Қазақстан • 24 Мамыр, 2021

Импортты алмастырудың төте жолы

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз экологиялық таза өнім өндіріп, тұтынатын әлеуетке ие. Десе де, әлі импортқа иек ар­тып келе жатқанымыз жасырын емес. Биыл мал шаруашы­лы­ғы өнімдерінің импор­тын ал­мастыру және қайта өңдеу кә­сіп­орындарының қуатын арт­­тыруға байланысты Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі жер­гілік­ті атқарушы органдармен бір­лесіп, кәсіпорындар салу және жаңғырту бойынша бірқатар инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлады. Бұл жос­пар алдағы уақытта саланың дамуына тың серпін беруі мүмкін.

Импортты алмастырудың төте жолы

Сүт өндірісіне инвестиция – 37,4 млрд теңге

Былтыр 16,8 мың бас ірі қарасы бар және жылына 102,6 мың тонна сүт өндіретін өнеркәсіптік және отбасы­лық тауарлы сүт фермасы құрылып, жаңғырту бойынша 49 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде 13,6 мың бас сиыры және қуаты жылына 92,4 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 19 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасы бар екенін айта кеткен абзал. Биыл жалпы өндірістік қуаты 99,6 мың тонна сүт болатын тауарлы сүт фермаларын құру және жаңғырту бойынша 41 жоба іске асырылмақ. Сүтті малдың өнімділігін арттыру үшін 2020 жылы елге 21 703 бас ірі қара мал әкелінген. Оның 8 367 басы сүтті және етті бағыттағы ірі қара мал. Бұл жобаларды тікелей іске асыратын «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес құрылымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың соңғы үш жылда сүт саласына салған  инвестициясы 37,4 млрд теңгеге жетті. 2019 жылдан бері Үкімет сүт өнімдерінің импортын алмастыру жөнінде міндет қойған болатын. Әрине, тауарлы сүт өндірісін инвестициясыз дамыту мүмкін емес. Агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар соңғы бес жылда жылына орта есеппен 26,8%-ға өсті. Бұл өсімге де «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ үлкен үлес қосты.

Осындай сүт фермасы жобаларының бірін Павлодар облысының Ақсу қаласындағы «КронАгро» ЖШС іске қосты. Былтыр аталған компания 1 200 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасын салу үшін «Аграрлық несие корпорациясына» жүгінген. Жобаның құны 5,7 млрд теңгеге шыққан. Оның 2,8 млрд теңгесін «Агробизнес» бағ­дар­ламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» инвестициялады. Өт­кен жылдың қыркүйек айында компания фермаға Аустрия мен Чехиядан сим­ментал тұқымды сиыр әкелді. Шаруа қожалығы 2022 жылға қарай өндіріс­тік қуатын күшейтіп, сүт және ет өң­деу кәсіпорындарын жылына 7 500 тон­наға дейін шикізатпен тұрақты түрде қам­тамасыз етуді жоспарлап отыр. Ком­пания директорының айтуынша, мем­лекет тарапынан қаржылай қолдау көр­сету шаруашылықты дамытуға тың серпін берді және бұл – импортты ал­мас­тырудың төте жолы.

«Алдағы үш айда күніне 25 тонна сүт сауып, толық қуатта жұмыс істей­тін деңгейге жетеміз деп отырмыз. Сиыр­ларымыз жоспар бойынша туып жатыр.  Бұл жобаның іске асырылуына қолдау көрсеткен «Аграрлық несие корпорациясынан» алған қаражатқа біз негізінен мал, тауарлы сүт фермасына қажет қондырғылар мен мал азығын дайындайтын техникалар сатып ал­дық. Сонымен қатар қазіргі уақытта 150 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Біз сияқты шаруашылықтардың дамуына мемлекеттік қолдау көп. Оны тиімді пайдалансақ, отандық өнім­нің көлемін арттырамыз және сол ар­қы­лы импортты алмастыруға мүмкіндік туады», дейді кәсіпорын директоры Дидар Бейсенбаев.

1

«Аграрлық несие корпорациясы» 2019 жылдан бастап тауарлы сүт фермалары бағыты бойынша жалпы сомасы шамамен 37,4 млрд теңге болатын 49 инвестициялық жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 2020-2021 жылдары жалпы сомасы 20,4 млрд теңге болатын 20 жобаға қолдау көрсеткен. Қаржыландырылған тауарлы сүт фермалары жылына 211 мың тоннадан астам сүт өндірді.

Тағы бір сүт өндіретін компания – Пав­лодар облысының Федоровка ауылын­дағы «АгроДаму» ЖШС-і. Ком­па­нияда 192 бас симментал тұқым­ды сиыр бар. Еліміздің солтүстік аймақ­тарының климатына төзімді бұл тұқым сүтті мол береді және ет жинау тұр­ғы­сынан да басқа тұқымдардан артық.

«Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан шаруашылықты дамытуға 498 млн теңге қаражат бөлінді. Компания бұл ақшаға жоғары өнімді мал, заманауи жабдықтар сатып алды. Бүгінгі таңда 20 адамға жұмыс беріп отыр. Ал тауарлы сүт фермасының өнімін Павлодардағы еліміз бойынша ең ірі сүт зауыты сатып алады. Бұл кәсіпорын жылына шамамен 4,5 мың тонна сүт өндіретін деңгейге жетуді жоспарлап отыр.

«Аграрлық несие корпорациясының» Павлодардағы филиалы өткен 4,5 айда шамамен 5,6 млрд теңгенің жобасын қаржыландырды. Жалпы биыл 8,8 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр», дейді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының директоры Ардақ Таңжарық.