Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Қостанай облысында көлік өрті жиілеген

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында соңғы кездері автокөліктердің өртенуі жиілеп кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында көлік өрті жиілеген

8 мамырда Қарабалық ауданының орталығындағы «Деталь» автодүкенінің жанында «Лада Ларгус» автокөлігінің қозғалтқышынан өрт шықса, келесі күні дәл осы аудандағы Наука ауылында «Лада Калина» автокөлігі өртенді. Сондай-ақ Рудный қаласында 9 мамырда «Audi-80» көлігі, 14 мамыр күні «Волга» көлігі отқа оранды.

«Ескі көліктер техниканы пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан, техникалық қызметтен уақтылы және толық өтпегендіктен өртенеді», дейді облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары.

Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында облыста автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. 17 мамырдан 17 маусымға дейін жалғасатын қауіпсіздік шарасы аясында ТЖ департаменті мамандары арнайы рейдттер ұйымдастырып, көлік жүргізушілерге өрт қауіпсіздігі және алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану ережелерін түсіндіреді.

Өрт сөндірушілердің сөзінше, автокөлік өрті тез үдейді. Сондықтан жүргізушілер мен жолаушыларға үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Кез келген көліктің іші негізінен электр жабдықтары мен тез тұтанатын синтетикалық қаптамадан тұрады. Олар өрт тиген жағдайда көп мөлшерде улы газ шығарады. Сондықтан әр автокөлікте міндетті түрде өрт сөндіргіш құрал болуы керек және ол кез келген жағдайда пайдалануға жарамды болуы тиіс.