Ең шеті 60 шақырымға дейін созылатын Орданың құмға отырғызылған орманын түгелдей аралап шығу үшін мықты техника, содан соң қажыр-қайрат қажет. Тәуекел деп орманды аралап шығып, көз жеткізген жайтты көпшіліктің назарынан ұсынуды жөн көрдік.
«Қарағай – ұзақ жасайтын ағаштардың қатарынан. Табиғи тепе-теңдік толығымен сақталған жағдайда қарағай 200 жыл бойы көкке ұмсынып тұра алатынын табиғаттың өзі дәлелдеген. Өз заманында Жәңгір хан құм көшкінін тоқтату үшін тал, шілік, бұта секілді аса биік болып өспейтін өсімдіктер өсіруге бастамашы болса, кейінірек 1890 жылы «Орда» орман шаруашылығы мекемесі құрылғаннан кейін орыс ғалымдарымен бірлесіп қарағайлар өсіріле бастағаны тарихи деректерден белгілі. Сол дәуірде егілген кәрі қарағайлар біздің кәсіпорынға қарасты ағашпен көмкерілген аумақтарда әлі де кездеседі», деді бізге өз әңгімесінде «Орда» орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ директоры Ақылбек Әлсейітов.
Орда орманында көңілге түйген жайт – мұнда ұзақ жыл жасаған ағаштармен қатар, жас қарағайлар және өзге де тал-теректер түрлерінің қурай бастағаны. Мұның сыры неде? Тарихты айтайын деп айтпайсың, қозғайын деп қозғамайсың. Әйтсе де бұл сауалға жауап қайтару үшін тарихи деректер мен сол тұстағы өмір шындығынан хабар беретін ел аузында қалған әңгімелерге сүйенуге мәжбүрміз. Бұған қатысты мәліметтерге іссапардағы жолбастаушымыз, Орда жерінде туып-өсіп, бар саналы ғұмырын Нарын құмы мен Азғырдың етегінде өткізген аға буын өкілі Төлеген Өтешевтен қанықтық. «Қазіргі Хан ордасы ауылдық округі аумағындағы далалық алқаптар мен мал жайылымдары Шолаққопа мен Хаки көліне көктемде жиналатын қар суы мен осы кезде Мұратсай ауылы тұсына келетін Еділ суы арқылы қорланып келді. Бұл аумақтың жалпы көлемі 32 мың гектар болса, соның тең жартысына су жайылатын. Қазір ойлап қарасақ, соның бәрі ертегі секілді. Бүгінде Шолаққопа да, Хаки көлі де кеуіп, оның орны тұздылығы топырақ бетінен басталатын сор мен сортаңға айналды. Соның салдарынан жерасты суы 2-3 метрге дейін тереңдеп кетті. Бұған кейбір ағаштардың тамыры жетсе, екінші бірінің тамыры жетпейді. Сонда бұлар қурамағанда қайтеді. Осы арадан Құдайдың құтты күні тұздың көтеріліп көкке ұшуы салдарынан тұз бораны соққанда жаныңды қоярға жер таба алмай қаласың», дейді ол.
Осылай деп бір күрсініп алған Төлеген ағамыз біз жайғасқан Нива көлігі дәл қазір осы экологиялық жағдайы мүшкіл аймаққа бағыт алып келе жатқанын жеткізді. Әйтеуір бір жерден қосылатын теп-тегіс дала жолымен көсілтіп келеміз. Төкең әлсін-әлсін жүргізушіге «Міне, былай жүр, мына жолға түс» деп бағыт беріп қояды. Бір кезде «Міне, Шолаққопаға да жақындап келіп қалдық» деп тіл қатты. Көліктің терезесінен жан-жағымызға үңіле қараймыз. Көз ұшында бейнебір көл секілді айдындар жылтырайды. Аңдап қарасақ, мұның өзі көлден сорға айналған оның табаны екен. Жолбастаушымыздың айтқан сөзінің айна-қатесіз растығына тағы бір көз жеткіздік. Көз алдымызда тұз бораны ауада қалқып барады. «Бұл түк те емес, қазір көктем ғой. Әзірге жерде ылғал жеткілікті. Мұның көкесін жаз ортадан ауғанда көрерсіз», дейді ол даусы солғын тартып.
Нарын құмы етегінде жерасты суының төмендеуі – ағаштардың мезгілінен бұрын қурауының басты себебі. Ал «Орда» орман шаруашылығы мекемесі қызметінің басты мақсаты – жыл сайын жас өскін көшеттер егіп, орман қорын толықтыру, жаз кезінде жергілікті маңызы бар табиғи аймақты өрт пен әртүрлі зиянкестерден қорғау, биологиялық өңдеу және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізу. Аталған істердің жай-күйімен танысқан кезде мұнда шешімін таппаған мәселелер жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Соның кейбір түйткілі төмендегідей.
Мұндағы бірінші мәселені қарағай отырғызудан бастасақ, бұл іс әлі күнге дейін қолмен атқарылады екен. Қарағайдың аты қарағай, оны егуді шілік, жыңғыл және бұта секілді аласа ағаштармен салыстыруға да келмейді. Өйткені шұңқыры өте терең қазылады. Аталған мекеме қарағай көшеттері егілетін алқапты әр жыл сайын 25 гектарға дейін өсіруді жоспарлапты. Мұның өзі – 50 мың түп деген сөз. Бұған қаншама қол күші қажет екенін есептей беріңіз. Оны бүгінгі заманауи техниканың көмегімен атқаруға да болар еді ғой. Әйтсе де жер мен топырақтың бетінде суда жүзген балықтай қимылдайтын арнаулы техника қалың құмға тұмсығын батыра алмай қайырлап қала береді екен. Орманда өрт болмасын деңіз. Жалмаңдаған тілсіз жау күшейсе, екі-үш ағашты емес, тіпті тұтастай орманды жайпап кетуі әбден мүмкін. Мұндай хабар тигенде зыр етіп келе қоятын өрт сөндіру машинасы ауадай қажет-ақ. Бір қынжыларлық жайт, аталған кәсіпорын құзырындағы жалғыз әрі ескі арнайы техниканың жүруінен тұруы көп болып шықты.
Сондықтан өрт сөндіру ісі су толтырып алатын цистернасы бар екі трактордың күшімен атқарылатын көрінеді. Орал қаласындағы Агрореммаш зауыты біраз жылдан бері өрт сөндіретін машиналар құрастырумен айналысып жатыр. Соған сұраныс беру мүдделі атқарушы органдар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне көп қиындық келтірмес еді-ау деген ой келеді. Тұтастай алғанда орман шаруашылығы мекемесіндегі техниканың 50 пайызының тозығы әбден жетіпті. Мұның бәрі жаңартуды қажет етеді. Оның соңғы легі сонау 2005 жылы алынған.
Келесі кезекте зиянкестер мен биологиялық өңдеу мәселелеріне келсек, мұнда да қол соға қоятындай көрініс байқалмайды. Бұлай дегенде кәсіпорындағы қарапайым техникалық қызметкерлер мен орман инспекторларының қызметіне сын айту ниетінен аулақпыз. Керісінше олар бюджеттік бағдарламаны жүргізушілер тарапынан тиісті қолдау мен құрметке лайықты. Айталық, олардың бүгінгі алып жүрген еңбекақысының көлемі 70-80 мың теңге төңірегінде. Бұдан үш жыл бұрын бұл мөлшер 45 мың теңге болыпты.
Бір жыл бұрын 1 мың гектар қарағайлы алқапқа биологиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлдіру жөнінде сұраныс жасалғанымен, әлі күнге дейін нақты жауап қайтарылмаған. Ойдан ой, сөзден сөз туады. Бізде отандық ғылымда сазды және қара топырақты орман алабын жасақтаудың ғылыми негіздері жасалғанымен, осындай күрмеуі көп күрделі істі құмды аймақ жағдайында қалай жүргізу қажеттігі қағаберістеу қалып жүргені жасырын емес. Шынтуайтына келгенде, бұл екеуінің арасында елеулі айырмашылық бар екені анық.
Құмда ағаш өсіру ісінде көптеген микроэлемент жетісе бермейтіні байқалады. Соның ең бастысы гумус, яғни кәдімгі қарашірік екенін екінің бірі біле бермеуі кәдік. Агрономия ғылымында өсімдікті белгілі бір аймаққа жерсіндіру деген мәселе бар. Бұл іс те Орда құмында алдын ала ғылыми зерттеу жұмыстарынсыз жүргізіледі. Құмның аты – құм, асты босаңдау келеді. Бұл қатты, дүлей жойқын желдер кезінде өзі шайқалса да тамыры былқ етпейтін қара жер емес. Ал құмда мұндай жағдайда қарағайлардың түп-тамырымен қопарыла құлауы қалыпты құбылыстың қатарына кіреді. Мұндай жағдай болмау үшін де ғылыми көзқарас қажет екені талас туғызбайды.
Нарын құмындағы Орман орналастыру алқабы 16 405 гектарды құрайды. Осы ауқымды аумақтың Хан ордасы ауылының іргесіндегі Жасқұстан басқасы Ресейдің Капустин-Яр ракеталық сынақ полигонына кіреді. Дегенмен ракеталық сынақтар әлі күнге дейін жалғасуда. Оның орман ағаштарының өсіп-өнуіне тигізетін қандай зиянды әсері бар? Бұл сауалдың жауабы да ұзақ жылдар бойы ашық күйінде қалып келеді. Ерте ме, кеш пе аталған мәселеге байланысты ғылыми тұжырым тұрғысынан тиянақты жауап қайтарылуы керек.
Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі кәсіпорын жетекшілеріне бір ғана жағымсыз жайт белгілі. Яғни ресейлік әскери мамандар сынақ жүргізуді бастаған кезге дейін Орда аймағында табиғи тепе-теңдік сақталып, жанға жайлы қыс пен жаз орнап, жаңбыр да, қар да жиі жауып келгенін жергілікті тұрғындардың аузынан талай рет естігенбіз. Ал сынақ басталғаннан кейін жел жиі соғып, көктен нәр тамбайтын теріс құбылыс пайда болыпты. Мұның сыры сынақтар жүргізілген кезде әскерилер жауатындай болып түнеріп тұрған бұлтты техногендік қондырғылардың көмегімен ыдыратып жібереді екен. Яғни нысанаға ату кезінде күннің бұлтсыз, ашық болуы керек.
Орда орманындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, осы аумақтағы жерасты су көздері ғылыми зерттеу жұмыстарына зәру болып отыр. Мұндай үрдіс ертерек жылдарды Ресей ғылым академиясының ғалымдары Г.И.Высоцкий, А.Г.Гаель, Е.Д.Годнев, В.В.Огиевский, И.И.Сус және М.Қ.Сапановтар тарапынан басталғанымен, кейін қаржы қаралмағандықтан жалғасын таппай қалды. Бұл бағытта отандық кәсіпорын басшысы Ақылбек Әлсейітов егер қаржыландыру мәселесі шешімін тапса, Ресей ғылым академиясының академигі, ормантану ғылымдарының докторы, өз қандасымыз Мамай Сапанов аталған бастаманы қайтадан қолға алуға ықыласты екенін айтты.
Әрине, мұндай ғылыми зерттеулердің бағасы жоғары болса керек. Сонда Еділ мен Жайықтың аралығын емін-еркін жайлаған мыңдаған қандасымыздың тағдыры мен денсаулығының құны төмен болғаны ма? Біздің ойымызша, ел аумағында ресейліктер жүргізетін зымырандық сынақтарды тоқтатып, жалға алынған ұлан-ғайыр аймақты өз иелеріне қайтаратын уақыт жеткен секілді. Мың өліп, мың тірілген халқымыз ықылым замандардан бері тұмса табиғаттан аларын алып келді емес пе?! Әрі осы табиғат о бастан өз жарасы мен жарақатын өзі емдеп жазып келгені де айдай ақиқат. Осы ракеталық сынақтардың салдары ерекше қорғалатын аймақ Нарын құмының етегіндегі қарағайлы орман десек ше?! Оны келешек ұрпақтың қолына табыстау – ортақ парызымыз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
журналист