Әлем • 19 Мамыр, 2021

Грузияда Абай атындағы дәрісхана ашылды

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тбилисде қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы атындағы дәрісхана ашылды. Ашылу салтанатына Грузияның мәдени және ғылыми орта өкілдері, оқытушылар, студенттер мен журналистер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Грузияда Абай атындағы дәрісхана ашылды

Сухуми мемлекеттік университетінде ашылған аталмыш дәрісхана ақынның былтырғы 175-жылдық мерейтойы шеңберіндегі іс-шаралардың бірі ретінде Грузиядағы Қазақстан Елшілігінің және Қазақстан-грузин мәдени-экономикалық бірлестігінің қолдауымен жабдықталған болатын. Дәрісхана еліміз туралы кітаптармен, мерзімдік басылымдармен, компьютерлік техникамен қамтылған.

Қазақстан Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов өз сөзінде аталмыш дәрісхананы Қазақстанға ашылған «терезеге» теңей отырып, оның еліміз туралы ақпараттық орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Салтанат барысында хәкім Абайдың өлеңдерін грузин тіліне аударған Грузия жазушылар одағының Төрайымы, танымал ақын Маквала Гонашвилиге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты табыс етілді. Жиналғандар грузин оқырмандарының Абайдың мәңгілік мұрасымен өз ана тілінде танысу мүмкіндігі екі достас халықтар арасындағы өзара тартылыс пен түсіністікті тереңдете түсетініне сенім артты.