Сұхбат • 21 Мамыр, 2021

Тағдыр тоғыстырған мамандық

567 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

21 мамыр – еліміздегі Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.

Тағдыр тоғыстырған мамандық

Шынын айтқанда, осы салада күндіз-түні жан салып, қызмет істеп жүрген  мамандардың еңбегі көп елене де, айтыла да бермейді. Әйтпесе, олардың жұртшылықты ибалы ізгілікке үндеп, рухани-мәдени өмірімізді байытып жүрген еңбектері айтуға тұрарлық. Соның ішінде «баға жетпес байлық» саналған кітаппен тығыз байланыстағы кітапханашыларды бөле-жара айтсақ дейміз. Осы мақсатта елордадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана мен оны басқарып отырған, 2018 жылғы «Жүз жаңа есім» жобасы екінші кезеңінің жеңімпазы Ғалым Нұрланов жайында сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

Жалпы, кейіпкеріміз бала күнінен кітапқа жақын болып өссе де кітап­ханашы боламын деп еш ойламапты.

– Бұл мамандықпен тағдырым тоғыс­тырды, − дейді ол. − Алдымен оқырман ретінде Алматыдағы за­ғиптарға арналған республикалық кітапханаға барып, содан түрлі кітаптар алып оқып жүрдім. Сөйтіп, бірте-бірте осы мамандыққа деген қызығушылығым оянып, құрметім артты. Сосын кітапханада жұмыс істесем деп ойладым. Өйткені өзім секілді тағдырластарыма қолұшын созғым келді. Сол мақсатпен Шоқан Уәли­ханов атындағы Көкшетау мем­лекеттік университетінің кітапхана ісі мамандығында оқып, оны ойда­ғыдай аяқтап, 2014 жылы астанадағы осы арнайы кітапханаға жас маман болып орналастым. Алғаш кел­­генімде оқырмандарға Брайль жүйе­­сіндегі қазақша кітаптардың жетіс­­пейтіндігін көрдім. Тіпті ана тілімізде жазылған аудио жинақтар қоры да өте аз. Осы мәселе мені қат­ты ойландырды.

Елімізде зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана санаулы. Бас шаһардың өзінде біреу, ол 1970 жылы ашылған, содан бері жұмыс істеп келеді. Қазір жарты ғасырдан аса тарихы бар кітап ордасының мыңнан аса оқырманы бар, оның 29-ы – балалар. Ондағы кітап қоры 19 248 болса, қазақша кітап саны – 3 031 ғана. Ал Ғалым сөз еткен Брайль жүйесіндегі рельефтік-нүктелік қаріптегі әдебиет 2095 дананы қамтыса, соның 30-ы ғана қазақша екен. «Дыбысталған әдебиет» бойынша таспаға түскен жинақ 8 806 болса, соның 1 213 данасы ана тілімізде жазылған. Бүгінде кітапхана уақыт талабына сай тифлокомпьютерлермен жабдықталған, ғаламтор желісіне қосылған, оны оқырмандарға кеңінен пайдалануға мүмкіндік берілген.

Ғалым Нұрланов – жай қарап отырмайтын, үнемі ізденісті жақ­сы көретін маман. Ол 2015 жылы «Әлемді саусақ ұшымен сезінемін» атты алғашқы жобасымен көзі көр­мейтін немесе нашар көретін ересектер мен балалар үшін Брайль жүйесімен оқу мен жазуды қолға алды. Сонымен бірге компьютерге орнатылған арнайы синтезатор арқылы өз оқырмандарына компью­тердің қыр-сырын үйретіп, көңілі қаяу­лы болып жүрген біраз жанға үміт отын жақты.

2018 жылы өзі бас болып, «Болашақ» корпоративтік қоры қол­дауымен кітапханада дыбыс жазу студиясын ашты. Бұл оның көптен жүзеге асырсам деген мақсатының бірі еді. Жаңа студия ашылысымен бір­ден жұмысқа кірісті. Бұған дейін шаң басып жат­қан ескі кассеталарды аудиофор­матқа көшірді. Сосын қазақ ақын-жазушыларының шығармалары жазылған аудио-кітаптар шығаруды бастады. Бүгінге дейін осындай жүзден аса туынды жарық көрді.

− Біз «Кітап және мейірімділік» бағытында жұмыс істейміз. Оқыр­мандардың қатысуымен түрлі мәдени іс-шаралар өткіземіз. Халықаралық Зағиптар күніне орай Брайль жүйесі бойынша дәстүрлі мәнерлеп оқу және жазу сайысы өтіп тұрады. Жыл сайын кітапханада «Ақ таяқша» апталығын ұйымдастырамыз. Бұл апталықта «Жабық көзбен саяхат», «Тарихты саусақпен оқимын», «Түнекте де жа­рықты таба аламын» атты тақы­рыптар аясында оқырмандармен кез­десіп, ашық-жарқын әңгімелесіп, олардың ішкі қорқыныш сезімін жеңуге, қоғамға, ортаға тезірек бе­йім­делуге көмектесеміз. Былтыр Абай атамыздың мерейтойына орай «Абай әлемі» оқуларын өткіздік. Қазақ радиосының 100 жылдығына орай кітапханамыздың студиясынан Ор­талықтандырылған кітапханалар жү­йе­­сінің Kitap _kala радиосы ашылды.

Ол өзі басқарып отырған кітап­ханада бес жылға жуық қатардағы кітапханашы болып, осы қадірлі ма­мандықтың қыр-сырын меңгерді. Қазір кітапханада өзінен басқа та­ғы үш маман істейді. Кітапхана кес­тесінің әр күні бос емес. Оқыр­мандар бұл жерге кітап оқуға немесе алуға ғана келмейді, сонымен бірге дом­быра, шахмат, тоғызқұмалақ үйір­мелеріне қатысып, көңілдерін көтереді.

Ғалым 2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында кіл жүйріктер жиналған бәйгеде қара үзіп, жеңімпаз атанды. Ол өзі «мен сондаймын» деп көп мақтана қой­майды, әйтпесе, талай байқауда топ жарған азамат. Мәселен, 2015 жы­лы елордада өткен халықаралық «Ақ таяқ» фестивалінде Брайль жүйесіндегі «Оқу мен жазу» аталымында бас жүлдені иеленсе, жеңіл атлетикадан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында болған «Үміт» спартакиадасының күміс жүлдесін қанжығасына бөктерген. Сондай-ақ ол – үздік маман ғана емес, бір шаңырақтың қамқоры, қыз­ғалдақтай екі қыз өсіріп отырған ар­дақты әке.

Оның көптен бергі арманы – Брайль жүйесіндегі баспахана ашу, мұндай бас­па біздің елімізде әзірше жоқ. «Мен осы мәселені 5-6 жылдан бері көтеріп келемін. Соған қол жеткізу үшін біраз дүниені зерделедім. Демеуші де таптым. Енді осы баспахананы ашуға ын­таланып отырмын. Амандық болса, биыл біздің кітапхананың базасында Қазақстанда алғашқы Брайль жүйесіндегі баспахана ашылады деп жобалап қойдық. Қазір келісім құ­жаттары қалды. Сол күнді асыға тосып жүрмін», деді ол.

Біз де сол қуанышқа толы күн те­зі­­рек келсе дейміз!