Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Батыс Қазақстанда вакцина тапшылығы жоқ

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын 64 037 адам, екінші компонентін 25 282 адам алып үлгерді.

Батыс Қазақстанда вакцина тапшылығы жоқ

Мамырдың 20-сы күні алын­ған мәлі­метке қарағанда, об­лыс аумағында пан­демия бас­талғалы 21 503 оқиға тір­келген. Мұ­ның ішінде 16 633 адам жа­зы­лып шықса, 319 адам осы дерт­тен қайтыс болды. Соңғы тәу­лікте жа­ңадан анықталған сыр­қат саны – 105 болды. Оның 79-ын­да ауру белгілері анық бай­қалған. Де­генмен өткен апта көр­сеткішімен са­лыстырғанда вирус жұқ­тырғандар саны 9%-ға төмендегені байқалады.

2021 жылдың басынан бері ауыр­ғандар саны 12 282 адам болса, 7 045 науқас – Орал қала­сынан, 1 633 адам – Бәйтерек ауда­нынан, 1 340 адам – Бөрлі ауданы­нан анықталған.

Облыста коронавирустан ем­дейтін 18 инфекциялық стацио­нар жұмыс істеуде, ондағы 1123 кереуеттің 646-сы бос. Жыл басынан 19 мамырға дейін облыста мектеп және балабақша жа­сындағы 1 184 бала вирус жұқ­тырғаны белгілі болды.

Дәрігерлер облыс аумағын­дағы ірі өндіріс орындарындағы эпидемиялық ахуалды да­ қа­дағалап отыр. Мәселен, «Жайық Мұнай» компания­сында жыл басынан бері 38 адамнан коронавирус анықталса, оның бәрі де жұмыс уа­қытынан тыс кез­де жұқ­тырғаны белгілі болды. Шынар мұнай-газ кенішінде бір де бір жұмысшы аурумен тіркелмеген. Ал Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясында 1 қаңтардан бері 133 ауру тіркелді, оның 32-сінен вирус вахта басталарда, 50 адам­нан – вахта кезегі аяқталған уақытта анықталған.

–  Коронавирусқа қарсы ин­фекциялық стационарларда 355 қыз­меткер жұмыс істейді, оның 74-і – дәрігер, 155-і – орта буынды медицина қызметкері, 126-сы – кіші медицина персоналы. Эпи­демияға қарсы құрылған ор­та­лықтарда маман тапшылығы жоқ, – дейді облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының бас­пасөз хатшысы Сәуле Зағидуллина.

Өңірде бір тәулікте 6 мың адамды тексере алатын 13 зертхана жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін облыста 559 011 ПТР зерттеу жа­салса, соның 3 092-сі соңғы тәу­лікте шығарылған.

Вирус таралуының алдын алу, карантин талаптарының сақта­луын қадағалау үшін облыста 170 мониторинг тобы жұмыс істеуде. Жыл басынан бері тәр­тіп бұзғандарға 267 хаттама тол­тырылған, 16 583 145 теңге айыппұл салынған. Соңғы аптада 8 хаттама жасалып, 350 040 теңге айып салынған екен. Жоғарыда салынған айыппұлдың 65-і – дәрі-дәрмек бағасын орынсыз көтерген, тіркелмеген дәрмекті сатқан дәріхана иелеріне тиесілі.

Соңғы дерекке қарағанда Батыс Қазақ­стан облысында коронавирусқа қарсы вак­цинаның бірінші дозасын 64 037 адам, екінші компонентін 25 282 адам алып үлгерген. Жалпы, өңірге Спутник V вакцинасының І компонентінен – 84 050 доза; ІІ компонентінен – 44 510 доза келген еді. Денсаулық сақтау басқармасы об­лыста вакцинаның 6 860 дана екінші дозасы әзір тұрғанын хабарлады. Республика Бас санитар дәрігерінен түскен соңғы өз­геріс­терге сәйкес екі дозаның арасы 45 күнге ұзартылған. Бұдан бөлек, облыста 22 000 дозалық Hayat Vax араб вакцинасы да бар. Халық қандай вакцинаны таңдайтынын өзі шешеді.

 

Батыс Қазақстан облысы