Экология • 18 Мамыр, 2021

Қоршаған ортада қауіп көп

1024 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктем және жаз мезгілдерінде адамдарға түрлі жәндіктен, мал мен өзге де жануарлардан келетін қауіп арта түседі. Себебі бұл уақытта зиянкес жәндіктердің жер бетіне шығуы көбейеді. Сондай-ақ түрлі жануарлардың бойындағы ешкімге білінбейтін кеселдердің де адамдарға кесірін тигізуі мүмкін. Бұл орайда, адамдардың өзі де барынша сақтанып жүргені дұрыс.

Қоршаған ортада қауіп көп

Мәселен, соңғы уақытта Жамбыл облысында кенеден зардап шеккендердің қатары көбейген. Айталық, аймақта 48 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы болып есептеледі. Жыл басынан бері өңірде 34 адамды кене шағып, олар медициналық көмекке жүгінген. Улы жәндіктен зардап шегушілердің арасында 15 бала бар. Аталған жағдайлар Тараз қаласының аумағынан және Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу аудандарынан анықталып отыр. Бұл адам өміріне қауіп төндіретін жағдайдың бір түрі.

Эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығы қай кезде де маңызды. Тек зиянкес жәндіктерден ғана емес, малдан да адамға түрлі аурулар жұғып жататынын күнделікті өмірде көріп-біліп жүрміз. Бұл әсіресе өріске малын өргізіп, несібесін содан айырып отырған ауыл тұрғындарына көбірек қатысты. Мезгілі келгенде жыл сайын бұл да күрделі мәселенің бірі болып алдымыздан шығады. Дей тұрғанмен, Жамбыл облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, өңірде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты екен. Ол жоспар бойынша барлық ауданда эпизоотияға қарсы шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Бруцеллез ауруымен күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Егер инфекция зертханалық түрде расталатын болса, онда ол аумаққа шұғыл тексеру жүргізіліп, эпизоотиялық ошақтың шекаралары айқындалады. Осылайша, аурудың таралуына жол берілмейді. Ауру жануарлар санитарлық союға жіберіледі», дейді басқарма басшысы. Бірақ жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, ағымдағы жылдың төрт айында аймақта 11 тұрғын бруцеллез ауруын жұқтырған. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өңірлік инспекциясының басшысы Жандар Көкеев облыс бойынша бүгінде 234 391 бас ірі қара және 1 млн-нан астам ұсақ малдың тексерілгенін айтты. Алдағы уақытта өңірде мал өсірушілерге дер кезінде ветеринарлық көмек көрсету, мал ауруларының алдын алу және диагностикалау жұмыстарының жалғасуы маңызды.

Бұдан бөлек, тағы бір мәселе – бүгінде қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейіп кетуі болып отыр. Әсіресе Тараз қаласындағы шағын аудандарда иесіз жүрген иттер мен мысықтар көп. Олар көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінен өріп, қала ішін қаптап барады. Қаланың қай түкпіріне барсақ та мұндай жағдай жиі кездеседі. Мұның тұрғындарға, әсіресе балаларға қауіп төндіретіні тағы бар. Сондай-ақ әсіресе кешкі серуен кезінде қала көшелерінен ит пен мысық жетектеген тұрғындарды жиі кездестіруге болады. Бірақ олардың да адамдар үшін қауіпсіз екендігіне көз жеткізу қиын. Бұл орайда, басқарма басшысы Е.Жиенқұлов облыстық мәслихат шешімімен өткен жылдың желтоқсан айында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қағидаларының қабылданғанын, Тараз қаласында үш бригада және 10 аудандық бригада қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулаумен айналысатынын айтып отыр. Бірақ жұмыс жүргізіліп жатыр дегенмен бұл мәселе әлі де толығымен шешілмей келеді. Қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы жергілікті тұрғындар қаңғыбас жануарларды ұстау мәселесінің шешілмей отырғанына жиі шағымдануда. Бірақ, бұл бойынша да тиісті мекеме шара қолданбай отыр екен. Шынында да қараусыз иттер мен мысықтардың көбейгені өз алдына, оны үйінде асыраушылар да көп. Көпқабатты тұрғын үйлерде де жетерлік. Бірақ оларға тексеру жүргізіле ма, жоқ па, бұл да көпшіліктің көкейіндегі күрделі мәселе ретінде қалуда. Алайда қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстауға арналған үй-жай салуға қаржы қарастырылмаған болып шықты. Бұл ретте бірқатар қиындық туындап отыр екен. Ветеринария басқармасының басшысы аталған мәселеге бейжай қарай алмайтын тұрғындардың көмегі керегін айтып, материалдық-техникалық базаның әлсіздігін және құрал-жабдықтардың ескіргенін, сондай-ақ, ауылдық округтердің барлығы бірдей ветеринариялық пункттермен қамтылмағанын жеткізді. Аталған мәселелер шешілмей, толғақты мәселенің түйінін тарқату да мүмкін емес.

Қай кезде де адам денсаулығы бірінші орында. Қоршаған ортаның қауіпсіздігін қалыптастыру да, қауіпті құбылыстан сақтану да керек. Осының бәрі де бір қарағанда елеусіз көрінгенімен, мұндай көріністерден күніне талай адам зиян шегуде. Алдағы уақытта аталған кемшіліктер жойылып, материалдық-техникалық база жаңартылып, тиісті қаражат бөлінсе, көптің де көкейіндегі күрделі мәселе шешілер еді...

 

Жамбыл облысы