Алмалы аудандық соты ЖК өкілі Жанна Нұртаеваға қатысты істі ҚР ҚК 339-бабы 1-бөлігі «Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi бар түрлерін жою» бойынша қарады.
«Сот Жанна Нұртаеваны Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, 1500 АЕК мөлшерінде, яғни 4 миллион 167 мың теңге сомасында айыппұл түрінде жаза тағайындады. Айыппұлды төлеу мерзімі заңды күшіне енгеннен кейін екі ай деп белгіленсін», деді судья.
Еске салайық, Sulpak дүкенінің маңында ағаштардың кесілгеніне қала тұрғындары наразылық білдірген еді. Жасыл экономика басқармасының баспасөз қызметі мен Sulpak компаниясының өкілдері осы жағдайға қатысты пікір білдірген болатын. Сол пікірінде «Arena S» (Sulpak сауда маркасы) компаниясының өкілдері ағаштар кесілген аумақ компания меншігіне жатпайтынын мәлімдеген еді.
Кейінірек ағаштардың кесілуіне байланысты қала әкімдігі өкілдері пікір білдіріп, 13 түп ағашты заңсыз кескендер жазаланғанын айтқан болатын.
Бастапқыда қылмыстық іс ҚК-нің 340-бабы «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу немесе жою» бойынша тіркелді. Алайда кейін іс ҚК-нің 339-бабы екінші бөлігіне қайта сараланды. Іс бойынша негізгі айыпталушы ЖК басшысы, ол жер учаскесін абаттандыру туралы келісім жасаған.