенмен, жаһандық қауіпсіздік пен адам денсаулығына келгенде мұндай пиғылдың болуы жақсылыққа бас­тамайтынын айтады.