28 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚЫ ЖОЛМЕН ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАСАҚ

656 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Өткен қыс малды ауылға өте ауыр болды. Сақылдаған сары аяз бен ақ түтек боран кезек ал­масып, елдің есін шығарды. Асыға күткен көктем басының өзі жайсыз тигені мәлім. Алматы облысының Қы­зылағаш ауылын­дағы, одан кейін Шығыстың Тарбағатай өңіріндегі табиғат апаты салдары алыстағы біздің де жанымызға қатты батты. Төрт түлік қазақтың ежелден күн­көріс көзі. Малдың тосын шы­ғыны қашанда зор зардап болған. Бауырларымыз  басына түскен ауыртпалықты осындай шақта бірге көтермесек  ағайын­ды­ғымыз қай­сы. Тәубе, бұған дейінгі жылдарға қарағанда бү­гінгі  жағдайымыз шү­кіршілік. Қазақы таза ниет-пейіл таны­тылатын кез-ақ қой қазір. Рас, Үкімет су тасқынынан зар­дап шеккендерге барынша көмек жасап жатыр. Азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материал­дары жағынан кемшін жоқ сияқты. Ал мал шығыны орнын толтыруға келгенде қиындық бар ма деп ой­лаймыз.  Әуелде  түлік түрін сатып алуға төменгі пайыз­бен несие берілетіндігі айтылды. Бұдан соң сақтандырылған мал­дың ғана құны өтеледі делінді. Өз өмірін сақ­тандыруға самар­қау қарайтын қазақ қорадағы малын сақтан­дырушы ма еді. Осы орайда айтпақ ойымның  түйіні мынадай.Үкімет өз тара­пынан жәрдемін жасай берсін. Ал біз қиындыққа тап болған аға­йындарымыз алдына  бабалар үлгі­сімен мал салып бергенді жөн көреміз. Мәселен, иелігінде 100 жылқысы немесе 100 сиыры бар шаруа қожалығы тиісінше 1 байтал, 1 құнажын, 300 қойлы фермер 10 тұсақ ұсынса дейміз.  Өзім Тарбағатай ауданындағы Жантікей ауылы тұрғындары қолына 20 тұсақ тапсыруға ойым бар. Қар­қа­ралылық Қайдар Бу­рабаев, Разақ Әлин, Тұрар Ахмет­шин, Бағдат Шахмерденов­тей әрдайым жұртқа жанашыр ағаларым  менің осы ұсынысым­ды қолдап отыр. “Көп түкірсе көл” деген халқымыз. Мұндай қамқорлықты жаппай көтеріп әкетсек, бауырларымыздың жағдайы тез оңалары талассыз. Аспандияр СЕЙСЕНҰЛЫ, “Арқа таңы” шаруа қожалығының жетекшісі. Қарағанды облысы, Абай ауданы, Ақбастау ауылы.