Қырғызстан
Қытай – әлемнің бірнеше еліне қарыз беріп отырған белсенді кредитор. Қарыз алушылар ішінде Орталық Азия елдері алдыңғы шепте. Бұл ретте Қырғызстанды бөле-жара атаймыз. Қаржы министрлігінің есебінше, елдің мемлекеттік қарызы 5 млрд долларға таяу. 2020 жылдың соңындағы дерек бойынша, елдің қарызы 4 млрд 220,31 млн долларды құраса, соның 41,8 пайызы Қытай алдындағы берешек екен. Бұған дейін қырғыз билігі бірнеше рет Қытайға сыртқы қарыз бойынша төлемдерді жеңілдету немесе төлем мерзімін ұзарту бойынша өтініш білдірген еді. Алайда сипай қамшылаған Қытай бұл өтініштің ешқашан орындалмайтынын байқатты. Қарыз болса Қырғызстан ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 30 пайызына жетіп қалды. Бұл, әлбетте, алаңдатарлық ахуал.Дегенмен Қытай қарыз сомасын жеңілдетуге қатысты қандай да бір шара қолдануы мүмкін. Не төлем мөлшерінің бір бөлігін кешіреді, не халықаралық аренада Бейжің бастамаларын қолдауға шақырады, не несиені қайта құрылымдайды, не ел меншігіндегі бір мүлікке (жер, нысан, т.б.) айырбастайды. Саясаттанушылар соңғы нұсқаның салмағы басым болуы мүмкін екенін айтады.
Қырғыз елі ресми Бейжіңмен несие бойынша 2009 жылдан бері тығыз серіктестік орнатты. 2008 жылы Бейжің алдындағы қарызы 10 млн долларға жетпесе, 2009 жылы – 50 млн, ал 2010 жылы 150 млн-нан асып түскен. Бұл қарыздың қазір қаншаға жеткенін сөз басында айтып кеттік. Қырғызстан алған несиені жол салуға, электр желісін тартуға, ЖЭС-терді модернизациялауға жұмсаған.
«Ел бюджетінің 2 млрд доллар болуы және ірі инвестициялардың болмауы үлкен қаржылық күйреуге әкеліп соғуы ықтимал. Сол себепті, Қырғызстан үкіметі тез арада «Қытайдан тез, бірақ қауіпті несие алу» саясатын қайта қарап, инвестиция тартуға және экономиканың нақты секторын дамытуға бар күш-жігерін салуы керек» деп жазады қырғызстандық басылым. 2018 жылы Қытайдың Қырғызстандағы елшісі Сяо Цинхуа қарыз келісім бойынша қайтарылуы керек деді.
«Қытай жеңілдетілген несие ұсынды. Біз оны Қырғызстанның өз пайдасына жаратқанын білеміз. Қытай тарапы несиені кешіру мәселесін қарастырмайды» депті Сяо Цинхуа.
Қырғызстан қанша жерден түрлі өтініштер жасағанымен түпкілікті шешімді несие берушінің қабылдайтыны тағы белгілі. Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылға таман қырғыз қазынасының түбі көріне бастауы ықтимал. Себебі дәл сол уақытта несиенің жеңілдетілген мерзімі аяқталып, Қырғызстан негізгі қарызбен үстемеақыны төлеуге кірісуі тиіс.
Тәжікстан
Қытайдың өтелмеген қарызды басқалай қайтаратынын осы елдің мысалынан анық байқаймыз. 2011 жылдың 6 қазанында «Азаттық» сайтында «Таджикистан передал часть земли Китаю» деген атаумен мақала жарық көрді. Онда 1,1 мың шаршы шақырым жердің Қытайға берілгені, бұл Тәжікстан территориясының 0,77 пайызы екені жазылған. 2019 жылдың басында елдің өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрі Заробиддин Файзуллозода аталған аймақтағы кен орындары қытайлық компанияларға «заң аясында және тендер негізінде берілді» деп мәлімдеме жасады.
Platon.asia басылымының жазуынша, қазірдің өзінде Қытай тәжік жерінде 145 алтын кен орнына ие болып отыр. Яғни Тәжікстан қарыз есебінен осы кен орындарын еркін пайдалануға рұқсат еткен. Сондай-ақ Соғды облысындағы «Верхний Кумарг» алтын кен орнының да Қытай еншісіне берілгені анықталған. Ел үкіметі «Душанбе-2» ЖЭС-ін модернизациялауға қарыз алған. Оған бөлінген 349 млн доллардың тек 17,4 миллионын тәжік үкіметі бөлген. Тәжік жеріндегі «Верхний Кумарг» пен «Восточный Дуоба» кен орындарының көлемі – 15,4 шаршы шақырым. Ондағы дәлелденген алтын қоры – 51,7 тонна. Әлі зерттелмеген алтын қоры – шамамен 117,16 тонна. 2021 жылы Тәжікстанның сыртқы қарызы 3,1 млрд долларға жеткен.
Орталық Азиядағы ірі ақпараттық платформа CABAR.asia аналитикалық сайтының жазуынша, Қытайдың несие берудегі мақсаты мүлде басқа.
«ҚХР несие дерегі, пайызы, шарты туралы жария етпейді. Олардың іскерлік мүддесі бар және жеңілдетілген несиелеу шартында жобаға қытайлық компаниялардың қатысуын міндеттейді. Сондықтан Тәжікстанға несиемен бірге CNPC, China Road and Bridge, Zijing Mining сияқты компаниялардың жұмыс күші де келді. Олар Тәжікстанда Қытай үкіметі қаржыландыратын жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар қытайлық жұмыс күшін ауылдық жерлерден де көруге болады» деп жазады басылым.
Мақаланы жазудағы мақсатымыз аз да болса айқындалып, жалпы картина анығырақ бола түскен сыңайлы. Қытай қарызды қайтарудың басқадай жолдарын ұсынады. Онысын түрлі жобалар мен серіктестік бастамалар арқылы жүзеге асырады. Тіпті берген ақшамызды қай жобаға пайдалансаң, соған біздің компания араласады деп шарт қоятыны да белгілі болғандай. Бұл әрине, борышкер елдің экономикалық тәуелділігін арттыра түседі. Қазақстандық сарапшы Мұрат Лаумулин Тәжікстан экономикасында Қытай үлесінің жыл санап артып бара жатқанын айтады.
«Соңғы 6 жылда Тәжікстан экономикасына салынған қытайлық инвестиция көлемі 500 млн долларға таяп қалды. Бірлескен кәсіпорындар арасындағы үздігі – «Зарафшон» тәжік-қытай алтын өндіру кәсіпорыны. Сарапшылар экономикалық экспансия Қытайдың тәжік жеріндегі саяси ықпалын да күшейтеді деп есептейді. Екі ел тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізуге мүдделі» деп жазады М.Лаумулин.
Дәл қазір Тәжікстандағы қымбат металл шығатын кен орындарының 80 пайызын қытай-тәжік бірлескен компаниялары өндіріп жатыр екен. Елде екі елдің бірлескен 300 кәсіпорыны тіркелген. Осы күнге дейін Қытай Тәжікстанға 20 жыл және одан да көп мерзімге жеңілдетілген шарттармен «арзан» несиелер ұсынып келеді.
Өзге елдер
Сөз басын бекерге қырғыздардан бастамадық. Америкалық Center for Global Development аналитикалық орталығы Моңғолия, Джибути, Лаос, Мальдив, Пәкістан, Черногория, Қырғызстан және Тәжікстан елдерін Қытайдың экономикалық экспансиясынан қатты зиян шегуі мүмкін мемлекеттер деп атайды.
Қарызды өз меншігіндегі нысан арқылы айырбас жасап азайту мысалы көп-ақ. 2017 жылдың соңында 8 млрд доллардан астам несиесін дер уақытында төлей алмаған Шри-Ланка өздері үшін аса маңызды «Хамбантота» портын Қытай меншігіне берді. «Хамбантота» басқарушы компаниясының бақылау пакеті ұсынылып, порт 99 жылға жалға алынған. Алайда ерекше маңызды портты сыйлай салудың өзі бар болғаны қарыздың 1,1 млрд долларын ғана жауыпты. Inozpress.kg басылымының жазуынша, сыртқы қарыздан құтылу үшін жыл сайын 300 млн доллар төлеуге тура келеді екен. Оның басым бөлігі Қытайға қайтарылуы тиіс қаражат.
Қытай ақшасы жер бетіндегі барлық құрлықты кезіп жүр. Олар Африка, Еуропа және Азияның 68 еліндегі түрлі жобаға 8 трлн доллар бөлген. Вануату аралдық мемлекеті қарызды өтей алмаған соң Оңтүстік-Тынық мұхиты аймағында әскери база тұрғызған. Қытай тарапы Эспириту-Санто аралындағы порт құрылысы үшін 270 млн доллар бөлген. Бұл сол елдің жалпы сыртқы қарызының тең жартысын құрайды. 16 млрд доллар қарыз болған Пәкістан да 2015 жылы «Гвадар» порты арқылы есептесті. Ұзақ мерзімді келісім бойынша порттан түскен табыстың 91 пайызын Қытай алады.
Қазақстан да Қытайға қарыз елдер санатына кіреді. Бірақ Center for Global Development нысанасына іліккен 8 елдің қатарында емеспіз. Елдегі жемқорлық тыйылмаса, экономика тап қазіргідей не өспей, не қоймай тұра берер болса, Шри-Ланка мен Қырғызстанның маңына жедел-ақ жетіп баруымыз кәдік. Әлихан Смайылов Қаржы министрі болып тұрған кезде Қытай алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ деп сендірген.
«Мемлекеттік қарыз емес, тек кепілдендірілген қарыз бар. Оның көлемі – 1,2 млрд доллар. Бұл қаражат Қытай Эксимбанкінен және Қытай мемлекеттік даму банкінен автожолдар жобасын жүзеге асыру үшін алынған» деген еді. Ә.Смайыловтың айтуынша, кепілдендірілген несиенің ерекшелігі – ол ұлттық компаниялардың қарызы болған соң, үкіметтік қарыз болып есептелмейді. Бірақ мемлекеттің кепіл болуымен алынады.
АҚШ-тағы The National Bureau of Economic Research аналитикалық орталығының дерегі бойынша, Орталық Азиядағы бес елдің Қытайға қарызы ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) деңгейінде былай көрініс табады: Қытай қарызы Қырғызстан ІЖӨ-сінің – 30,5, Тәжікстан ІЖӨ-сінің – 16,1, Түрікменстан ІЖӨ-сінің – 13,4, Өзбекстан ІЖӨ-сінің – 7,5, Қазақстан ІЖӨ-сінің 3,6 пайызына жеткен.
Көп мысал мен зерттеушілер пікірінен қорытқанымыз – Қытай несиені қаржылық табысқа кенелу үшін ұсынбайды, олар осы арқылы шикізат пен геосаяси ықпалға қол жеткізуді қалайды. Қытай керек болмағанымен, ақша керек. Әлем елдері мұндай ықпалға қарсы қам қыла алар ма екен?..