Өнер • 20 Мамыр, 2021

«Дарын» жастар сыйлығына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды

988 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлердің құжаттарын қабылдау басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Дарын» жастар сыйлығына үміткерлердің құжатын қабылдау басталды

Бұл туралы Ақпарат және қоғамық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«2021 жылығы 20 мамырдан «Дарын» сыйлығына үміткерлердің құжаттарын қабылдау басталды. Барлық талантты жастарды аталған байқауға қатысуға шақырамыз. Өтінімдерді қабылдау бізде 10 тамызға дейін жүргізіледі. Толық мәлімет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтында қолжетімді. «Дарын» сыйлығына үміткерлерге қойылатын негізгі талап – сыйлық алуға өтінімдерді қабылдау аяқталғанға дейінгі сәтте жасы 29-ға толмаған болуы керек. Үміткер жастарды орталық, жергілікті мемлекеттік органдар, оқу орындары, шығармашылық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады», деді министрлік өкілі.

Оның айтуынша, сыйлық аясында берілетін номинация тізімі өзгермеген. «Байқау әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино,эстрада, халық шығармашылығы атты 10 номинация бойынша өтеді.

Өздеріңізге белгілі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын талантты, белсенді шығармашылық, халықаралық және республикалық конкурстар мен фестивальдардың, түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі қалаларда қоғамдық дамытуда сүбелі үлес қосып жүрген Қазақстан Республикасының 29 жасқа дейінгі азаматтары қатыса алады. Бүгінге дейін 294 адам «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды», деді Шахмардан Байманов.