Астана халқының денсаулығын сақтау мақсатында бөлінген қаражаттың 9,2 млрд теңгесі тегін кепілдендірілген медициналық көмекке (ТМККК), ал 8 млрд теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетіндегі медициналық қызметтерге арналған. Қор 1 сәуірдегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында 108 медициналық қызмет көрсетушімен шарт жасады, оның 71-і – жекеменшік клиникалар. Елордадағы жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілер үлесі – 66%. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет көрсетушілер үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет көрсетушілер тізімін қордың fms.kz сайтынан қарауға болады, деді Н.Қабдықапаров.
2021 жылы қор амбулаториялық-емханалық деңгейдегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтіп, стационарды алмастыратын көмекті, күндізгі стационар қызметін, қашықтан көрсетілетін медициналық көмекті, профилактикалық тексерулерді, бала денсаулығын қорғау, мектеп медицинасы және онкогематология бойынша қаржыландыру көлемін көбейтеді.
Қор тарапынан балалар денсаулығын сақтауға да ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру үшін ЭКҰ-ға квота санын көбейтуге және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» медициналық оңалту орталығына қомақты қаржы бөлінеді. Сондай-ақ мақсатты топтағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету назарда болады.
1 мамырдағы жағдай бойынша жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 3,35 млрд теңге сомасына 282 059 рецепт бойынша 116 060 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде ТМККК шеңберінде 2,7 млрд теңге, МӘМС 0,65 млрд теңге қарастырылды, деді спикер.
Сонымен қатар бас қалада осы жылдың бірінші тоқсанында коронавирус инфекциясымен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландыру 5,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеу, карантиндік және инфекциялық стационарлар, ПТР-диагностика, мобильді бригадалар сияқты қызметтер қамтылған.
Қазіргі уақытта елордада тұрғындардың 83,4%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. МӘМС жүйесі енгізілгеннен бергі аралықта сақтандырылған тұрғындар саны 75 034 адамға көбейді. 2020 жылдың қаңтар айында 922 893 адам болса, 2021 жылдың 1 мамырындағы көрсеткіш – 997 927 адам. Әлі 198 мыңнан аса қала тұрғыны МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.