Әлем • 17 Мамыр, 2021

Кәрі құрлық трамвайға қызығады

530 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Португалия коронавирус дағдарысымен күреске бөлінетін қаржының қалай жұмсалатынын жариялады. Аталған жоспарға сүйенсек, қаражаттың біраз бөлігі қаладағы қоғамдық көліктерді жаңғыртуға бөлінбек. 

Кәрі құрлық трамвайға қызығады

Былтыр Еуропа Одағы 2030 жылға қарай парниктік газ шығаруды 1990 жылғы деңгейден 55 пайызға дейін төмендету туралы ұжымдық шешім шығарды. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш нөлге түсуі тиіс. Осыған байланысты Еуропалық комиссия қазіргі таңда нақты саяси өзгерістер арқылы өз міндеттемесін орындауға кірісті.

Қазіргі таңда Португалия билігі әзірлеген құжат Еуропалық комис­сияның қарауына жіберілді. Қоғам­дық көліктер, басқа да көліктер секіл­ді, парниктік газдарды көп бөлеті­ні белгілі. Сондықтан, оның қабыл­дануы – уақыт еншісіндегі шаруа.

Бір қызығы, қоғамдық көліктерді жаңғырту аясында трамвай қызметі қайта түлемек. Мұның басты себебі трамвай электр арқылы жүреді. Ал электр тоғын қазіргі таңда жа­сыл энергия көздері арқылы алудың мүм­кіндігі зор. Бұл саланың еуропа­лық­тарды қызықтырып отырғаны да осы.

Жалпы, Португалияда трамвай бұрыннан бар. Ең алғашқы осы қоғамдық көлік жолағы 1895 жылы Порту қаласында ашыл­ған екен. Содан бері талай тарих­ты бастан өт­­кер­ген. Өткен ғасыр­дың орта ше­нінде тіпті халық қаты­най­тын не­гізгі қо­ғам­дық көлік санал­ған. Алай­да жаңа заманауи автобустар­дың құ­рас­тыры­луымен біртіндеп қолданыстан шыға бастаған. Мәселен, 1980-2000 жыл­дары Португалиядағы көптеген трам­вай компаниялары жабылып, оның темір жолдары алынып тас­талды.

Дегенмен, кейінгі уақытта Порту­галия трамвай қызметіне қайта көңіл бөлуге кірісті. Мәселен, 2017 жылы ел астанасы Лиссабон қаласының әкімшілігі шаһардағы қоғамдық көлік қызметін толықтай өз бақылауына алды. Ал 2018 жылы трамвай көлігін қалпына келтіруге кірісіп, 1995 жылы жабылып қалған желіні қайтадан іске қосты. Өткен аптада қала әкімі Фернандо Медина жаңадан 15 трамвай сатып алу үшін 43 млн еуро бөлінетінін мәлімдеді.

Мұндай үрдіс Португалияға ғана тән емес. Кейінгі жылдары кәрі құр­лықтың бірқатар елі трамвай қыз­метінің қадірін түсіне бастады десек, артық айтқандық емес. Мәселен, Гер­мания да осындай желіні қайта жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Берлин қаласының әкімшілігі қаладағы қоғамдық көлікке бөлі­нетін қаражаттың біразы осы трамвай қызметіне жұмсалатынын хабар­лаған. Атап айтқанда, алдағы 15 жылда 70 шақырым желі салынып, оған 28 млн еуро жұмсалады.

Страсбург қаласының билігі 2017 жылы Рейн арқылы өтетін трамвай желісін қайта іске қосты. Аталған жүйе 1945 жылы жабылып қалған еді. Ұлыбританияның Ноттингем қала­сында да 70 жыл бойы тоқтап тұрған трамвай желісі қайта жүре бастады.

Мұндай бастама Италияның Милан және Рим қалаларында да жалғасын тауып отыр. Ал Испания би­лігі таяуда Севилья қаласындағы трам­вай қызметін қайта жаңғыртуға 20 млн еуро қаражат бөлінетінін хабарлады.

Еуропалықтардың аталған салаға көңіл бөлуі бекер емес. Ғалымдар Жер бетінің күрт жылына бастағанын, тиісті шаралар қабылданбаса, адам­затқа қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағып жүргеніне біраз уақыт болды. Жыл сайын Еуропа мен Азия­да су тасқыны болып, көптеген адам зардап шегеді. Ішкі Африкада құрғақшылық күшейіп, көптеген өзен-көл тартылып, қоршаған орта зиян шегіп отыр. Америка дүлей дауылдың зардабын тартады.

Кейінгі 35 жылда Жер-жаһан күрт жылынған. НАСА-ның мәлі­метіне сүйенсек, XIX ғасырмен салыс­тыр­ғанда, Жердегі орташа температура 1 градусқа көтерілген. Мәселен, 2010 жылдан бері әлем бес рет рекордтық деңгейде ысыған. Ғалымдар мұның негізгі себебі – көмірқышқыл газ бен жылыжай газдарының ауаға көптеп шығарылуы екенін айтады.

Әсіресе, климаттың өзгеруі себе­бінен мәңгілікке мызғымастай кө­рі­нетін мұздықтардың еруі алаң­датып отыр. Мұздықтардың «көкесі» Антарктида мен Арктикада орна­лас­қаны белгілі. Алда-жалда жердің асты мен үстінде жатқан осы ақ құрсау толықтай ери қалса, теңіз деңгейі 60-70 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда Жер планетасының біраз бөлігін су басатыны айтпаса да түсінікті.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда Арктиканың да, Антарктида­ның да мұз қабаты кесек-кесегімен опырылып жатыр. Өйткені климат­тың өзгеруі мәңгі мұз жапқан ай­мақ­­тағы судың да жылынуына әке­ліп соққан. Соның салдарынан жылын­ған су мұздарды бұрынғыдан да жылдам еріте түскен.

1980 жылдан бері Арктикада 2,5 млн шаршы шақырым мұз жойылып кетіпті. National Geographic зерт­теушілерінің мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай Арк­тикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін. Гренландия 2002 жылдан бері әр маусым сайын орташа есеппен 287 млрд тонна мұз жоғалтады.

Колорадо штатындағы Қар және мұз деректері ұлттық орталығы­ның деректері көрсеткендей, 2020 жылы Арктиканың дәл ортасында бұрын-соңды кездеспеген жұқа мұз қалды. Таяуда жарияланған зерттеу­де Арктикадағы Беринг теңізіндегі қысқы мұз 2018 және 2019 жылдары соңғы 5500 жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.

Оған қоса, теңіз мұзының көлемі ғана емес, оның қалыңдығы да жұқа­рып барады. Еруі өте баяу, қатқанына біраз болған теңіз мұзы бүкіл мұз қабатының 1 пайызын ғана құрайды. Қазір бір жылдық мұз басымдыққа ие. Осылайша, теңіздің ақ жабыны тез еруге бейім. Ғалымдар алдағы 10-20 жылдың көлемінде Арктика мұхитында жаздың аяғында мүлдем мұз қалмайды деп болжап отыр.

Оған қоса, Гренландия мұз жабы­нының жағдайы да мәз емес. Арк­­­тикадағы жылыну жаһандық жы­лы­ну­дың орташа есебімен салыс­тырғанда екі есе тез жүріп жатыр. Кейінгі жиырма жылда Грен­лан­диядағы мұздың еру көлемі үш есе өскен. Алдағы он жылда бұл үрдіс жалғаса бермек. Осылайша, мұндай еру теңіз деңгейін 7 метрге дейін көтеріп, жағалаулардағы қалаларды су астына қалдырады.

Деректерге сүйенсек, бұған кі­нәлі­лердің бірі – парниктік газдар­ды көп шығаратын көліктер. Мә­селен, Еуропа қоршаған орта агент­тігі­нің мәліметіне сай, 2017 жылы Еуро­па Одағы елдері шығарған парниктік газдардың 27 пайызы осы көліктерге тиесілі. Соның ішін­де 72 пайызы автокөліктерден келеді. Сондықтан, кәрі құрлықтың қоғам­дық көлікке алаңдауы бекер емес.

Айта кетерлігі, ЕО-ға жаһандық парниктік газ шығарудың 10 пайызы ғана тиесілі. Сондықтан климат­тың жылынуын бәсеңдету үшін еуро­палықтардың әрекеті жеткіліксіз. Ендеше, Еуропа Одағы елдерінің трам­вай қызметін жаңғыртуға кірісуі басқаларға үлгі болуы тиіс.