Спорт • 19 Мамыр, 2021

«Астана» жеткізбей келеді

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан чемпионатының 12 тур ойындары өз мәресіне жетті. Соңғы кездесулер Тараз, Атырау, Қостанай және Атырау қалаларында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Астана» жеткізбей келеді

«Тараз» көш соңындағы «Жетісудан» ойда-жоқта жеңіліп қалды. 2-минутта Педро Эуженио гол соққанымен, арада тура жарты сағат өткеннен соң Артем Дмитриев таразы басын теңселтті. Командалар үзілістен шыққан бетте Берік Шаихов допты өз қақпасына енгізді. 70-минутта Бауыржан Байтана есепті теңестірді. Бірақ жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. 72-минутта Айбар Жасылықов соққан гол «Жетісуға» жеңіс сыйлады – 2:3.

«Каспий» мен «Шахтер» арасындағы бәсекенің тағдыры алғашқы таймда шешілді. Алаң иелері сапындағы Давид Караев екі мәрте (2 және 31-минуттар) және Сали бір рет (9-минут) допты торда тулатты. Қонақтар бірде-бір нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады – 3:0.

Қостанайда «Тобыл» «Қызылжарды» 2:0 есебімен ұтты. Бұл голдардың авторлары – Неманья Николич (64 минут) пен Серікжан Мұжықов (77 минут). Ал «Атырау» мен «Ордабасы» арасындағы матчта есеп ашылған жоқ – 0:0.

Жарыс кестесінде «Астана» әлі де ешкімді жеткізбей келеді. Елордалық клубтың еншісінде 32 ұпай бар. Екінші орында – «Тобыл». Қостанайлықтар 25 ұпайды олжалауда. «Ақжайық» үшінші сатыға жайғасты. Оралдықтардың 21 ұпайы бар.