Экология • 18 Мамыр, 2021

Балқашты сақтау – болашақ үшін маңызды

4703 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Балқаш – тұщы және тұзды бөліктерден тұратын Жер ғалам­шарындағы бірегей көл. Бүгінде оның тағдыры қоғамда жан-жақты талқыланып, түрлі болжам айтылып келеді. Осы орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаментінің директоры Әлия Шалабекованы әңгімеге тартып, аталған көлді сақтау бағытында қолға алынған жоспарлар туралы білген едік.

Балқашты сақтау – болашақ үшін маңызды

20 млрд текше метр су құйылады

– Қазір еліміздің халқы Бал­қаш көлінің болашағына, демек оның экологиялық ахуалына қат­­ты алаңдаулы. Көлдің жағ­дайы туралы баяндап берсеңіз?

– Балқаш көлі – жартылай тұщы су айдыны. Оған жыл са­йын өзендерден шамамен 20 млрд текше метр ағын су құйылады. Олардың ең ірісі Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері. Іле өзенінің ағыны Балқаш көліне құйылатын жылдық ағынның 70%-ын құрайды.

Бүгінде Арал тағдырының қай­­­талану қаупі Балқаш көліне тө­ніп тұрған жоқ. Соңғы он жылда көлдің деңгейі Балтық жүйесі (БК) бойынша 341 метр белгісінен төмен түспеді. Балқашқа жыл са­йын 12 текше метр су құйылатын кезде көлдің тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беріледі. До­бын шекара бекетіндегі гидро­логиялық деректерді талдау Іле өзенінің 2001 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі орташа көпжылдық ағыны жылына 13,8 текше метрді құрайтынын көрсетті.

– Жергілікті халықтың пікі­­ріне сүйенсек, көлдің суы жаға­лаудан алыстап барады. Бұл оның тартылып бара жат­қа­ны­ның көрінісі емес пе?

– Балқаш көлінің бассейні – көл­ге құятын өзендердің күр­де­лі жүйесі. Өзен атырабында­ғы табиғи процестер оның арна­ла­рының үнемі бұзылып, қайта қал­пына келіп отыруына әкеледі. Нәтижесінде, өзен ағыны арналар арасында біркелкі бөлінбейді. Осыған орай өзен атырабының белгілі бір бөліктерінде судың жа­ғадан ағып кетуіне байланысты көлдегі су деңгейі төмендеді деген ой пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл олай емес.

Үлкен Іле және Қаратал өзен­дері көптеген арнаға бөлінеді. Кей­бір арна мен ағын көздері шөге бастайды. Осындай деформа­ция­лардың нәтижесінде арналар арасында ағынды қайта бөлу жүріп, ескілері жойылып, жаңа арналар пайда болады.

Іле өзенінің атырабындағы Бал­қашқа дейінгі судың шы­ғуын арттыру мақсатында Алматы облысының әкімдігі 2006 жыл­дан бастап жыл сайын өңір­дің табиғатты қорғау іс-шара­ла­­рының жоспарына сәйкес, Іле және Қаратал өзендерінің ар­на­ла­рында гидротехникалық іс-ша­раларды (арнаны тазарту, кеңейту және тереңдету) іске асырып келеді. Осы іс-шараларды жү­зеге асыру нәтижесінде Іленің Бал­қаш көліне өту қабілеті артып, жа­йылымдық жерлерді сумен жаб­дықтау және балықтардың қоныс аудару жағдайлары, флора мен фаунаның өсуі жақсарады.

341 метр – көлдің орташа деңгейі

– Соңғы жылдары көлдің дең­­гейі 341 метр көлемінде тұ­рақ­тады. Көлдің деңгейі осыдан тө­мен болған кездер болды ма?

– XX ғасырдың 70-жылдарына дейін Іле өзенінің бассейні реттелмей Балқаш көлінің ағыны мен деңгейінің ауытқуы табиғи жағдай болып келді.

Алайда Қапшағай су қоймасын (жобалық көлемі – 28,5 млрд тек­­ше метр) және басқа да ірі ме­лио­рациялық жүйелерді салу нә­ти­жесінде 1970-1987 жылдары Қазақ­станда Іле өзенінің Балқаш көліне түсетін ағыны азайып, оның деңгейі төмендей бастады. 1987 жылы Балқаш көлінің деңгейі 340,66 метр БК белгісіне дейін тө­мендеді.

Көпжылдық бақылаулар мен зерттеулер негізінде Балқаш кө­лінің толыққанды су нысаны ре­тінде өмір сүруінің оңтайлы дең­гейі БК бойынша 341 метр екені анықталды. Осыған байланыс­ты Қазақстанның Министрлер ка­бинеті Балқаштың деңгейін 341 метрден түсірмей ұстау мақ­са­тында 1992 жылғы 12 мамыр­дағы №12 қаулысымен Қапшағай су қоймасын толтыруды 18 текше шақырым көлеміне дейін шектеді.

Осы арқылы Іле атырабындағы экологиялық жағдай жақсарып, Балқаш көліндегі су деңгейі кө­те­рілді. 25 жыл ішінде көлдің дең­­гейі 341 метр БК белгісінен төмен­демеді. Балқаштың орташа жыл­дық деңгейі 341,73 метр БК құрайды, бұл жер бетінің ауданына 18 048 шаршы шақырым және су көлеміне 100,36 текше шақырымға сәйкес келеді.

Трансшекаралық өзендерді бөлуде дипломатияның маңызы зор

– Балқаш көліне келетін жыл­дық ағынның 70%-ы транс­шекаралық Іле өзені ар­қылы келеді деп айттыңыз. Бұл рет­те Қытай Халық Республика­сы­мен қандай жұмыс жүргізіліп келеді?

– Іле өзені ҚХР-дағы Орта­лық Тянь-Шаньнан бастау алады. 90-жылдардан бастап бұл мемлекет Шыңжаң-Ұйғыр автоно­мия­лық ауданындағы суармалы жерлерді қарқынды түрде кеңейте бастап, Қытай аумағындағы Іле өзенінен су алу көлемі ұлғайды.

Қазір Қазақстан мен ҚХР арасында трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау жөніндегі ынтымақтастық мәселелері 2001 жылғы трансшекаралық өзен­дерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімнің нормаларымен реттеледі. Соны­мен қоса аталған Келісімнің нор­малары трансшекаралық өзен­дердің су ресурстарын бөлу мәсе­лелерін реттемейді. Осыған байланысты аталған проблеманы шешу үшін еліміздің билігі барынша күш салды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында 2015 жылдан бастап екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлісу туралы келісім жобасын зерделеу және келісу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Осы мақсатта трансшекара­лық өзендердің суын бөлу туралы келісім жобасын дайындап, келісуге қатысты Қазақстан-Қы­тай арнайы жұмыс тобы құ­рылды. Қытай өз тарихында бү­гінге дейін көрші елдермен су бөлу мәселелерін реттеу жө­нінде бірде-бір халықаралық шарт жасаспағанын ескерсек, арнайы жұмыс тобын құ­ру­ды транс­шекаралық өзендер саласында­ғы екіжақты ынтымақ­тастықтың бел­гілі бір жетістігі деп санауға болады.

– Келіссөздер процесі қалай жүріп жатыр және арнайы жұ­мыс тобы қандай жұмыс ат­қарды?

– Қазір 31-баптан және оның мәтіндерінің үйлестірілген нұс­қа­ларынан тұратын су бөлу туралы келісім жобасының құры­лымы қалыптасты. Сонымен қа­тар үкіметаралық комиссия дең­гейінде келісуші тараптардың су ре­сурстарына құқығын, оларды дамыту мүдделерін және транс­шекаралық өзендердің эко­жүйесін сақтауды кешенді түрде ескеретін нормаларды қарастыру туралы уағдаластықтар бар.

2015-2019 жылдар аралығын­да арнайы жұмыс тобының су бөлу жөніндегі келісім жобасын келісу процесі белсенді өтті. Десе де соңғы бір жарым жылда пан­демияның әлемде таралу салдарынан дәстүрлі форматтағы кездесулерді өткізуге мүмкіндік болған жоқ. Суды бөлу туралы келіссөз процесіндегі қазақ­стандық тараптың ұстанымы Іле өзенінің саласын кемінде 12 текше метр көлемінде ұстап тұру.

Біздің пайымдауымызша, Қы­тай тарапы да өз шекарасына жа­қын аумақта экологиялық апат­тың туындауына мүдделі емес. Бірлескен комиссияның 17-ші оты­рысында (2019 ж.қазан, Бей­жің қ.) қытайлық тарап келісім жо­басын талқылау кезінде тарап­тардың экожүйелерін дамыту мен сақтау мүдделерін ескеруге келісіп, бұл Балқаш көлінің эко­логиялық жағдайы үшін ерекше маңызды екенін айта кеткен орынды. Жоғарыда көрсетілген уағдаластықтарды орындау және су бөлу туралы келісім жасасу болашақта Балқаш көлі мен Іле өзені атырабының экожүйесін сақтауды қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді деп есептейміз.

– Балқашты сақтаудың перс­пективасы қандай?

– Көлдің жай-күйіне үнемі бақылау жүргізіледі. Қарағанды және Алматы облыстарының аумақ­тарында 20 гидробекет жұ­мыс істейді. Жерүсті сула­рын зерт­теу 46-52 физика-хи­миялық сапа көрсеткіштері (тем­пература, өлшенген заттар, мөл­дірлік, сутегі көр­сеткіші, ері­тілген оттегі, 5 тәу­лік ішінде от­тегін биохимиялық тұ­тыну, от­тегін химиялық тұтыну, тұз құра­мының басты иондары, биогендік және бейорганикалық заттар, органикалық заттар (мұнай өнім­дері, фенолдар), ауыр металдар) бойынша жүргізіледі.

Су ресурстарын басқаруға бай­ла­нысты әзірленіп жатқан Ұлт­тық жоба шеңберінде көлді сақ­тау мақсатында Балқаш үшін жеке бөлім қарастырылған.

Осылайша, Балқаш көлі сияқ­ты су нысанының сақталуы еске­ріліп, Іле өзенінің су ресурста­рын бөлу жөнінде Қытай тарапы­мен келіссөздер жүргізу, оның ішінде ластануға жол бермеу мақсатын­да елімізде жүргізіліп жатқан шаралар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Транс­шекаралық өзендер депар­таментінің жұмы­сындағы басым стратегия саналады.

 

Әңгімелескен

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,