Алғашқысы 30 жастағы Дамир Исмағұлов. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Ресейдің Орынбор өңірінде туып-өскен қазақ жігіті бұған дейін де талай байрақты бәсекелерде өзінің мықтылығын сан мәрте мойындатқан. Кезінде ол M-1 Global нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Өзінің спорттық карьерасында барлығы 20 жекпе-жек өткізген Дамир 19 мәрте жеңіс тойын тойлады. 10 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. UFC-де үш рет айқасып, үш кездесуде де мерейі үстем болды. Бұл жарыста Исмағұлов бразилиялық Рафаэль Альвеспен (19 жеңіс, 9 жеңіліс) күш сынасады.
Екіншісі 26 жастағы Сайран Нұрданбек. Қытайда дүниеге келген қандасымыз өз жекпе-жектерінің денін сол мемлекетте өткізді. 25 рет октагонға шыққан ол 19 рет жеңіске жетті. 14 қарсыласын нокаутқа жіберді. Бұл Сайран үшін UFC-дегі тұсаукесер кездесуі.