Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Оралдықтар масаның көптігіне шағымданды

439 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал мен қала маңындағы елді мекен тұрғындары маса мен шіркейдің көптігіне шағымданады. Адамдар кешке далаға шығу мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралдықтар масаның көптігіне шағымданды

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы аумақты маса мен шіркейге қарсы өңдеуге 93 миллион теңгеден аса қаражат бөлінгенін мәлімдеді.

Орал тұрғындары жаздың аптап ыстығында далаға шығу мүмкін емес екенін, ал күн салқындайтын кешкі уақытта «қансорғыштар» мазалайтынын айтты. 

«Біз Жайық өзені маңында тұрамыз. Кешке қызымызды алып серуендеуге шығамыз. Алайда көшеде жүру мүмкін емес. Аяқ-қолдың бәрін шағып тастайды. Оған бөлінген миллиондаған қаржы қайда кетті?», деді қала тұрғыны Татьяна Симонова.

Энергетика және ТКШ басқармасы мәліметі бойынша, Орал аумағы мен оған жақын маңдағы ауылдарды дезинфекциялауға 93 миллион теңге бөлінген.

«Жұмысты «Магтоксин» ЖШС жүргізеді. Бірінші кезеңде 2 мың гектар жер өңделді. Бұл өзен аңғары, тоғандар, су шалғындары. Енді өңдеудің екінші кезеңі басталды. 13 мың гектарды өңдеу жоспарланған», деді БҚО энергетика және ТКШ басқармасы бөлімінің бас маманы Аян Хамидуллин.

Сарапшылар маусымға дейін маса мен шіркейге қатысты жағдайы тұрақталатынын айтты.