Қоғам • 24 Мамыр, 2021

Елордалық оқушылар жазғы демалысын қайда өткізеді?

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда оқушылары Ақмола облысы аумағында орналасқан 2 лагерьде жазғы демалысын өткізе алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Римма Имангазинова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордалық оқушылар жазғы демалысын қайда өткізеді?

«Жазғы кезеңде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі әрі балалардың шығармашылық дамуы үшін мүмкіндік саналады. Демалыс – ол оқу сабақтарынан бос уақыт, балаға ерекше назар аударатын, оны әлеметтік жағынан қорғайтын аймақ. Өздеріңіз білетіндей, елордада карантиндік шаралар сақталуда. Осыған байланысты біз ата-аналардың балалар денсаулығына алаңдайтындығын түсінеміз. Білім және ғылым министрлігі келесі қала сыртындағы лагерьлердің жұмысы арқылы балалар үшін жазғы демалысты биыл «Қазақстан балалары жазды қуанышпен қарсы алады» атты ұранмен ұйымдастырады. 240 орындық «Арман» туристік сауықтыру кешені және 160 орындық «Буровичок» сауықтыру лагері жұмыс жасайды», деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, аталған лагерьлер қаладан 100 шақырым жерде, Ақмола облысында орналасқан. Оларда балалардың жазғы лагерьлерін барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, 10 күнге 5 ауысымда 7 маусымнан 10 тамызға дейін ұйымдастыру жоспарланған.

«Қызыл» аймақта болған кезде лагерьлердің толымдылығы 30 пайызды құрайды. «Сары» аймақта – 50 пайызға дейін, «жасыл» аймақ – шектеусіз. Бүгінде санитарлық бақылау басқармасы мен Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінен рұқсат құжатын алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ағаш құрылымдарды оттан қорғау бояуымен өңдеу, электр, өрт дабылына келісімшарттар жасасу және басқа да жұмыс жасалып жатыр. Штаттық қызметкерлер құрылды», деді Римма Имангазинова.

Сондай-ақ ол елордада әл-Фараби, Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайларының базасында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.