21 Мамыр, 2021

Тоқаев елді пандемиядан аман алып шығумен айналысып келеді – Гусман

277 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Эхо Москвы» радиосының тікелей эфирінде әлем елдерінің көшбасшыларына арналған «48 минут» атты бағдарламада Ресейдің федералдық дәрежедегі мемлекеттік ақпарат агенттігі ТАСС бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусман Қазақстан Президенті туралы пікірін білдірді, деп хабарлады Egemen.kz.

Тоқаев елді пандемиядан аман алып шығумен айналысып келеді – Гусман

ТМД одағының қалыптасуы және ондағы халық саны мен аумағының көлеміне тоқталған Гусман Ресейдің Қазақстанмен арасында құрлықтағы ең ұзын шекара бар екенін атап өтті. Сонымен қатар эфир барысында журналист Марина Максимова Қазақстанның тұңғыш президенті Назарбаев өкілеттікті тапсыру туралы шешім қабылдауға үш жыл жұмсағанын да еске салды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті ретінде сайланғанға дейін халықаралық салада, сыртқы саясатта, жалпы мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды қызметте болды. Оны дипломат деп атауға толық негіз бар. Мен өткен жылы Қазақстан президентінен сұқбат алдым. Пандемияға байланысты әңгімелесу онлайн форматта өтті. Бұл жеңіс күнінің қарсаңы болатын. Сол сұхбатта Қазақстан Республикасының президенті ұрыс даласында оқ пен оттың арасында елі үшін соғысқан өзінің майдангер әкесін еске алды. Оның әкесін қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының әкесі деп атайды», деген Гусман Тоқаевтар әулетінің ауыр тағдырын да атап өтті.

Жүргізуші Марина Максимова кейбір дереккөздер Тоқаевты тым тұйық адам деп сипаттағанын айтып, президенттен сұхбат алған Гусманның осыған қатысты пікірін сұрады.

«Біріншіден, бұл жақсы дипломаттың ең негізгі қасиеті. Себебі олар көпшілік алдында аса көңілшек, әсершіл болмауы керек. Екіншіден, ол қалжыңды жақсы көретін азамат», деп жауап берді Гусман.

ТАСС өкілінің пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент қызметіне сайланғаннан кейін ең бірінші іссапарын Ресейден бастауы да тектен-тек емес. Себебі Қазақстан үшін Ресей әркез басты серіктес болып қала береді.

Жалпы Гусман Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевты салыстыра қараудың дұрыс емес екенін айтты. Өйткені олардың жас шамасы бірдей болғанымен, білім алу, қызметке келу, қызметтік өсу, темпераменті жағынан және жалпы өмір жолы бойынша екі түрлі бағытта жетілген азаматтар. Ол Назарбаевты ашық-жарқын, эмоцияға толы азамат болса, Тоқаев әр сөзін аңдап сөйлейтін, дипломатиялық шектен аспайтын сабырлы көшбасшы деп атады.

Марина Ұлы жүздің Жалайыр тайпасының Күшік руынан шыққанын атап өтіп, Қазақстанның Тұңғыш президенті де руы бойынша Ұлы жүздің ұрпағы екеніне назар аударғысы келді.

«Менің ойымша, сіз екеуміз қазақтардың руы мен жүзге бөлінуі жайлы тиісті дәрежеде әңгіме қозғайтындай білікті емеспіз. Мен талпынып көргенмін. Маған осының барлығын түсіндіруге тырысқандар да болды. Алайда ру мәселесін түсіну үшін не қазақ болып туу керек, не қазақстантанушы ғалым болу керек», деді Гусман.

«Тоқаевтың ел президенті болып сайланғанына енді ғана екі жылға жуықтады. Осы екі жылдың бір жылы әлемді жайпаған індетпен күресумен өтті. Жалпы мойындауымыз керек, Қазақстан әлемнің кейбір елдеріне қарағанда пандемияға қарсы күресе алды. Сондықтан қиындыққа толы жылда Тоқаевтың жетекшілік етуімен қазақ елінің сағы сынбады деп ойлаймын», деді Гусман.

Эфирді жүргізген ресейлік журналист Марина Максимова Қазақстан коронавирусқа қарсы отандық вакцина дайындап жатқанына таңданысын жасыра алмады. Ол өз препаратын дайындай алатын мемлекетте ғылым саласы дамыған деп айтуға болатынын атап өтті.

«Кеңес одағы кезінде-ақ Қазақстан ғылым саласы күшті дамыған, ғылыми базасы мығым, әлемге аты танымал болған ғалымдар шыққан ел болатын. Ал Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен көп жас ғалым шетелге оқуға жіберілді. Олар дамыған мемлекеттердің көшбасшы оқу орындарында білім алып, содан кейін елдеріне оралды да, ғылымды дамыту бағытында түрлі жауапты қызметтерге тағайындалды. Бұл мұра ретінде Тоқаевқа өткен Назарбаевтың бағдарламасы», деді ТАСС бас директорының бірінші орынбасары.

Онлайн форматта өткен сұхбат кезінде пандемия салдарынан экономикалық дағдарысқа тап болған әлем елдері секілді Қазақстан да бірқатар қиындыққа тап болғаны айтылды. Осы бағытта спорт саласындағы шығындарды қысқартуға тура келген. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстел теннисін жақсы ойнайтыны тілге тиек болды.

Сөз соңында Гусман Қазақстанның пайдалы қазбаға өте бай ел екенін атап өтіп, елдің қос президенті де мемлекет мұнайға тәуелді болмауы керектігін кеңінен насихаттап жүргенін еске салды.

Журналистің «Тоқаев елде реформа жасай алатындай батыл көшбасшы ма» деген сұрағы эфирдің қорытынды сауалы болды.

«Мұны уақыт көрсетеді. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке үміткер ретінде сайлауға түскен кезде оның өте ауқымды сайлауалды бағдарламасы болғанын ұмытпау керек. Бірақ бұл бағдарламаны жүзеге асыруға аяқ астынан келген пандемия кедергі болды. Тоқаев елді басқаруға осы екі жылға жуық уақыт ішінде барлық бағыт-бағдар, күш-жігер мен ресурс инфекциямен күресуге, елді аман алып шығуға жұмсалды. Сондықтан сайлауалды бағдарламадағы тармақтарды іске асыратын уақыт әлі алда деп ойлаймын», деп түйіндеді Гусман.