Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Шығыс – «жасыл аймақта»

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда өршіген індет сәл бәсеңдеген көрінеді. Алдыңғы тәулікте облыста короновирус инфекциясы 74 адамнан ғана анықталды. Әрине, оның өзі аз көрсеткіш емес. Бірақ мамандар «жасыл аймаққа» өтуге негіз бар деген шешімге келді.

Шығыс – «жасыл аймақта»

Өңір «жасыл аймаққа» өт­ке­німен, бас санитарлық дә­рі­гердің қаулысы әлі шыға қойған жоқ. Себебі облыстағы эпидемиялық ахуал бір апта мамандардың бақылауында болады. Егер індеттің өршуі азайып, көрсеткіш төмендесе, бірқатар шектеу шарасы жеңіл­де­тілуі ықтимал. Сон­дық­тан арқаны кеңге сала қоюға ерте. Талап пен ереже бұрынғыдай.

– Бәрі бір күнде өзгере қоймайды. Эпидемиолог ма­ман­­дар аурудың таралу көр­сет­кіштерін күн сайын есеп­теп, талдап, жағдайды бақы­лайды. Егер жеті күн ішінде індеттің күнделікті көрсеткіші төмендесе, «жасыл аймаққа» толығымен өтеміз. Сонда ғана шектеу шараларында өзгеріс болуы мүмкін, – дейді Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Бағылан Тауанова.

Әйтсе де шектеу шаралары толығымен алынбайды. Індет түбегейлі жойылмайынша, арақашықтықты сақтау, маска тағу сынды ережелер өзгермейді. Айта кетерлігі, жа­ғ­ажай маусымының ашылуына да аз уақыт қалды. Жағдай оңала қоймаса, жаға­жай­ларда да медициналық бетперде киюге тура келеді. Естеріңізге қайта бір сала кетсек, облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, халық қоғамдық орындарда, оның ішінде аялдамаларда маскаларын міндетті түрде тағуы керек. Жағажай қоғамдық орын болғандықтан, ол жерде де ме­дициналық бетперде кию міндетті. Шығыс Қазақстан об­лысының санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау де­партаменті мамандарының ха­барлауынша, әлеуметтік қа­шықтықты сақтаған жағдай­да медициналық маскасыз шо­мы­­луға рұқсат етіледі. Атал­ған шектеу шараларын бұзу фак­тілері анықталса, әкім­шілік шара қолданылады. Ережеде анық айтылғандай, жағажайда қаз-қатар тізіліп, күнге қыздырынуға рұқсат бола қоймас.

Ал демалыс, ту­­ристік-рекреациялық ай­мақ­тарға кіру кезінде екпе ал­ған­дығыңды дәлел­дейтіндей «ашық» жү­йесі пайдаланыла ма? Дема­лу­шылардың ПТР-тестінің нәтижесі ескеріле ме? Осы сияқты бірқатар сұрақ әлі мамандардың қарауында. Алайда өңірде вакцина алып жатқандардың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Қазіргі уақытта Өскемендегі екпе алу пунктері сенбі, жек­сенбі күндері де жұмыс істейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Эльмира Рахимбаеваның айтуынша, коронавирусқа қарсы егуді барлық ниет білдірушілер ала алады. Бүгінгі таңда аймақ тұрғындары үшін ресейлік Спутник-V және Араб өндірі­сін­дегі қытайлық Hayat-Vax ек­песі пайдаланылып жатыр. Оны әркім өз таңдауына қарай алады.

 

Шығыс Қазақстан облысы