Тағайындау • 24 Мамыр, 2021

Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақсу қаласының әкімі болып Павлодар ауданын басқарған Жанат Шұғаев тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақсу қаласына жаңа әкім тағайындалды

Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов жаңа басшыны Ақсу қаласының белсенділеріне таныстырды. Облыс әкімі Жанат Шұғаевтың мемлекеттік және жеке сектордағы мол тәжірибесін атап өтті. Жергілікті мәслихат Ақсу қаласының әкімі лауазымына ұсынылған кандидатурасын мақұлдады.

Жанат Шұғаевқа қаланы абаттандыруды қолға алу тапсырылды. Ақсу әкімі бір айлық мерзім ішінде қала инфрақұрылымын дамыту және рекреациялық аумақтарды құру жөніндегі ұсыныстар жасауы тиіс. Аймақ басшысы жоспарға жергілікті тұрғындардың талап-тілектері мен ұсыныстарын енгізу міндетті екенін атап өтті.

Жанат Шұғаев 1960 жылы Павлодар облысының Май ауданында дүниеге келген. 1983 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын «ғалым-агроном» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын Павлодар облысының «Маяк» кеңшарында бастаған.

1985–1989 жылдары – Павлодар облыстық мамандандырылған экономикалық бірлестігінің бас агрономы.

1990–1991 жылдары «Маяк» кеңшары директорының орынбасары болып қызмет етті.

1991–1997 жылдары «Павлодар БАТТ» компаниясын басқарды.

1997–1998 жылдары ол «БАТТ» корпорациясының Солтүстік Қазақстан облысындағы басшысы болды.

Содан кейін ол бес жыл бойы Петропавлда алдымен «Смирновский элеватор» АҚ, содан кейін «Қиялы Астық» ЖШС кәсіпорындарын басқарды.

2003 жылы ол СҚО Аққайың ауданының әкімі болып тағайындалды.

2004 жыл мен 2006 жыл аралығында – «Мамлютский мукомольный комбинат» ААҚ президенті.

2006 жылдан 2007 жылға дейін – Көкшетау қаласындағы «БАТТ Агроинвест» ЖШС бас директоры.

2007 жылдан 2009 жылға дейін Щучинск қаласындағы «Агрофирма Бурабай 2007» ЖШС басқарды.
 
2009–2012 жылдары Павлодар облысы Железин ауданының әкімі, 2012–2013 жылдары – Ертіс ауданының басшысы қызметтерін атқарды.

2013 жылдан 2014 жылға дейін Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы.

2014 жылдан 2018 жылға дейін - Качир ауданының әкімі (2018 жылдың қыркүйегінен – ​​Тереңкөл ауданы).

2018 жылдың желтоқсанында ол Павлодар ауданының әкімі болып тағайындалды.