Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

Орал қаласында жаңа мешіттің қазығы қағылды

961 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласының құрамындағы Зачаганск кентінде жаңа мешіттің қазығы қағылды. Мешіт іргетасына аманат қағаз қойылып, ол шараға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орал қаласында жаңа мешіттің қазығы қағылды

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Орал қаласының құрамдас бөлігі – Зачаганск кентінде 70 мыңнан аса халық тұрады. Соңғы жылдары көпқабатты үйлер көптеп салынып, ерекше көркейіп келе жатқан ауданда бір де бір мешіт жоқ еді. Өңір басшысы Ғали Есқалиев айтқандай, кент тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалатын болды. Әкім осындай игі шараға мүфти хазіреттің аранйы қатысқанына ризашылық білдірді.

- Ақ Жайық өңіріне арнайы сапармен келіп, бірнеше игі шараға қатысып жатырмыз. Алланың жердегі үйі болатын мешіт – қастерлі орын, оның құрылысына қолдау көрсетіңіздер, мешіт құрылысына көмектескен адамның алар сауабы өте зор. Пайғамбарымыз хадисінде айтады: кім де кім өмірінде бір мешіт соқса, Алла Тағала оған қияметте өзі соққан мешіт сияқты жәннатынан үй салып береді дейді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Аллаға сенгендер, ақиретке сенгендер Алла Тағаланың үйлерін көркейтеді» дейді. Бұл өте сауапты іс. Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға һижрат еткен кезде алғашқы жұмысын мешіт салумен бастаған. Еліміздің астанасы қазіргі орынға ауысқан кезде Елбасымыз алғашқы құрылыстардың бірі етіп мешітті бастаған еді, қазір Нұрсұлтан қаласында 12 мешіт бар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында астанамызда әлемдегі ең сәулетті құрылыстың бірі болатындай, алғашқы ондыққа кіретіндей зәулім мешіт құрылысы жүріп жатыр. Халқымыз «Азанды ел азбас» деген, бүгін іргетасы қаланып отырған мешіт ғимараты халықты имандылыққа, әділдікке, адалдыққа тәрбиелейтін орын болғай! – деді мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жаңа мешіт құрылысы халықтың, жекелеген адамдардың қаржысына салынбақ. Ол үшін арнайы қор құрылып, бүгінде тиісті тіркеуден өтіп жатыр. Қала әкімдігі мешіт үшін 1 гектарға жуық жер бөлген, мұнда бір мезгілде 1500 адам мінәжат ететін мешіт кешені, көлік тұрағы, тағы басқа орындар ескерілген. Жаңа мешіттің жалпы көлемі 2,5 мың шаршы метр, мешіттің қос мұнарасы 47 метр болады деп жобаланған.

- Дінге шын жаны ашитын азаматтар атсалысып, мешіт қорына үлес қосады деп ойлаймын. Мешіт құрылысы қанша уақытқа созылатыны белгісіз, өйткені мемлекет салып жатқан нысан емес қой. Бәрі қорға түсетін қаражатқа байланысты. Құрылысты қолға алатын мердігер де нақты анықталған жоқ, бірақ тілек білдірушілер бар, - дейді Зачаганск кентінің әкімі Аққали Әубекеров.

 

Батыс Қазақстан