Қоғам • 24 Мамыр, 2021

Еңбек қауіпсіздігі – өнімді әрі сенімді жұмыс кепілі

1203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету және өндірістік жарақат көрсеткішін тө­мен­дету – Үкімет алдындағы негізгі міндеттің бірі. Қабылданған шаралардың нәти­жесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 10,7%, оның ішінде қайтыс болғандар саны 16,2%-ға азайған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді.

Еңбек қауіпсіздігі – өнімді  әрі сенімді жұмыс кепілі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, "EQ"

Спикердің айтуынша, соңғы 5 жылда, нақтырақ айтқанда, 2016-2020 жыл­дар аралығында өндірісте зардап шек­кендердің саны 10,7%-ға, 1 683-тен 1 500 адамға дейін азайды. Оның ішінде қайтыс болғандар саны 16,2%-ға төмендеді. Статистика жөніндегі уәкілетті органдардың дерегі бойынша, 2020 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн жұ­мысшысының 367 мыңы немесе әрбір төртіншісі зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеген. 2019 жылы бұл көрсеткіш 370 мың адамды құраған.

– Зиянды және қауіпті еңбек жағ­да­йын­да жұмыс істейтін жұмыс­шы­лар­дың көпшілігі Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалған. Жоғары шу және діріл жағдайында шамамен әрбір екінші, жұмыс айналасындағы ауаның газдануы мен шаңдануы жағдайында әрбір үшінші адам жұмыс істеген. 94 мың адам ауыр дене еңбегімен шұғылданған. Жұмысшылардың қолайсыз еңбек жағ­дай­лары экономикалық шығындарға алып келетіні баршамызға мәлім. Был­тыр елімізде 672 мың жұмысшы зиян­ды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 141 млн теңге сомасында түрлі өтемақы алды. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен са­лыс­тырғанда 10%-ға жоғары, – деді Т.Оспанқұлов.

Сондай-ақ Бас мемлекеттік еңбек инспекторы 2020 жылы республика бо­­йынша кәсіпорындарда орын алған қайғылы оқиғалардан 1 503 адам зардап шек­кенін атап өтті. Қаза тапқандардың саны 15,5%-ға артып, 208 адамға жетті. 2019 жылы 180 адам қаза тапқан еді. Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай, Павлодар облыстарындағы тау-кен металлургиялық кешен кә­сіп­орын­дарында жарақаттану деңгейі жо­ға­ры болып отыр. Өткен жылы бұл салада 304, ал құрылыс саласында 175 адам жарақаттанған. Осы жылдың 4 айында ғана еліміздің кәсіпорындарында 462 адам зардап шегіп, оның 59-ы қаза тапты. Бұл 2020 жылдың 4 айымен салыстырғанда 11%-ға жоғары.

2020 жылы мемлекеттік еңбек инс­пек­торлары 4 439 тексеру жүргізді. Нәти­жесінде, 7 260 бұзушылық анық­тал­ды. Оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 5 001, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 096, халықты жұмыспен қамту бойынша – 163. Еңбекті қорғауға байланысты заң­наманың негізгі бұзушылықтары жұ­мыскерлерді қауіпсіз еңбек жағ­дай­ларымен қамта­ма­сыз етпеуден, қауіпсіз еңбек тәсілдеріне үйрет­пеу­ден, жеке және ұжымдық қорғану құрал­дарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеуден, еңбекті қорғау жөніндегі қызметтің немесе жауапты адамның болмауынан көрінді. Тексерулердің қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 2 614 ұйғарым беріліп, 182,2 млн теңге сомасына 1 090 айыппұл салынды.

– Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты күйін жалпы бағалау және аттестаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін қолдану мақсатында 2020 жылы 3 397 өндірістік нысан аттес­тат­­таудан өтті. Анықталған бұзушы­лық­тарды жойғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары 207 лауазымды адамды атқарып отырған қызметтерінен босатты. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша құқық қорғау орган­дарына 1 234 материал жіберді, бұл бо­йынша 173 қылмыстық іс қозғалды, – деді спикер.

Сонымен қатар Т.Оспанқұлов 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырым­да­масының жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл еңбекті қор­ғауды бас­қарудың тәуекелге бағыт­талған ұлт­тық жүйесін құруға әлеуметтік әріп­тестік тараптардың белсенді қаты­суын қамтамасыз ететін жүйелі іс-шара­ларды айқындайды. Норма шығару қызметі аясындағы тиісті жұмыстарды 2021 жылы аяқтау жоспар­ланып отыр. Осы жылдың 12 наурызында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі рес­пуб­ликалық үшжақты комиссия отырысында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім жасалды. Құжаттың негізгі мақсаты – лайықты еңбек қағидат­та­рын ілгерілету. Бұл – толық жұмыспен қам­­тылған кезде жақсы өндіріс­тік, әлеу­меттік-еңбек әрі қауіпсіз жағдай­лар­да лайықты жалақы төленетін, әрбір жұ­мыс­шы қанағаттанатын, өзінің қабі­ле­ті мен шеберлігін көрсетуге мүмкіндік бе­ретін жоғары тиімді жұмыс.