«Биыл Қарағанды облысының аумағында есірткі қылмыстарының саны 175-тен 208-ге дейін өсті. Әлеуметтік желілер мен қолма-қол ақшасыз төлем жүйелерінің қарқынды дамуы адамдарға жәбірленушілермен өмірде байланыспай-ақ түрлі қылмыс жасауға мүмкіндік беретінін талдау көрсетіп отыр. Мәселен, биыл Telegram мессенджерін пайдаланып, қала бойынша есірткі қоюмен айналысқан Қарағанды тұрғыны 11 жылға сотталды», деп хабарлады Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер.
Ведомство өкілі есірткі таратудың бұл жолы кеңінен танымал екенін айтты. Биыл наурызда облыстың басқа бір тұрғынына қатысты тағы бір ұқсас іс сотқа жолданған екен. Ол «Альфа – PVP» есірткісін Telegram арқылы сатты деген күдікке ілінген. Бұл үшін ол мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Осы санаттағы қылмыстардың негізгі бөлігіне (133 немесе 64 пайызы) есірткіні сату емес, оларды медициналық емес тұтыну, өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау және сату мақсатынсыз тасымалдау жатады», деп толықтырды прокуратура өкілі.