Технология • 17 Мамыр, 2021

Онлайн сауда Жер шарын жаулайды

850 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем елдері сауда-саттықты интернет арқылы жасауды жыл санап күшейтіп жатыр. Коронавирус пандемиясы қай қызметті болсын қашықтан тұтынуға мәжбүрлеп, IT-индустрияның ойда жоқта қарыштап дамып кетуіне әсер етті. 2021 жылы онлайн сатып алушылар саны 2 млрд-тан асып жығылады деген болжам бар. Бұл – Жер шары тұрғындарының шамамен 28 пайызы.

Онлайн сауда Жер шарын жаулайды

Жалпы, интернет арқылы зат сатып алудың пайдасы мен оңтайлы тұсы орасан. Ол жерден тауарлардың кең ауқымды ассортиментін қарап, оны қара базар мен өзге дүкендердегі тауарлар бағасымен салыстыруға мүмкіндік мол. Сондай-ақ төлем жүйесі де клиенттер үшін барынша қолайлы етілген. Әрі қазір көптеген сауда желісі жеткізіп беру қызметін тегін етеді немесе белгілі бір пайызға жеңілдік жасайды. Қысқасы, үйде отырып-ақ қалаған заты­ңызға қол жеткізе аласыз. Бір­қатар сау­да дүкендері алған та­уары­ңызға кешбэк береді, жиналған бонусқа тағы бір тауар алуыңызға да болады. Бұл өз кезегінде екі тарапты да ын­та­лан­дырып, онлайн сауда­ның дамуын жеделдетеді.

Дәл қазір әлемдегі ең танымал интернет-дүкендер қата­­рында Amazon.com, eBay.com, Rakuten, Samsung.com, AliExpress.com сияқты желілер бар. Пандемияға байланысты бұл дүкендердегі тұтынушылар саны айналдырған бір жылда бірнеше есе өсіп шыға келді. 2020 жылы Amazon.com-дағы орташа айлық трафик 3,68 млрд клиентті құраған. Одан кейін айына 1,01 млрд адамға қыз­мет көрсеткен eBay.com тұр. Ел эко­номикасына мониторинг жа­­сайтын Ranking жобасының жа­зуынша, Қазақстанда да электронды нарық деңгейі артып ке­леді. Былтыр электронды на­рықта 1,1 трлн теңге айналып, жалпы бөлшек сауданың (11,6 трлн теңге) 9,7 пайызын құраған. Интернет арқылы тауар сатып алатын азаматтар саны 3,8 млн-ға жетіпті. Қа­зір на­рықта шамамен 650-ге жуық интернет-дүкен жұмыс іс­тей­ді. Біздің елде AliExpress.com мен Amazon.com ерекше танымалдылыққа ие екен. 2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанда 51,5 млн төлем картасы айна­лымда, соның 35,8 млн-ы – ха­лық­аралық төлем жүйелерінің картасы. Бұл ретте олар­дың 95,3 пайызы MasterCard Worldwide мен Visa International-ға тиесілі.

«Электронды сауданың дамуы қолма-қол ақша айналымын азайтты. 2021 жылдың бірінші тоқсанында электронды төлем көлемі 12,7 трлн теңгені құрады. 2020 жылы жалпы сомасы 35,3 трлн теңге болатын 2,9 млрд электронды транзакция жасалды. Электронды сауданың дамуы Қазақстанның экономикалық өсім әлеуетін арттыруға себеп бол­мақ. Электронды коммер­ция арқылы халықтың төмен ба­ға­дағы тауарларға қол­же­тім­ділігі арта түседі. Бұл бағыт кө­­лең­келі сауда айналымын қыс­қартып, кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар елде қазақстандық компания­лар­ды халықаралық элек­трон­ды платформаларға шы­ғару бойын­ша жұмыстар жүр­гізі­луде. Мәселен, 2020 жылы Alibaba плат­­формасында қыз­мет көр­се­те­тін 50 компания таң­далды» де­лінеді Ranking мәлім­демесінде.

Amazon, Яндекс, Ozon, Shopify жаңа маркетплейстеріне отандық тауар өндірушілерді шығару жұмыстары биыл да жал­ғаспақ. Mastercard-тың жыл сайын 100 мың еуроға қар­жы­ландыруы бойын­ша 10-15 кә­сіпкер өз бизнесін онлайнға ауыс­тыру және жаңа нарықта оның ауқымын кеңейту бойынша оқу курсынан өтеді. Алдын ала болжам бойынша, 2025 жылға таман елдегі электронды сауда көлемі 15 пайызды құрауы мүмкін.