«Құрметті достар! Ардақты ағайын!
Сіздерді 21 мамыр – еліміздің мәдениет және өнер саласы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін мәдениет пен өнер саласының мамандары халық алдында жыл бойы атқарған жұмысына есеп беруді іштей парыз санаса, халық алты атанға жүк болар жауапкершілік арқалап келе жатқан жандарға алғыс айтатын айшықты күн. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сай 2013 жылдан бастап мерекеленетін бұл атаулы күн жас болса да, орда бұзар отызды алқымдаған Ұлы Дала елінің руханиятын, мәдени дидарын айшықтау жолында аянбай қызмет етіп жүрген көңілдері көлдей қос сала қызметкерлері үшін аса қымбат.
Азаттықтың арайлы таңынан бастап елдің санасын сілкінтуге бағытталған батыл бастамалар мен мазмұнды бағдарламалардың байыппен іске асуына ақын-жазушы, кітапханашы, артистер мен архив, музей, өнер ошағындағы өзге де мамандар қосқан үлес өлшеусіз. Осы орайда жадымызды жаңғыртқан «Халық – тарих толқынында», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламаны, Қазақ хандығының 550, Ұлық ұлыс – Алтын орданың 750 жылдығын және тұғырлы тұлғаларымыздың мерейтойын айта аламыз.
Тіпті, әлем алапат індетпен арпалысып жатқан жылдары да мәдениет пен өнер қайраткерлері алдыңғы шептен көрініп, онлайн форматта концерт, қойылым, көрме, экскурсия, әдеби кеш ұйымдастыру арқылы үйде отырған елдің еңсесін тіктеуге, жан дүниесін байытуға барып салып жатыр.
Алдағы уақытта кісілігі кемел, парасат-пайымы мол әріптестерімнің ұлысты ұйытатын игі істерге білек сыбана кірісіп, көпті қуанта беретініне сенімім мол. Үнемі еселі еңбектері берекелі болып, толайым табысқа қол жеткізе беруіне тілектеспін.
Осынау орайлы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат, ортаймас ырзық-несібе тілеймін!», деп жазылған министрдің құттықтау хатында.