ІЖӨ-де өсім байқалады
Аталған мәселе бойынша алғаш болып Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі жөніндегі жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы үрдістерді ескере отырып нақтыланған.
«Ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5 пайыздан сәуір айының қорытындысы бойынша плюс 0,7 пайызға дейін жақсарды. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының болжамдары бойынша әлемдік экономиканың өсуі осы жылы тиісінше 4,3 пайызды және 6 пайызды құрайды. Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін жақсарды», деді Ә.Ерғалиев.
Ведомство басшысының айтуынша, номиналды ішкі жалпы өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр. Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургия өндірісінің неғұрлым белсенді өсу есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер 4,1 пайыздан 5,2 пайызға дейін жақсарды.
«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд долларға, яғни 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Импорт 37,1 млрд долларды құрайды. Инфляция бұрын бекітілген 4-6 пайыз дәлізде сақталады. Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда, 2021 жылы 7 трлн 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Ұлттық қордан кепілдендірлген трансферт өзгермейді және 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде сақталады. Ұлттық қордан нысаналы трансферт 1 трлн теңгеден 1 трлн 850 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Республикалық бюджет шығыстары 15 трлн 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге қатысты 3,5 пайыз деңгейінде болжанып отыр», деді министр.
Бұдан кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасап, республикалық бюджетті нақтылау қай салаларды қамтитынын түсіндіріп өтті. Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, осы мәселеге 1,3 трлн теңге сомасында қосымша шығыс қарастырылған.
«Соның ішінде Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыруға – 884 млрд теңге, коронавирус инфекциясымен күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды қаржыландыруға – 265 млрд теңге, Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға 154 млрд теңге бөлінеді.
Бюджетті нақтылау нәтижесінде оның әлеуметтік басымдығы сақталған. Ал нақты сектор мен өңірлерді қолдау күшейтіледі. Бұл туралы бюджет шығыстарының құрылымы көрсетіп отыр. Осылайша, оның 723 млрд теңге сомасында едәуір үлкен бөлігі экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған», деді Е.Жамаубаев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, мұндай қадам орта мерзімде елдің дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Нәтижесінде, осы саланың шығыстары 2,4 трлн теңгені немесе жалпы шығыстар көлемінің шамамен 16 пайызын құрамақ.
«Бюджеттің әлеуметтік саласы жалпы алғанда 374 млрд теңгеге ұлғайып, 7,5 трлн теңгені немесе жалпы шығыстардың 48,7 пайызын құрайды. Күш құрылымы шығыстары 211 млрд теңгеге өсіп, 1,6 трлн теңге сомасында жоспарланған.
Жалпы, мемлекеттік шығыстар 80 млрд теңгеге қысқартылып, 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл шығыстардың азаюы Президенттің бастамаларына арналған резервті қайта бөлумен байланысты.
Қосымша шығыстардың айтарлықтай үлесі нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетінін атап өту қажет. Олардың жалпы сомасы 539 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 335 млрд теңге.
Нәтижесінде, республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 12,6 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3,5 пайызы деңгейінде болжанып отыр, яғни 149 млрд теңгеге өскен. Республикалық бюджет шығыстарының көлемі 1,3 трлн теңгеге артып, 15,3 трлн теңгені құрайды», деді ведомство басшысы.
Осылайша, алдағы үш жылдың бюджеті нақтыланды. Бұл медицина және ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақыларын көбейтуге, еңбекақы төлеудегі теңгерімсіздікті жоюға, студенттердің стипендиясы мен талапкерлерге арналған білім гранттарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жобаларға да тың серпін беріледі. Оның ішінде 3500-ден астам ауылды жаңғырту, жолдар салу және жөндеу, қазақстандықтарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты бірқатар ауқымды жұмыс атқарылады.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті. Осы қаржының есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Одан бөлек, бір мыңнан астам әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыспен қамтудың жол картасын қосымша қаржыландыру арқылы 127 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам бизнес-жобаға несие беріліп, соның нәтижесінде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Нақтыланған бюджет еліміздің экономикалық дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Ол барлық бюджеттік шығын нақты нәтиже беруі керектігіне назар аударып, бюджет қаражатының әр тиынына дейін орнымен жұмсалуы тиіс екенін айтты. Бюджет тапшылығын қысқарту да маңызды міндет болып қала береді. Бюджеттің елеулі бөлігі Ұлттық қордан трансферттеу арқылы құралады.
«Біз Ұлттық қорға сене бермей, бюджет шығындары қандай кірістердің есебінен қамтамасыз етілетінін нақты білуіміз керек. 2022 жылы Ұлттық қордан 550 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферт қарастырылып отыр. Соны ескерсек, келесі жылы да салық түсімдерін бюджеттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланып отырмағанын байқаймыз. Әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін біз тағы да Ұлттық қордағы қаражатты пайдалануға мәжбүрміз. Бұл жоғары білімді кадрлармен қамтамасыз ету, ішкі істер органдары мен медицина қызметкерлерінің жалақыларын өсіру, жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын көбейту және тағы басқа жұмыстарға қажетті қаражат. Оның бәрі тұрақты сипатқа ие шығындар. Сол себепті ол Ұлттық қордан бөлінетін мақсатты трансферт есебінен қаржыландырылмауы керек», деді заң жобасына қатысты пікір білдірген Сенат депутаты Ольга Перепечина.
Сенаторлар алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдар экономиканы әртараптандыру мәселесіне баса мән беріп, пандемия салдарын азайтуға және бөлінген қаражатты, оның ішінде Ұлттық қор трансфертін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тілге тиек етті.
Айта кетейік, бюджетке түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды қаржыландыру аясында енгізіліп отыр. Сондай-ақ 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Мәжіліс сайлауында қазақстандықтардың басым бөлігі қолдаған Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін де қаржы қарастырылды. Одан бөлек, түзетулер коронавирус індетімен күресті күшейтіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруға да ықпал етеді.
Сонымен қатар сайлау туралы заң жобалары қаралды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қабылданды.
25-ке толған азамат әкімдіктен үміткер бола алады
Енді аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлауда сайланады. Әкімдікке жасы 25-ке толған азаматтар үміткер бола алады. Науқанға қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді.
«Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын іске асыру барысында еліміздегі аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауын енгізу мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес біліктілік талаптарына сай келген және 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады. Саяси партиялар мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызын жинаған кандидаттар сайлауға түсе алады. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады. Ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады», деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Сайлау өткізілгеннен кейін жеті күн ішінде аумақтық сайлау комиссиясы сайланған әкімді тіркейді, содан кейін ол өз қызметіне кіріседі. Сайлау әкімдердің өкілеттік мерзімінің аяқталуына қарай жергілікті бюджет есебінен өткізіледі.
«Бюджет заңнамасының нормаларын ескере отырып, 2021-2022 жылдары қаржыландыру республикалық бюджеттен нысаналы трансферттермен, ал кейіннен 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен жалпы сипаттағы трансферт арқылы жүзеге асырылады. Биылғы екінші жартыжылдықта тікелей сайлауды енгізуге 4,8 млрд теңге қажет», деді министр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасына сәйкес Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендейді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «барлығына қарсымын деген» баған қосылады.
«Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз. Сондай-ақ жергілікті әкімдердің сайлауын өткізу басқару жүйесінің тиімділігін арттырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Қосымша баяндама жасаған сенатор Ләззат Сүлеймен сайлау туралы заң жобасы аясында 4 заңға түзетулер енгізілетінін айтты. Олар – «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы», «Саяси партиялар туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдар.
«Заң жобасының негізгі өзгерістеріне тоқталсақ. Біріншіден, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау енгізіледі. Екіншіден, саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы кезінде депутаттық мандатқа ие болуы үшін алуы тиіс сайлаушылардың 7 пайыз даусын 5 пайызға дейін төмендету ескерілген. Үшіншіден, сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген бағанды енгізу қамтылған», деді депутат.
Сенатордың айтуынша, тұжырымдамалық өзгерістер енгізу барысында сарапшылар, саясаттанушылар, сайлаушылар, халықаралық ұйымдардың пікірі ескерілген. Бұл – түзетулер елімізде жергілікті өзін өзі басқару институтын нығайтудың келесі кезеңін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған нақты қадам. Сондай-ақ депутат Орталық Азия мемлекеттері арасында еліміз бірінші болып жергілікті әкімдер сайлауын енгізіп отырғанын атап өтті.
«Нақты айтсақ, 2 мың 345 бірлік әкімшілік-аумақтық әкімін сайлау енгізіледі. Ол 2021-2025 жылдар аралығында іс басындағы ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына орай, кезең-кезеңмен өткізіледі. Осы жылдың екінші жартысында 836 ауыл әкімі үшін халық тікелей дауыс береді», деді Л.Сүлеймен.
Ауыл әкімдігіне саяси партиялар әр округтен бір үміткерден, сондай-ақ азаматтар өзін өзі ұсына алады. Бұдан бөлек, кандидатты ұсыну мерзімі біткенге дейін бір-ақ үміткер қалса, онда аудан әкімі жергілікті халықпен келісіп, өз ұсынысын жасайды.
«Сайлаудың барлық кезеңдері ашық, жариялы өтуі, байқаушылардың қатысуы да заңға енгізіліп отыр. Сайлау жүйесі – мажоритарлық. Яғни көпшілік дауыс алған азамат ауыл әкім болып сайланады және аумақтық сайлау комиссиясы оны тіркегеннен кейін бірден қызметіне кіріседі», деді сенатор.
Сондай-ақ заң жобасында ауыл әкіміне сенімсіздік білдірілген жағдайда, оны мәслихаттың қарауына енгізу мәселесі де қарастырылған. Бұл ретте жергілікті қоғамдастық жиналысы заңды болуы үшін ауыл тұрғындарының 50 пайызы қатысуы тиіс. Ауыл әкімдері болып бәсекеге қабілетті адамдар келуі осы үрдістің дұрыс қалыптасуы үшін де, жергілікті халық үшін де айтарлықтай маңызға ие.
Тәжірибесі жоқ әкім біліктілігін арттырады
«Енгізіліп отырған жаңашылдықтар азаматтарға өздерінің конституциялық құқықтарын толыққанды іске асыруда белсенділікті арттыруға жағдай жасайды. Ауыл әкімдерінің жергілікті жерде қордаланған проблемаларды шешуіне, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет тұжырымдамасын толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.
Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ауылдық биліктің дербестігін, жауапкершілігін кеңейту жөніндегі заң жобасын әзірлеп жатыр. Бұл құжатта ауылдарда кіріс базасын кеңейту үшін бюджеттің төртінші деңгейіне қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру қарастырылған. Сайланған тәжірибесі жоқ ауыл әкімдеріне біліктілікті арттыру курстары өткізіледі. Өкілетті органдар тиісті бағдарлама дайындап жатыр», деді Л.Сүлеймен.
Бұдан басқа, отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Депутаттардың айтуынша, қабылданған заң жобасы саяси бәсекелестікті күшейтіп, қоғамның азаматтық белсенділігін арттырады және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толығымен іске асыруға ықпал етеді.
«Бүгін қабылданған заңдар азаматтардың ауыл әкімін сайлауына қатысуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жергілікті басқару құрылымын нығайту ісіне араласуын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда елімізде 2 345 ауыл әкімі жұмыс істейді. Заң күшіне енгеннен кейін осы жылдың екінші жарты жылдығында 836 әкімді тікелей дауыс беру арқылы сайлау мүмкіндігі туады.
Бұл – елімізде жергілікті өзін өзі басқару құрылымын нығайтып, жергілікті жерде халықтық орта қалыптастыратын нақты шешім. Заң жобасында әкімдерді сайлаумен қатар, олардың мемлекеттік басқару деңгейіндегі құзыреттілігі айқындалған. Әкімдердің төте сайлануы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктері мен проблемаларын сезіну мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді», деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, құжаттағы баса көңіл бөлетін бірден-бір маңызды жаңашылдық – аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдігіне үміткерлердің өзін өзі ұсынуы көзделген.
«Өзін өзі ұсыну – сайлау процесін өткізудің демократиялылығын, бәсекелестігін және баламалылығын қамтамасыз етудің өте маңызды шарттарының бірі. Заң жобаларындағы сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегі 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеуі, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын» деген баған қосылғаны – өте елеулі мәселе. Себебі ол сайлау процесінде барлық тіркелген саяси партияларды сайлауға қатысуға ынталандырып, сайлаушылардың таңдау еркіндігін қамтамасыз етеді», деді депутат.