– Елена Николаевна, Қазақстанда Сара Назарбаева құрған «Өзін-өзі тану» бағдарламасы ерекше екенін сіз үнемі айтып жүрсіз. Ал оның бірегейлігі мен ерекшелігі неде?
– Біріншіден, бұл – адамның өміріндегі қуанышты және бақытты сәт ретіндегі балдәурен – балалық шақтың абсолютті құндылығы туралы идея. Оның негізінде баланың барлық рухани күштері мен қабілеттерін үйлесімді дамыту, ар-ожданға сай өмір сүруге деген ұмтылысты тәрбиелеу идеясы жатыр. Екіншіден, бұл – қоғамды қайта құрудың және қоғамдық санада жалпы адамзаттық құндылықтарды жаңғыртудың басты жолы ретінде тәрбиеге деген көзқарас. Иә, біздің «Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасын ғылыми-практикалық әзірлеу «Бөбек» орталығы қызметінің жетекші бағыттарының бірі болып табылатынын үнемі айтып жүргеніміз рас. Идея авторының айтуынша, кез келген қайырымдылық бағдарламалар моральдік-рухани ағарту және адамгершілік рухындағы тәрбиемен толықтырылмаған жағдайда ол қысқа мерзім аралығында ғана нәтиже береді. Бүгінгі таңда баланың өмірдегі алғашқы қадамдардан бастап, өзін-өзі тануға, тағдырын түсінуге, бойындағы қарым-қабілетін ұтымды пайдалануға көмектесетін жалпыадамзаттық құндылықтар туралы білім беру аса қажет. Сондықтан да, біздің педагогикалық жүйеміздің мәні – көне заманнан келе жатқан халық даналығына негізделген денсаулық сақтау педагогикасы. Адам бақыты мен өмірлік сәттіліктің құпиясы бір жағынан өте күрделі, екінші жағынан қарапайым болып көрінеді. «Өз-өзіңізбен үйлесімділік», «Табиғатпен үйлесімділік» және «Қоғаммен үйлесімділік»» секілді құндылық бағдарлары арқылы адамның тұтас табиғаты мен оның денсаулығының рухани негізіне терең бойлауға болады. Осы құндылықтар «Өзін-өзі тану» инновациялық жалпыға міндетті оқу пәнінің негізін құрап отыр. Оның миссиясы – балалар мен жастарды бақытты өмірге бағыттауға басшылық жасау.
– Сара Алпысқызының балалар өмірін жақсартуға қосқан үлесін қалай бағалайсыз? Осы күнге дейін не істелді және не істеу керек?
– Күні бүгінге дейін осы бағытта өте ауқымды шаралар атқарылды. Ең бірінші кезекте, Сара Назарбаева қоғамда жалпыадамзаттық құндылықтарды бекіту үшін қуатты қозғалыс ұйымдастырғанын айта кеткен абзал. Бұл Назарбаева ханымның өз халқы мен бүкіл адамзат алдындағы орасан зор еңбегі екені еш дау туғызбайды. Сара Алпысқызы өзінің бүкіл өмірлік ұстанымы және іс-әрекетімен келешек ұрпаққа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсетуде. Ол балалар өмірдің ең үлкен сыйы екенін үнемі айтып жүр. Біздің міндетіміз – әр жеткіншектің сүйетін және сүйе алатын, мейірімді және жанашыр, өзара түсіністікке дайын, бақытты өмірдің әр сәтінен қуанышты сезінетін шынайы адам болып қалыптасуына көмектесу. Айналасына шуағын шашып, қайырымдылық жасау, қамқорлық көрсету және қандай да бір игі-шаралардың басы-қасынан табылу Сара Назарбаеваның өмірлік қағидаттарының бірі. Сондықтан Сара Алпысқызы бірінші ханым дәрежесінде жасаған ең алғашқы қадамы – ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, мейірім мен үй жылуынан айырылған балаларға көмек көрсету мақсатында «Бөбек» қорын құруы. Қордың президенті балаларды шын мәнінде сүйіп, олардың мықты әрі дербес болып қалыптасуына септігін тигізуде. Демек, өсіп келе жатқан адам үшін шынайы игілік – табиғи таланты мен өміршеңдігін дамыту, ой мен сөзі және іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті қалыптастыру. Назарбаева ханымның қызметінің маңызды бағыты «Бөбек» мамандандырылған оқу-сауықтыру орталығын құру еді. Соның нәтижесінде ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар оқу мен демалу, денсаулығын жақсарту және шығармашылықпен айналысу, өз қабілеттерін дамыту мүмкіндіктеріне ие болып отыр. Жалпы, «Бөбек» ізгілікті педагогика мен балалық шақты қолдау педагогикасының үздік дәстүрлері негізінде құрылды. С.Назарбаева әрбір адами құндылықтарды ана бейнесімен байланыстырады. Рухани көшбасшы және ұлттық ауқымдағы қоғам қайраткері ретінде ол баланы қорғаудың тұтас әлеуметтік-педагогикалық жүйесін құрып, оны аса маңызды әлеуметтік институт пен мемлекеттік басымдыққа айналдырды. Сол себепті де, Назарбаева ханым үздіксіз білім беру жүйесіндегі адамның үйлесімді дамуының бірегей педагогикалық жүйесінің идеялық шабыт берушісі болып табылады.
Сара Алпысқызы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде гуманистік құндылықтарды, ізгілік пен әділдік мұраттарын бекітуге елеулі үлес қосып отырған жаһандық ауқымдағы рухани көшбасшы және қоғам қайраткері ретінде бірауыздан мойындалды. Осы саладағы ерен еңбегі үшін ол жоғары халықаралық наградалармен марапатталды. Алайда С.Назарбаева ханым үшін ең жоғары марапат – балалардың бақыты. Сол себепті де Сара Алпысқызы әр жеткіншектің өзін-өзі тануы, үйлесімді дамуы және өзін-өзі толыққанды жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайдың барлығын жасады. Ол кісінің тұлғалық феноменін сипаттай отырып, С.Назарбаеваның жетекшілігімен жүзеге асырылған қоғамдық бастамаларының негізгі кезеңдерін бөліп те көрсетуге болады: «Бөбек» қайырымдылық қорын құру, «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» жобасын ұйымдастыру, мектеп бағдарламасына «Өзін-өзі тану» пәнін енгізу... Бүгінгі таңда бұл бастамалар жақсы жұмыс істеп жатыр және де ол келешек ұрпақты тәрбиелеу саласындағы баға жетпес құндылықтар деп бағалануда.
– «Қазақстандағы SOS балалар ауылы» – ел тарихындағы жетім балаларды қолдаудың маңызды жобаларының бірі екені сөзсіз. Осы әлеуметтік жобаны жүзеге асырудағы негізгі жетістіктеріңіз қандай?
– 2000 жылы елордада «SOS Балалар ауылы» ашылса, 2004 жылы Теміртауда дәл сондай ауыл пайда болды. Уақыт озған сайын Сара Алпысқызы бастаған игі іс одан да көп балаларды қамтыды. Бүлдіршіндердің тағдырына бей-жай қарамайтын серіктестердің де саны күрт өсті. Осы орайда, мемлекеттік органдар тарапынан да белсенді қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткен жөн. 2014 жылы Сара Алпысқызы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдау үшін тағы бір әлеуметтік бағдарлама ұсынды. Атап айтсақ, бірінші маусымда ол мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) бағдарламасы шеңберінде білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне нысаналы қайырымдылық көмек көрсету бойынша келісімге қол қойды. Соның нәтижесінде Қазақстанның барлық балалар мекемелерінен жүздеген мың түлек арнаулы орта және жоғары білім алу үшін депозит алды. Білім беру депозиттері иегерлерінің қатарында «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілері де бар. Сара Алпысқызы «SOS балалар ауылдарын» үнемі қолдайды – сыйлықтар жібереді, үнемі жүздесіп, тілдесіп тұрады. 2020 жылы коронавируске байланасты карантин жарияланған кезінде Сара Алпысқызы алғашқылардың легінде жас жеткіншектерге қолдау көрсетті. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде «SOS Балалар ауылдары» дәрі-дәрмек, дезинфекция мен қорғау құралдарының жеткілікті қорына ие.
Қазақстанның қоғамдық өмірі мен Сара Назарбаеваның жеке тағдыры тарихындағы шешуші сәт – «Отбасылық балалар үйлері мен жасөспірімдер үйлері туралы» Заңның қабылдануы. Ол проблемаларды шешу мен балалықты әлеуметтік қолдау үшін мемлекеттің жауапкершілігін ресми түрде бекітті. Қоғам қайраткері Сара Алпысқызы белсенділігін арқасында Қазақстандағы балалық шақты әлеуметтік-педагогикалық қолдау институтының толық әрі нақты ұйымдастырушылық безендірілуіне қол жеткізілді. Білім және ғылым министрлігінің құрылымдарында балалар құқықтарын қорғау комитетінің және балаларды қорғау жөніндегі облыстық департаменттердің құрылуы арқылы жас қазақстандықтарға мемлекеттік қорғаншылық жүйелі сипатқа ие болды. Енді біздің алдымызда басты міндет тұр – қоғамдағы әр түрлі мамандық иелері, бизнес өкілдері және шығармашылық интеллигенцияны жұмылдыра отырып, адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының идеяларын ілгерілету. Өйткені, біз қандай да мамандықтың иесі болғанымызға қарамастан, ең бірінші кезекте, балаларға бақыт тілейтін ата-ана екенімізді ұмытпайық.
Сара Алпысқызы бастаған «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы қазіргі заман талабына сай өз миссиясын абыройлы атқаруда. Бұл идеяның негізінде жан-жағына жақсылық жасау, мейірімді әрі адал болу, барша жаратылыс иелері мен айналаңдағы адамдарға махаббат көзімен қарау, олардың игілігіне жәрдемдесу, туған жерін шын жүректен және жан-тәнімен сүю, оның өркендеуіне қызмет ету секілді мәңгілік ақиқат жатыр. Міне, адамды адам етіп, азамат әрі тұлға ретінде қалыптастыратын осы қасиеттер.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,