Бүгінгі Үкімет отырысында өткен жылыту маусымының қорытындысы мен келесі маусымға дайындық шаралары талқыланды. Премьер-Министр өткен жылыту маусымы қалыпты режимде болғанын атап, алдағы маусымға сапалы дайындықты қазірден бастау керектігін ескертті.
«1 маусымға дейін Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерін дайындау бойынша іс-шаралар жоспарларын бекітуді тапсырамын. Солтүстік және шығыс өңірлерінің ауа райы жағдайларын ескере отырып, 1 қыркүйекке дейін – білім беру ұйымдарының, 15 қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объектілерінің толығымен дайын болуын қамтамасыз ету қажет», деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ жауапты сала басшыларына тұтынушылардың дебиторлық берешегін төмендету және энергия өндіретін ұйымдардың отын жеткізушілердің алдындағы берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдауды жүктеді.
«Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері дебиторлық берешектің өсу проблемасына назар аударсын», деді Асқар Мамин.