Қоғам • 18 Мамыр, 2021

Алексей Цой «Ashyq» жүйесінің тиімділігін айтты

157 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Ashyq» жүйесінің көмегімен «қызыл» және «сары» мәртебемен 3 256 адам анықталғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алексей Цой «Ashyq» жүйесінің тиімділігін айтты

«18 қаңтардан бастап кәсіпкерлік нысандарының қызметі мен эпидемиологиялық ахуал арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында «Ashyq» жобасы ілкі режимде іске қосылып, 26 сәуірден бері бүкіл ел аумағына таратылды. Бүгінде «Ashyq» жүйесі қызметтің барлық саласында шамамен 6 мың нысанды қамтиды және 1 млн 400 мың қолданушы тіркелген. Жүйе іске қосылған сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебемен 3 256 келуші анықталды. Олардың ішінде ПТР-дің оң нәтижесімен 1 867 науқас және 1 389 байланыста болған адам бар», деді министр.

Сонымен қатар ол «Ashyq» жүйесі 12 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында іске қосылғандығын, ал 21 мамырдан Алматы әуежайында қолданылатындығын атап өтті.

Министрдің айтуынша, елорда әуежайында жүйенің көмегімен ПТР-дің оң нәтижесі бар 37 науқас және байланыста болған 37 адам анықталған.