Шүкір, біз жайсаңдарымыз бен жақсыларымызды құрметтей алатын, адамгершілік құндылықтарымызды лайықты әспеттеуге әрдайым даяр тұратын ұлттық пейілдің үстіндеміз.
Қазақстанның егемен ел болып дамуында, отыз жылға жуық тарихында жеке дербес мемлекеттің аса айрықша кезеңін, тіптен дәйекті дәуірін бастан өткізгендей әсерде жүрміз.
Қазақстанды дүние жүзі таныды. Бұл – талассыз тарихи жетістік. Қазақ елі өте қиын кезеңді артқа тастап, әлемде дамыған мемлекеттермен терезесі тең жағдайға жетті. Алпауыт мемлекеттердің де біздің елмен санасатыны, сыйлайтыны даусыз ақиқат.
Біз осы ел-жұртымыздың ұлттық санасына ұялаған жаңа көзқарасты, жүрек түкпіріне орныққан мақтаныш сезімін, саясаттың мәдени соқпағына сүрлеу салған мағыналы тұжырымды ең қымбат құндылық деп білеміз.
Ел тәуелсіздігінің отыз жыл кезеңінде қалыптасу мен мемлекеттігімізді нығайту бағытында ойға алғанымыз оңынан орындалды деуге толық негіз бар. Ғасыр тоғысында дүние жүзі картасына түскен 200-ге жуық мемлекеттің қалың шоғырында Қазақстанның жұлдызы да жарқырай көрінді.
Жер бетінде аумағы жағынан тоғызыншы орын алатын, кешегі кеңестік кезеңде аты бар, затында дербес мемлекеттігінен ада республиканың тұтастығын сақтай отырып, шекарасын шегендеп, халықаралық қоғамдастықпен және ең ірі ұйымдармен ынтымақтастығын тиянақтап, сыртқы саясатта маңызды қолдау мен биік мәртебеге ие болуы, сөйтіп санаулы жылдар бедерінде жаңғырып-жаңарған Қазақстан мемлекетін құру өзгелер таңғаларлық тарихи табыс, ал халқымыз үшін зор мақтанышқа айналды.
Егемен ел, қабырғалы мемлекет құрудың қиын кезеңінде, бұрын-соңды болмаған тарихи сын шақта жұрт сенімін ақыл-парасатымен ақтайтын, қалың бұқараны соңынан ерте алатын ірі саяси, тарихи тұлғаның жарқырап шығуы – халқымыздың бақыты еді. Құдай қазаққа қырын қарамаған. Пейіліне кең-байтақ жер берген, кен берген, қай кезде де ел бастайтын ер берген.
Міне, қабырғалы ел болып өсіп-өркендеуіміздің негізгі ұйытқысы – тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы саяси көшбасшы деңгейіндегі кемел саясаты.
Журналистік деректер жадымызда сақталып қалыпты. 1990 жылы қазан айында Жоғарғы Кеңесте аса маңызды саяси құжат – «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация жобасы қаралды. Сол тарихи сессияда Президент Нұрсұлтан Назарбаев он бір рет сөз сөйлеп, Декларацияның негізгі жобасын зор саяси жігермен және терең мәмілегерлікпен қорғап шықты. Сол жолы депутаттар Декларациядағы 17-бапты сегіз сағат бойы талқылады.
Біз егемендікті жария етудің басы-қасында жүрген қайраткерлердің қалай жұмыс істеп, ұлттық тіл, ұлттық мемлекеттілік болуы бұлтартпас заңдылық деген дәлелді қорғап, табан тіреп, саяси тұрғыда талап еткенін көрдік, олармен талай мәрте сұхбаттастық. Қаншама білімді, күш-жігер жұмсауды қажетсінген қым-қиғаш пікір алуандығында кемелділік танытқан зиялы аға-апаларымыз қоғамда айрықша құрметке ие болды.
Қызу айтыстың қайнаған ортасында ұлт мүддесі үшін білек сыбана кіріскен Елбасының ешкімге жалтақтамай, тайсалмай айтқан тура сөзі – ең ақырғы табан тірейтін, қоғам қуаттайтын бірден-бір тоқетер шешім болатын. Оның айтулы ақыл-ой иелерінің айтқан пікірлерін биік парасатпен бір арнаға тоғыстырып, сол кезеңдегі айналамызда болып жатқан саяси ахуалдың өріс алу бағытын ерекше алғырлықпен пайымдай білуі бізді тәнті қылған еді.
Нағыз саяси кемеліне келген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты да жүйелі үш міндетті алға қойды. Олар – тәуелсіз мемлекет құру, нарық экономикасына көшу және тоталитаризмнен демократиялық қоғамға ауысу еді.
Тарих парағындағы «Халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» (Ж.Аймауытов) деген аманатты сөз 1991 жылғы 16 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңестің кезекті сессиясында, азаттықтың ақ таңында жаңғырып естілгендей еді.
Академик, депутат С.Сартаев сол ұмытылмас оқиға туралы былай деп жазды: «Мен тәуелсіздік туралы баяндамамды кешкі сағат алтыдан он төрт минут кеткенде аяқтадым. Президент Конституциялық заңға қол қойды. Ал арада отыз минут өткенде Қазақ елінің тәуелсіздігін Түркия мемлекеті таныды. Дүние жүзі тарихында бір мемлекеттің екінші мемлекетті ресми тануы мұндай шапшаң уақыт бедерінде бұрын-соңды болған емес. Одан кейін Румыния, АҚШ мемлекеттері өздерінің ресми құжаттарын жария етті».
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы жүзеге асты. Тұңғыш Президент айтқандай, «Біз енді ешкімнің қолтығының астында жүрмейміз. Біздің ел енді ешкімге кіші іні болып тізімге қосылмайды. Біз еркін ел болдық». Бұл – өткен ғасырдың 90-жылдарының басында әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары таратқан тарихи дерек.
Елбасы өз халқының өсіп-өркендеуіне қажетті нәрсенің бәрін жасап келеді. Оны біз өмірден күнбе-күн көріп, сезініп отырамыз.
Кезінде Тұңғыш Президенттің елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру бастамасы қаншама керағар пікірге арқау болды?! Сол саяси маңызы зор шешімді Елбасы қабылдамаса, қалай болар еді деп те ойлайсың. Қысқа мерзімде әлем жауһарларының қатарынан ойып орын алған Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақ елінің өсіп-өркендеуінің символына айналды. Осы орайда ертеректе көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, абыз ақсақал Бәйкен Әшімов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында өзіне тән терең де сабырлы қалпында, әрбір сөзінің әрпіне дейін әбден пісіріп айтатын әдетімен «Қарағым, есіңде болсын, жаңа астананы ақылды патшалар ғана салған», деп мейірлене айтқаны есіме түсіп отыр.
Елбасы ұсынған тарихи тамыры терең «Мәңгілік ел» идеясының кең ауқымды орныға түсуін Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасына сай қайта түлеуінен де көреміз.
Жалпы, Қазақ елінің әрбір өңірінің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуында оң өзгерістер жасалғанына көптеген мысал келтіруге болады.
Иә, біз Елбасы айтқандай, қиындықтардан шыңдалып шықтық. Көп нәрсеге көзқарасымыз өзгерді. тәуелсіздіктің қадірін шын сезініп, Мәңгілік ел болуды басты мақсат тұттық.
Елбасы белгілеп берген жаңару мен жаңғыру жолы сабақтастықпен табысты жалғасу үстінде. Ең бастысы, жаңарған, дәулетті ел болу, әділдік, үстемдік құратын демократиялық қоғам құру халықтың өз қолында екеніне көзіміз жетті. Қоғамның азаматтық ұстанымы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Отыз жыл бедерінде қоғам сындарлы кезеңнен ес жиып қана қоймай, есейіп те шықты.
Ал кейінгі екі жылдан астам уақытта коронавирус пандемиясы әлемді дүрліктіріп, өз елімізді де тағы бір сынға салып жатқаны аян.
Қауіпті індеттің бетін қайтару ешбір мемлекетке оңайға түсіп жатқан жоқ. Десек те қиындық атаулыны тұтас ел болып еңсере алатынымызға көзіміз жетті. Мемлекеттің стратегиялық бағыт-бағдарының дұрыс болуының нәтижесінде халықтың аман-саулығы үшін орасан күш жұмсалып, қиын шақта адамдарға мол көмек берілді. Кезінде Елбасының ақылымен жасалған Ұлттық қордың зор пайдасын көрдік. Отандық денсаулық сақтау саласының кем-кетіктері түзеліп, медицина ғылымының сапалық деңгейін көтеруге бетбұрыс жасалды. Қазақстандық ғалымдардың індетке қарсы екпені ойлап тауып, өндіріске шығаруы – соның айғағы.
Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракция мүшелерімен кездесуде партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында алғаш рет 216 аймақтық бағдарлама да егжей-тегжейлі көрініс тапқанын айтып, оған сәйкес Үкіметпен бірлесіп, Жол картасын жүзеге асыруды тапсырды. Жаңа бағдарлама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағдарламалар жиынтығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде «Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматты тартамыз», деп атап көрсетті.
Қазақстан Президенті көздеген мақсаттарға жету үшін барлық салада дәйекті өзгеріс жасалатынын, ол үшін қандай басымдықтарға мән беруіміз қажет екенін айтты. Ең алдымен, құқықтық мемлекетті дамытуға және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайтуға күш салуымыз керек. Ұлан-ғайыр жұмыстың бірі – алдағы бес жылда жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғырту міндетті.
Мемлекет басшысының өзі қарапайым адамдардың әрбір өтініш-тілегіне ыждаһаттылықпен назар аударып, түйінді мәселелердің әлеуметтік мәніне назар аударып, тікелей бақылауына алуы, сөз жоқ, мемлекет пен қоғам бірлігін нығайтады. Елбасы белгілеген «Қазақстан – 2050» Стратегиясына сай, бүгінгі уақыт талабын ескеріп жасалған өзгерістер жолы әрбір адамға лайықты өмірдің әлеуметтік-рухани қажеттіліктерін жоғары сапалы деңгейде қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі