Аймақтар • 18 Мамыр, 2021

Петропавлда «Fitness Park KZ» республикалық жобасы басталды

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

17 мамыр күні Ұлттық Дельфий комитетінің ұйымдастыруымен Петропавл қаласындағы жаттықтырушылардың, фитнес нұсқаушылардың және дене шынықтыру оқытушыларының жаппай жаттығуы мен шеберлік сыныбына арналған «Fitness Park KZ» Республикалық жобасы басталды, деп хабарлады Egemen.kz.

Петропавлда «Fitness Park KZ» республикалық жобасы басталды

Спорт сарайында ұйымдастырылған бұқаралық жаттығулар мен шеберлік сыныптарына 200-ге жуық адам қатысты.

Спорттық іс-шара аясында Петропавлда жаттықтырушылардың, фитнес-нұсқаушылардың және дене шынықтыру оқытушыларының шеберлік сабағын «World Class» Элит-бапкері, футболдан Қазақстан чемпионы және халықаралық ойындардың жүлдегері, ҚР бодибилдингтен жүлдегері, Les Mills сертификатталған бапкері Руслан Батырбеков өткізді. Жаттығуға атақты қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов қосылды.

Жаттығу бағдарламасы ұлттық спорт түрлері мен мәдениет элементтеріне негізделген.

Бүгін, 18 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жаппай жаттығу ұйымдастырылды, онда Руслан Батырбековпен бірге жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері Михаил Литвин жаттығу өткізді.

Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекованың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысына сапар нәтижелі болды. Іс-шараға қатысушылар жаттығулардың күрделілігіне қарамастан, оған жеткілікті физикалық дайындықсыз адамдар да қатыса алатындығын атап өтті.

«Жаттығуға есту қабілеті шектеулі балалар қатысқанын атап өткім келеді. Жоспарланғандай, бағдарлама сурдоаудармамен берілді және балаларға жалпы жаттығуға қатысу ұнады», деді Құралай Түспекова.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, осындай жаппай жаттығулар мен шеберлік сыныптары еліміздің басқа өңірлерінде өткізілетін болады.

«Fitness Park KZ» жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылуда.