Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

«Жастар» сарайы шығармашылық хабқа айналады

586 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында «Жастар» сарайы жөндеуден өткеннен кейін қандай күйге енетінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жастар» сарайы шығармашылық хабқа айналады

«Елордада бірнеше ондаған жылдар бойы тартымды жерлер болып келген бірқатар маңызды нысандар бар. Олардың қатарына спорт нысандары да, мәдени мекемелер де жатады.

Мысалы, «Жастар» сарайы 47 жыл бұрын салынған. Сол сәттен бастап ол – қаланың визит карточкасы. Қазір ғимаратта күрделі жөндеу жүргізудеміз. Бұрын бұл нысан жөнделмеген, бұл қайта құру қажеттілігіне алып келді. Нысанның сыртын, сондай-ақ бассейнді, сахнаны және т.б. жөндеу қажет. Бірақ фойедегі бірегей бояу, Таскөл жергілікті кен орнының мәрмәрланған әктасынан жасалған едендерді сақтаймыз.

Мұндай мәдени және спорттық нысандардың қала тұрғындары мен елорда қонақтары үшін әрдайым ашық болуы керек. Олар бос тұрмауы керек, мысалы, спорт нысандарында балаларға сабақ беру үшін сағаттар бөлінеді. «Жастар» сарайына келетін болсақ, оны толтыру бойынша тұжырымдама әзірленді», деп жазды елорда әкімі.

Оның айтуынша, креативті кластер үшін өзіндік жаңа аймақ болады, онда сурет галереялары, жастарға арналған коворкинг-орталықтар, перформансқа арналған аймақтар және т. б. орналасады.

Мұнда жастар өз әлеуетін іске асыра алады, идеяларын, ұсыныстарын талқылайды, тәжірибе, пікір алмасады. Осылайша «Жастар» сарайы биылдың өзінде креативті жастар үшін өзіндік шығармашылық хабқа айналады.