Парламент • 20 Мамыр, 2021

Қашықтан жұмыс істеу заң жүзінде реттеледі

559 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар қашықтан оқу мәселесін талқылады.

Қашықтан жұмыс істеу заң жүзінде реттеледі

Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Еңбек кодексіне қашық­тан жұмыс істеуді құқықтық рет­теу­ді жетілдіру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұл­данды. Осы мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова баяндама жасады.

«Бүгінгі таңда әлемдік практикада қашықтан жұмыс істеу белсенді дамып келеді. Сондай-ақ жұмыскердің «ста­ционарлық» және қашықтан жұмыс істеуді үйлестіруінің құқықтық мүмкіндігі кеңінен таралған. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес қашықтан жұмыс істеу жұмыс процесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тұрақты негізде пайдалана отырып, еңбек процесін жұмыс беруші тұрған жерден тыс жерде  жүзеге асырудың ерекше нысаны ретінде айқындалған. Сонымен қатар 2020 жылы Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуы қызметкерлердің орта есеппен жетпіс пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, жұмыс режімінің өзгеруіне әкелді. Елде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі пандемия кезеңіндегі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті», деді Ж.Омарбекова.

Анықталған олқылықтарды ескере отырып, депутаттар бірқатар ұсыныс жасады. Соған сәйкес, тараптардың келісуі бойынша қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдары енгізілмек. Сонда жұмысты бірде кеңседе, бірде қашықтан істеуге мүмкіндік беру мәсе­лесі де қарастырылмақ.

«Қашықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлер кезіккен өткір мәсе­ле­лердің бірі – коммуникация құрал­дары­мен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету. Осы­ған байланысты заң жобасында норма көзделді. Соған сәйкес төтенше жағдайды енгізу, төтенше жағдайды жариялау және шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құрал­дарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады. Егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланатын болса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімдері тараптардың келісуі бо­йынша белгіленеді. Жұмыс берушінің актісі бойынша қызметтік міндеттерді еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілерді, әскери қызметшілерді, арнаулы мемлекеттік жә­не құқық қорғау органдарының қыз­мет­­керлерін қашықтан жұмыс істеуге жі­бе­ру тәртібі регламенттелді», деді де­путат.

Заң жобасына сәйкес, жұмыс беруші мен қызметкер қашықтан жұмыс іс­теу кезінде пайдаланатын құпия ақпа­рат­ты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді.

«Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында, еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін  бел­гілеу жөніндегі норма көзделді. Осы уақыт ішінде жұмыскер жұмыс уақы­тының күнделікті ұзақтығының шек­теулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыста болу үшін қолжетімділік режімінде болуы тиіс.

Бұл ретте, еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс іс­тейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақы­тының жиынтық есебін қолдана отырып, икемді жұмыс уақыты режімі белгіленуі мүмкін», деді Ж.Омарбекова.

Құжатты талқылау барысында Мә­жіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де пікір білдірді.

«Әрбір заманның, әрбір уақыттың  өзінің талабы бар. Барлық сала осы за­ман талабына сай болу  керек. Сол үшін бүгінгі заң жобасында «қашықтан жұ­мыс» деген норманы енгізіп отырмыз. Себебі пандемия кезінде қашықтан жұ­мыс жасаудың пайдалы екеніне, тиім­ді екеніне бәріміз көз жеткіздік. Сон­дық­тан қашықтан жұмыс форматы да заң деңгейінде реттелу керек деп есеп­теймін», деді Мәжіліс Төрағасы.

Аталған құжатты талқылау бары­сында депутаттар бірқатар түзету ен­гізді. Атап айтқанда, ұғымдық аппаратты нақтылау («қашықтан аралас жұмыс істеу», «хабарлама» ұғымдары), төтенше немесе соғыс жағдайы, төтенше жағдай енгізілген кезеңде не өзге де шектеу іс-шаралары енгізілген кезде немесе жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін өзге де жағдайларда жұмыс берушінің актісімен жоғарыда көрсетілген жағдайлар жо­йылғанға дейін жұмыс берушінің қашықтан жұмыс істеу немесе қашықтан аралас жұмыс істеу құқығын уақытша енгізу қарастырылады.

Сондай-ақ жұмыс берушінің актісіне сәйкес жабдықты, бағдарламалық-техникалық құралдарды, коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын), байланыс қызметтерін, ақпаратты қорғау құралдарын және өзге де құралдарды қоса алғанда, еңбек функцияларын қашықтан орындайтын жұмыскерге жұмыс беруші беретін құралдар тізбесін нақтылау көзделген. Бұдан бөлек, қашықтан жұ­мыс істеу орындалатын орынды нақ­ты­лау және басқалары бөлігінде жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізді.

Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің жал­пы отырысында «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Атал­ған мәселе жөнінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады.

«Фельдъегерлік қызметті ұйым­дас­тыратын құзырлы орган – Премьер-Министрдің кеңсесі. Оның міндеті – Үкі­меттің хат алмасу жұмысын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың аса ма­ңызды әрі құпия хаттарын тасу, арнайы пошталарды ТМД-ға мүше елдерге жеткізу.

Бұл бөлімнің қызметкерлері ішкі істер органдарының кадрында тіркелген. Сондықтан олар қарумен, формамен және арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі. Бірақ ішкі істер органдарының қызметкерлері сияқты қылмыс ашып, тергеу жүргізбейді. Сондықтан ішкі істер органдарының құрамына, жеке штат­тық бірліктеріне кірмейді. Заң жоба­сын әзірлеу кезінде халықаралық тәжі­рибе зерттелді. Бірқатар елде фельдъ­е­герлік байланыс туралы арнайы заң қабылданған», деді Е.Тұрғымбаев.

Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасының бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, фельдъегерлік қыз­мет­тің құқықтық мәртебесін бекіту көз­делген. Екіншіден, ТМД елдері ара­сын­да осы фельдъегерлік байланыс­тың тә­жі­рибесін жасау. Үшіншіден, қыз­мет­керлер мен олардың отбасы мүше­­лері үшін әлеуметтік кепілдіктер бекіту. Бұл мақсатта 16 миллион теңге қарастырылған.

Заң жобасының негізгі ережелері фельдъегерлік байланыстың міндеттері мен қағидаттарын заңнамалық бекітуге, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет (МФҚ) қызметкерлерінің құ­қық­тары мен міндеттерін айқын­дауға, МФҚ қызметкерлерінің құқық­тық жағдайын регламенттеуге, МФҚ қызметкерлерінің әлеуметтік кепіл­діктерін белгілеуге бағытталды.

Құжатты қабылдау қызметтің құ­қықтық, ұйымдық негіздерін және МФҚ қызметкерлерінің мемлекеттік органдармен жедел өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

Жиын барысында депутаттар «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында аудандық маңызы бар қалаларға, ауылдарға, кенттерге, ауыл­дық округтерге салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін беру, бюд­жеттік рәсімдерді оңайлату, бекітіл­ген бюджеттің 20%-ынан аспайтын кө­лемде бюджеттік бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлу және жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту көзделеді.

Сондай-ақ заң жобасында мәс­лихаттар депутаттарына қосымша құқықтар мен міндеттер беру және мәслихаттар хатшыларының құқықтық мәртебесін арттыру ұсынылады.

Сонымен қатар жиында Палатаның комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олар: Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқа­рылуын бақылау жөніндегі есеп коми­тетінің 2020 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есептері, «Се­мей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы және оған ілес­пе түзетулері сондай-ақ жер қатынас­тарын дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасы бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.