Әдебиет • 19 Мамыр, 2021

Әзербайжан президенті Олжас Сүлейменовті марапаттады

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың дамуына қосқан үлесі үшін Олжас Сүлейменовті «Şərəf» орденімен марапаттау жөнінде өкімге қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz «АЗЕРТАДЖ» агенттігіне сілтеме жасап.

Әзербайжан президенті Олжас Сүлейменовті марапаттады

«Şərəf» (Абырой) ордені 2007 жылы құрылды. Орден Әзербайжан республикасына айрықша еңбек сіңірген тұлғаға экономика, ғылыми-техникалық дамуға, қоғамдық-мәдени прогреске қосқан үлесі үшін, ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, ағарту және денсаулық сақтау саласында ерен еңбегі үшін беріледі. Орден алтын мен платинадан жасалған сегіз қырлы жұлдыздан тұрады.

Ішінде екі дөңгелек бар сыртқысы алтын, ішіндегісі платинадан жасалған. Аталған марапат шетелдіктерден - Түркия Президенті Сүлейман Демирелге, Ресей патриархы Кириллге, Еуропа олимпиада комитеттерінің президенті Патрик Хиккиге, Ресей опера әншісі Тамара Синявскаяға, ТАСС агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманға берілген.

Еске сала кетсек, 18 мамырда ақын, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог, «Семей-Невада» қозғалысының көшбасшысы Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов 85-ке толды.

Олжас Сүлейменов – XX-XXI ғасырлардағы аса көрнекті ақын, бүкіл әлемге өзінің поэзиясымен ғана емес, қоғамдық-саями қызметімен де танымал тұлға. Олжас Омарұлы әр жылдары Жазушылар одағын басқарып, Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, көп жыл бойы ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. 1995-2001 жылдары аралығында ҚР-ның Италия, Греция, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2001-2014 жылдары – Қазақстанның ЮНЕСКО- дағы Тұрақты өкілі болды.

Олжас Сүлейменовтің мерейтойы қарсаңында Алматыда «Танып – біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениеттерді жақындастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болгар, мажар, моңғол, қырғыз, түрік және басқа да тілдерге аударылған.