Соның ішінде «Анамның портреті» деген картинаға келушілер қызыға қарап, таңырқап жатты. Онда жүзін әжім торлаған аяулы ананың мұңлы жүзіндегі таңғы шықтай мөлдіреген мейірімін көркем бейнелеген. Бұл Жайықтың өз анасы еді.
– Анам суретін салғанды онша жақтырмайтын. Бірде қалаға ауылдан ауырып келді. Үйге келсем жолдан шаршап келгендіктен бе, көзі ілініп кетіпті. Біртүрлі жүзі сынық, шаршаңқы көрінді. Осы көрініс жүрегімді солқ еткізді. Анам он бір құрсақ көтерген. Қазір соның сегізі жер басып жүрміз. Өмірде көп қиындық көрсе де, ешқашан мойыған емес еді. Жігерлі, бейнетшіл жан болатын. Содан анамның ұйықтаған сәтін пайдаланып, бейнесін ақ параққа сол қалпында түсіре қойдым. Ешқандай бояп-сырлаған жоқпын. Сол жұмыс осы еді. Біраз адамға ұнады, – деді ол.
Айтары жоқ, бұл картина менің де көңілімді әрі-сәрі күйге түсірді. Өйткені одан ауылдағы өз анамның бейнесін көргендей болдым. Жалпы, суретші осы туындысы арқылы қазақ анасының жиынтық образын сәтті таба білген.
Біздің кейіпкеріміз бейнелеу өнеріне келгенше біраз ойлы-қырлы жолды шиырлайды. Жайық бала күнінде суретші емес, әнші болсам деп армандапты. Тәп-тәуір дауысы да болған.
– Біздің мектеп ауылдан төрт шақырым жерде орналасқан, соған барып-келгенше ән айтып келемін. Арасында радиодан жаттап алған орысша әндерді де шырқаймын. Әкем – соғыс ардагері еді. Өзі өмір бойы мұғалім болды. Сол кісінің полкінде жалғыз музыкант болыпты, соны командир алғы шепке жібермей, қызғыштай қорып жүреді екен. Әкем соны айтып, «өнерлі адам жерде қалмайды» деп бәрімізді музыка мектебіне берді. Мен скрипка сыныбында оқыдым. Бірақ кішкентайымнан сурет салғанды жақсы көрдім. Кейбір салған суретімді балалар журналына жіберіп тұратынмын, – дейді қызыққа толы балалық шақтан сыр тартып.
Жайық туған ауылындағы сегізінші сыныпты аяқтағаннан кейін Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Онда белгілі суретші Кенжебай Дүйсенбаевтың шеберханасында оқып, бейнелеу өнерінің тереңіне бойлады. Майталман шеберлердің дәрісін тыңдайды. Аталған оқу орны үздік шәкіртіне училищені бітіргесін қазіргі Санкт-Петербург қаласындағы И.Репин атындағы көркемсурет академиясына жолдама береді. Алайда жолы болмай, ауылға оралып, бір жыл мектепте мұғалім болып істеді.
– Ауылда шығармашылықпен айналысуға еш мүмкіндік болмады. Нансаңыз, қолыма бір жыл қарындаш ұстамадым. Мектеп пен үйдің қара жұмысынан қолым тимеді. Зымырап тағы бір жыл өтті. Тағы да Санкт-Петербургке барып, бағымды сынадым. Тағы құладым. Оқуға дайындықсыз келген едім. Ауылға қайтып баруға ұялдым. Содан күндіз жұмыс іздеп, түнде Мәскеу вокзалына келіп түнеймін. Осылай екі-үш ай сенделдім. Бірде училищеде қатарлас оқыған Бақытнұр деген таныс жігітті кезіктіріп қалдым, ол менің күйімді көріп: «Мәскеуге барайық, сонда жұмыс табылып қалар» деп ақыл берді. Сөйтіп екеуміз Мәскеуге келдік, – деді ол.
Мәскеуге келгеннен кейін кейіпкеріміздің жолы оңғарылып, жұмыстың да орайы табыла кетеді. Курск вокзалына аула сыпырушы болып орналасады. Тіпті олар жатын орын беріп, жағдайы да жақсарып қалды. Енді ол жұмыстан қолы қалт еткенде шығармашылығын дамытуға күш салды. Басты мақсаты, қайтсе де жоғары оқу орнына түсу. Ақыры сондағы С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының көркемөнер факультетіне құжатын тапсырады. Бұл жолы да сәтсіздік алдынан шығады. Келер жылы да дәл солай болды. Қысқасы, үш жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсуге талпынса да жолы болмады.
Сөйтіп Мәскеуде тағы қалып, бір жыл жұмыс істеп, төртінші рет тапсырғанда оқуға түстім. Қуанышымда шек болмады, сол күні өзімді бақытты сезіндім», дейді суретші ағынан ақтарылып.
Ежелден өнердің іргелі ордасына айналған Мәскеу шаһарында көрген адамның аузының суы құритын бейнелеу өнерінің мұражайлары жетерлік. Соның бәрі біздің кейіпкерімізге шабыт сыйлап, ой-өрісін өсіріп, дүниетанымын кеңейтті. С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтындағы білікті ұстаздардан тәлім алды.
Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майданның өтінде жүріп, этюд салған, көрнекті кескіндемеші Борис Михайлович Неменскийден тағылым түйді. Ол кісі шәкірттеріне палитраны шектеп, үш бояудың түрімен жұмыс істеуді үйретті.
Талантты суретшінің есімі көзіқарақты қауымға панорамалық пейзаждың шебері ретінде жақсы танымал. Соның ішінде оның ақ бас Алатаудың тұмса табиғатын әр қырынан бейнелеген туындыларын ерекше айтуға болады. Сонымен қатар оның картиналарында жыл мезгілдері – көктем, жаз, күз және қыс көрінісі, табиғаттың оянуы, таңның атуы, күннің батуы, жазғы кеш, қараңғы түн, мүлгіген табиғат, қар бетіндегі сәуленің құбылуы, тау шыңының асқақтығы бейнелі бедерленген. Қылқалам шеберінің пейжазбен бірге натюрморт, портрет жанрындағы еңбектері де бір төбе. Оның мысалы ретінде, жоғарыда айтқан «Анамның портеті», «Ана», «Әкемнің портреті» секілді шығармаларынан адам жанының нәзік қылын тербеген ерекше стилін аңғарасыз. Ол Мәскеудегі оқуын бітіріп келгеннен кейін Орал Таңсықбаев атындағы Алматы көркемсурет училищесінде оқытушы болды, одан соң Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қызмет істеді. Қазір бас қаладағы өзінің жеке студиясында дарынды балаларға бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйретеді. Жайық Күшікбаев 1980 жылдан бері республикалық, халықаралық көрмелерге қатысып келеді. Оның бірқатар туындысы елімізде ғана емес, АҚШ, Ресей, Қырғызстан,Түркия, Германия, Жапония және Балтық жағалауы елдерінің жеке коллекцияларына қабылданған.