Технология • 17 Мамыр, 2021

Цифрлы платформада құқығымыз қорғалса игі

438 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемияның салдарынан күшейтілген карантин жағдайында электронды сауда мен онлайн қызметтер ерекше қарқын алғаны белгілі. Алайда осы цифрлы трансформация кезеңінде тұтынушылардың құқықтары жиі бұзыла бастағаны да жасырын емес.

Цифрлы платформада құқығымыз қорғалса игі

13 млн теңгеден аса қаражат қайтарылды

Сауда және интеграция министрлігі берген мәліметке жүгінсек, тек был­тыр­дың өзінде Тұтынушылардың құ­қығын қорғау комитетіне интернет-дүкендердің іс-әрекеттері мен сапасыз онлайн қызметке байланысты 689 адамнан шағым түсті. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде тұтынушыларға 13 млн теңгеден аса қаражат қайтарылды. Осы жылдың бірінші тоқсанында комитеттің көмегіне 265 азамат жүгініп, оларға шамамен 800 мың теңге қайтарылды.

«Мысалы, Шымкент қаласының тұрғыны банк қосымшасы арқылы не­сие­ге алған тауардың сапасына ша­ғым­данып, соның негізінде ақшалай қаражат иесіне қайтарылды», деді Тұ­тыну­шылардың құқықтарын қорғау ко­митетінің талдау және мониторинг бас­қармасының басшысы Әлихан Шәкенов.

Ведомство басшысының айтуынша, мұндай мысалдар жетерлік және көп жағдайда келеңсіз фактілердің орын алуы­на азаматтар өздері жол береді. Өйт­кені көбінің құқықтық сауаты тө­мен болған соң, даулы жағдайларда мұны қызмет ұсынушылар ұтымды пай­дала­натын көрінеді. Айталық, әдетте тұтынушылар тауарларды айырбас­тау немесе қайтару мүмкіндігінің жоқ­тығына шағымданады. Себебі тапсы­рыс­тың дені әлеуметтік желілер арқылы беріледі.

 

Құқықтық сауат төмен

Сол секілді қазақстандықтардың тарапынан тауар сапасының төмендігі мен өнімді толық төлемге дейін тексеру мүмкіндігінің жоқтығына қатысты шағымдары аз емес.

«Өкінішке қарай сатушылардың мемлекеттік кірістер органдарында тіркеуден қасақана жалтару фактілері бар. Мұндай кәсіпкерлерден тауарды сатып алу кезінде ақшаны жоғалту тәуекелі жоғары. Көбінесе дәл осындай сатушылар сәйкестік сертификаты және өндіруші туралы ақпаратсыз, сондай-ақ басқа да маңызды құжатты ескермей талапқа сәйкес келмейтін тауарды сатады», деді Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілі.

Бұған қоса тұтынушылар алаяқ­тардың қақпанына жиі түседі. Заң бұзушылар көлеңкелі кәсібін әлеуметтік желілер арқылы жүргізуді жетік мең­герсе керек. Неге десеңіз, онлайн мес­сенд­жерлер контрабандалық тауарлар мен қызметтерді ұсынуда таптырмас құрал. Өкініштісі сол, ғаламтор парақшаларында менмұндалаған жарнама арқылы адамдарды алдау күнделікті көрініске айналып барады.

 

Интернет алаяқтарына тұсау болмай тұр

Іс жүзіне келгенде алаяқтардың алдау жүйесі қарапайым. Мәселен, олар азаматтардан алдын ала төлем жасауды сұрап, ақша қолдарына тиген бойда телефон нөмірлерін сөндіреді. Салдарынан азаматтар өздеріне тиесілі тауардан немесе қызметтен қағылып жатады.

«Косметология қызметіне байланыс­ты алдау фактілері аз емес. Ірі сомаға қарамастан (200 мың теңгеден бастап) отандастарымыз несие рәсімдеуден қорықпай шартқа қол қойып жатады. Оның нәтижесінде қызметтер бір-екі мәрте көрсетіліп, артынан мүлдем ұсынылмайды. Осыған ұқсас жүйемен жиһаз жасау саласында да жосықсыз кәсіпкерлер жұмыс істейді», деді Ә.Шәкенов.

Осы ретте жауапты ведомство интернетте тауарды сатып алу және қызметтерге тапсырыс беру кезінде келесі ұсы­ныстарды ескеруді сұрайды. Атап айтқанда, егер де нарықтық баға­дан едәуір арзан тауар ұсынса, онда өнім (сәйкестік сертификаты, куәліктер) және сатушы (кәсіпкерлік субъектісі ретінде мемлекеттік тіркеу және т.б.) туралы ақпарат берілуі тиіс. Тауарды тек ресми дүкендердің сайттарынан сатып алған абзал. Сонымен қоса көрсе­тілмеген қызметтерге немесе алынбаған тауар­ларға алдын ала төлем жасаудан сақ болған жөн. Тұтынушылар сатушыдан тауарлық және фискалды чекті талап етуге құқылы.

Мамандар интернеттен сатушы туралы қосымша ақпаратты, сондай-ақ клиенттердің пікірлерін іздеп, сарап­тауға кеңес береді. Егер де тек жағымды пікірлерге ғана жазылса, бұған күмәнмен қараған дұрыс. Бұған бірден иланудан сақ болған жөн деді сарапшылар. Өйткені оның дені тапсырыспен жазылуы немесе жалған болуы да мүмкін.

«Бұл орайда азаматтарға сақтық шараларын мейлінше ұстануға кеңес береміз. Күмәнді сайттардан тауар алудан сақ болып, алдын ала қаражат аудар­маған жөн. Құқықтық сауаттылықты арттыруға ден қойған абзал», деді комитет мамандары.

Қазір аталған комитет тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау бағытындағы заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, онда нақты электронды сауда платформаларындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды көздейтін те­тіктер қарастырылады. Осы орайда ве­домство тиісті заң жобасын тал­қылауға азаматтарды шақырып отыр. Аталған тұжырымдаманың жоба­сымен Тұтынушылардың құқығын қор­ғау ко­ми­тетінің сайтында танысуға болады. Тәртіп сақшыларының дере­гіне сәйкес бір жылдың ішінде интер­нет алаяқ­тықпен бай­ланысты қылмыс­тардың саны 139%-ға өскен.

«Алаяқтыққа байланысты қылмыс саны азаяр емес. Оның үлесі 27%-ды құ­райды. Елімізде қылмыстық құқық бұзу­шылықтың тіркелуі 20%-ға төмен­дегеніне қарамастан, алаяқтықтың, әсі­ресе интернет алаяқтықтың саны азаймай тұр. Оның көрсеткіші – 139%», деген еді наурыз айында өткен брифинг­те Ішкі істер министрлігі Тергеу депар­таментінің басшысы Санжар Әділов.

Тергеу департаментінің басшысы алаяқтар жиі қолданатын әдістердің қатарында жалған интернет-хабарландырулар арқылы жоқ тауарларды немесе қызметтерді сатып алу жүйесі кеңінен тарағанын жеткізді. Бұған дейін Қаржы министрлігі онлайн аударымдар арқылы жосықсыз кәсіпкерлер кассалық чекті бермей, тиісінше салық есептілік айналымдары көрсетілмейтінін алға тартқан еді. Салдарынан аударымдар тауарларды өткізу немесе қызметтерді көрсетуге қатысы жоқ үшінші тұлғалардың атына түсетін көрінеді. Осыны реттеу үшін жоғарыдағы министрлік мобильді аударымдарды жеке және кәсіпкерлік аударымдарға бөліп, кәсіпкерлік үшін жеке шотты пайдалануды ұсынды.